Кеше Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен төменгі Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар бірқатар ратификациялық заң жобасын мақұлдады.
Атап айтқанда, отырыста «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Қарулы Күштерінің бірлескен байланыс жүйесі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады. Аталған құжат жөнінде Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаев баяндама жасады.
Келісімге сәйкес тараптар Келісімге қатысушы мемлекеттердің Қарулы Күштері арасындағы өзара іс-қимылды дамыту мақсатында ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Қарулы Күштерінің бірлескен (біріккен) байланыс жүйесін құрады.
Бірлескен байланыс жүйесінің ұйымдық-техникалық құрылымын қалыптастыру, оны құру және жұмыс істеу қағидаттары ТМД үкіметтері басшыларының кеңесі бекітетін Ережеде айқындалады.
Вице-министрдің айтуынша, келісім Қарулы Күштердің бірлескен байланыс жүйесін құруды көздейді. Құжатқа 2020 жылғы 29 мамырда қол қойылған.
«Бірыңғай техникалық тәсілдер және қазіргі заманғы әскери техникамен, байланыс жабдығымен басым түрде жарақтандыру негізінде құрылып жатқан байланыстың бірлескен жүйесі мемлекеттер Қарулы Күштерінің жауынгерлік дайындығын арттырады», деді Тимур Дәндібаев.
Сонымен қатар «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Қарулы Күштерінің бірлескен гуманитарлық минасыздандыру инженерлік бөлімшесі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.
Келісім Достастыққа қатысушы мемлекеттер Қарулы Күштерінің бірлескен гуманитарлық минасыздандыру инженерлік бөлімшесін қалыптастыру, қолдану және оның қызметін аяқтау тәртібін, оның қабылдаушы/транзиттік тараптың аумағындағы мәртебесін, сондай-ақ әскери қызметшілердің гуманитарлық минасыздандыруды жүргізу кезеңіндегі мәртебесін айқындайды.
Келісімде ТМД-ға қатысушы мемлекеттер болып табылмайтын мемлекеттердің аумақтарында гуманитарлық минасыздандыру міндеттерін орындауға Бірлескен бөлімшені тарту мүмкіндігі көзделген.
Қазақстан Республикасы мұндай бағыт БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мандатына сәйкес қана мүмкін болады деп есептейді. Осыған байланысты, Келісімге ескертпемен қол қойылды.
«Бірлескен бөлімшенің негізгі міндеттері – мина алаңдарына және жарылу қаупі бар заттардың болуына техникалық барлау жасау, сондай-ақ оларды минасыздандыру», деді Қорғаныс министрінің орынбасары.
Оның айтуынша, гуманитарлық минасыздандыру операцияларына қатысу үшін ұлттық инженерлік бөлімшені жіберу туралы шешімді жіберуші тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес қабылдайды.
Жалпы отырыста Палата комитеттері бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа алды. Атап айтқанда, «Сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға түзетулер енгізу, «Сот жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бар. Сондай-ақ «Қазақстан мен Америка Құрама Штаттарының үкіметтері арасындағы халықаралық салық тәртібін жетілдіру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да қаралады.
Жалпы отырыста жетінші шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің өкілеттіктерін іске асырудың екінші сессияға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді.
Елімізде биыл орын алған қуаңшылыққа байланысты депутаттар су мәселесін депутаттық сауалдар арқылы бірнеше рет көтерді. Осыған сәйкес, халықты ауыз сумен қамтамасыз ету және су тұтынуды тиімді реттеу бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында су саласын дамытуға қатысты парламенттік тыңдау өткізу жоспарланған. Сонымен қатар депутаттар парламенттік қызметтің өзекті мәселелері бойынша «Үкімет сағаттарын», комитеттердің бес көшпелі отырысын өткізуді көздеп отыр.
Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауал жолдады. Депутат Сәлімжан Нақпаев ауылдық жерлерде медициналық мамандардың жетіспейтінін айтып, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына сауал жолдады.
