• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Үкімет 23 Қыркүйек, 2021

Рухани қазынамыз толыға түсті

137 рет
көрсетілді

Елордада өткен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның кеңейтілген отырысында қазақ тіліне аударылған 100 жаңа оқулық таныстырылды.

Отырысқа Мемлекеттік хатшы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Қырымбек Көшербаев, ұлттық комиссия құрамындағы Үкімет мүшелері мен Президент Әкімшілігінің басшылары, ұлттық жоғары оқу орындарының жетекшілері, ғалымдар мен аудармашылар қатысты. Еліміздегі барлық ЖОО ректораты мен оқытушылар құрамы онлайн форматта қосылды.

Отырыста Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының директоры Рауан Кенжеханұлы, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гүлмира Қанай және ғалым-аудармашы Молдияр Ергебек, Ұлыбританиядағы Кембридж университеті баспасының білім реформасына жауапты директоры Джейн Манн сөз сөйледі.

Қырымбек Көшербаев өз сөзінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өмірге келген «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қоғам үшін аса маңызды, кешенді бастама екенін айтты. Бағдарлама аясында бірнеше ауқымды жоба іске асты. Олар еліміздегі ғылым мен білімді, қоғамдық сананы жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізуде. Осы мақсатта Қазақстанның зияткерлік тарихында бұрын-соңды болмаған көлемді де күрделі ғылыми аударма жобасы жасалды.

2017 жылдың сәуірінде Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақа­ласы жарияланды. Осы мақала негізінде «Рухани жаңғыру» кешенді бағдарламасы қабылданды, оны үйлестіретін арнайы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Бағдарлама аясындағы ауқымды жобалар төл мәдениетімізді, ұлттық ділді, қоғамдық сананы жаңа уақыт талабына бейімдеп, жаңғыртудың алтын өзегіне айналды. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева баяндады.

«Қазіргі уақытта «Рухани жаңғыру» бағдарламасының алты бағыты бойынша 16 арнайы жоба іске асырылуда. Өңірлік жобалық кеңселердің де жұмысы жүйеленді, жобаларға талдау және әдістемелік қолдау жасайтын «Қазақстандық қоғамдық даму» институты құрылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес 2021 жылдан бас­тап «Рухани жаңғыру» бағдарламасы «Қоғамдық сананы ұлттық жаңғырту кезеңіне өткізуге арналған жол картасы» форматына көшіп, Үкіметтің қаулысымен ұлттық жоба ретінде дайындалды. Ұлттық жоба аясында жоспарланған іс-шаралар құндылық бағыты бойынша және жас ерекшеліктеріне сәйкес топтастырылды», деді министр.

Аида Балаева бағдарлама аясында іске асқан арнайы жобалардың нәтижелеріне тоқталып өтті. Ведомство басшысының айтуынша, «Туған жер» жобасы негізінде демеушілік қаражат есебінен 7 мыңға тарта әлеуметтік нысан салынды. Осы бағытта өңірлік инфрақұрылымдық объектілерді дамытуға жалпы құны 280 млрд теңге құрайтын демеушілік жасалды. Жобаға 13 мыңнан аса меценат қатысты. Нәтижесінде, елдегі қайырымдылық және меценаттық мәдениет жаңа серпін алды. «Қасиетті Қазақстан» жобасы аясында жалпыұлттық маңызы бар танымал орындар мен нысандар тізімі кеңейтілді. Жалпыұлттық маңызға ие 206 нысан, өңірлік маңызға жататын 575 нысан анықталып, еліміздің киелі жерлерінің картасы мен екі томдық энциклопедиясы шықты. Республиканың түкпір-түкпірінде 28 тарихи нысан қайта жаңғыртудан өткізіліп, «Бозоқ», «Ботай» және жаңартылған «Сарайшық» қорық-музейлері ашылды.

Жиын барысында «100 жаңа оқулық» жобасының маңызы, гуманитарлық ғылым салаларын дамытудағы рөлі, аударма жұмысын жүзеге асыру әдістемесі мен тәжірибесі, оқулықтардың мазмұны мен аударма сапасы, қазақстандық аударма мектебін дамыту мәселелері кеңінен тал­қыланды. «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының директоры Рауан Кен­жеханұлы 4 жылда аударылған оқу­лықтар философия, әлеуметтану, психология, дипломатия, дінтану, лингвистика, семиотика, педагогика, интернет психология­сы, мәдениеттану, антропология, журналис­тика, экономика, менеджмент, маркетинг, кәсіпкерлік, халықаралық құқық, зияткерлік құқық, кинотану, театртану, шығыс философиясы, көшбасшылық, медиа, этнография секілді бағыттарды қамтығанын атап өтті. Аударылатын кітаптарды таңдау үшін еліміздің барлық оқу орнынан ұсыныс жиналды. Жинақталған тізім негізінде бірнеше рет басылған, соңғы басылымы кейінгі 3 жылда шыққан, мазмұндық тұрғыдан бейтарап деген талаптарға сәйкес ғылыми әдебиет, академиялық бестселлер еңбектер таңдалды. Аударылған оқулықтар гуманитарлық білім саласы мазмұнының түбегейлі жаңаруына жол ашты.

Отырысқа қатысушылардың баяндамаларын мұқият тыңдаған Қырымбек Көшербаев Ұлттық комиссия атынан бірқатар тапсырма берді.