«Соңғы кезде министрлік, облыс әкімдіктері тарапынан ауылдық елді мекендерге медицина мамандарын тарту үшін бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Мамандарды ауылдарға жұмысқа жіберетін «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы жұмыс істейді. Жергілікті әкімдіктерден көтерме жәрдемақы беріледі. Соған қарамастан облыстарда, соның ішінде шалғай аудандарда кейбір дәрігер мамандар әлі де жетіспейді. Мысалы, кез келген медициналық операцияларда өте қажетті анестезиолог-реаниматолог, сол сияқты инфекционист, травматолог, пульманолог, эндокринолог сияқты мамандар көптеген ауданда жетіспейді. COVID-19 сияқты ауыр науқастан жазылған адамдарға реабилитолог қажет. Ол жоқтың қасы. Оларды айтпағанда, акушер-гинеколог, хирург, фтизиатор сияқты мамандар да шалғай аудандарда жетпей жатыр», деді С.Нақпаев.
Депутаттың айтуынша, алыс аудандарда осындай кадр жетіспеуіне байланысты өздеріне келіп түскен науқастарды санитарлық авиация шақыртып, облыс орталықтарына жіберуді жиілеткен. Бұның бәріне бюджеттен қаражат керек. Бұл – бүкіл облысқа тән проблема.
Бауыржан Сартбаев жаңа мектептердің құрылысын бақылау құзыретін Білім және ғылым министрлігіне беруді сұрады. Ералы Тоғжановтың атына жолдаған сауалында депутат жаңа мемлекеттік жалпы білім беретін мектептердің тиісті құрал-жабдықтарсыз, атап айтқанда, химия, физика, биология, география және үйірме кабинеттерінсіз пайдалануға берілуі қаншалықты қисынды екенін сұрады.
«Біріншіден, оқушылардың орын тапшылығы деңгейінің нақты қажеттіліктеріне сәйкес мектептерді жобалау, құрылысын болжау және жаңартуды сараптамалық сапалы деңгейде жоспарлау қажет.
Екіншіден, ауылдық жерлердегі модульдік мектептердің типтік жобаларын дайындау бойынша түсініктеме беру керек. Үшіншіден, мемлекет қаражаты есебінен мектептердің құрылысы кезінде қолайлы білім беру ортасын құруды ескеру қажет. Мектеп басшылары ғимарат салу кезінде 2 спорт залды қарастыруды сұрайды. Ол үшін нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу, білім беру ұйымдарын пәндік кабинеттер және қосымша білім алуға арналған құрал-жабдықтармен әрі жиһаздармен толық жабдықталуды қамтамасыз етуді қарастыру қажет.
Төртіншіден, оқушылардың орын тапшылығын шешуге бағытталған заманауи білім беру ортасын құру және сапалы білім алуына тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесі Білім және ғылым министрлігінің қарауында екендігін ескеріп, жаңа мектептердің құрылысын бақылау құзыретін де осы орталық мемлекеттік органға беру керек», деді депутат.
Дариға Назарбаева Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында жер қойнауын пайдалану саласындағы проблемаларды көтерді. Оның айтуынша, соңғы жылдары жер қойнауын пайдалану саласында көптеген проблема шешімін таппай келеді. Басты мәселелердің бірі – қабылданатын шешімдерде ашықтық пен жоғары сапалы геологиялық ақпараттың болмауы.
«Сізден саланың дамуына ғана емес, жалпы ел экономикасына үлкен залал келтіретін басқа да бірқатар проблемаға назар аударуыңызды сұраймын», деді депутат.
Сондай-ақ Андрей Линник, Қайнар Абасов, Дания Еспаева, Ирина Смирнова, Ерлан Саиров, Айқын Қоңыров, Серік Ерубаев, Ғазиз Құлахметов, Аветик Амирханян депутаттық сауалдарын жариялады.