• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Қыркүйек, 2021

Көпшілік көңіліне күмән ұялатпасақ...

501 рет
көрсетілді

Соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде дін қызметкерлеріне қатысты негізсіз айыптаулар мен орынсыз сын жазбалар жиі жарияланып, мұсылман қауымы арасында түсінбеушілік тудырып отыр. Ең өкініштісі, осы бағытта жазылған мақалалар мен жазбаларға пікір қалдырған әлеуметтік желі қолданушылары қоғамда ислам, мешіт туралы жағымсыз пікір қалыптастырып жатқанына мән бермеуде.

«Адам – білмегеннің жауы» дегендей, ислам діні туралы толық көзқарасы қалыптаспаған, мешіт жұмысынан хабарсыз кейбір аға-інілеріміз бен әпке-қарын­дас­та­рымыз қасиетті дініміз жайлы жа­ғым­сыз пікірін ашық айтып, өз­ге­лердің көкейіне күмән ұя­ла­ту­да.

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері мен әлеуметтік же­лі қолданушылары ислам туралы, сонымен қатар еліміздегі күллі исі мұ­сыл­ман қауымның қа­ра­ша­ңырағы – Қазақстан мұсыл­ман­дары діни басқармасы жайлы теріс ақпарат тарату арқылы өз ары мен намысын, діни сенімі мен асыл дінін қорлап жатқанын түсінсе екен дейміз.

Осы ретте, 2006 жылы елімізде өткізілген Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті съезінде бұқаралық ақпарат құ­рал­дары өкілдеріне қарата айтыл­ған Елбасының мына сөзі еріксіз еске түседі: «Бұқаралық ақпарат құралдары басқа діндегілердің қа­сиетті сезімдерін қорлауды ұшын­дыра түссе, онда бұл жур­на­лис­тер­дің ерте ме, кеш пе өз на­ным­да­рының қорлануымен бетпе-бет келетіні айқын. Біреу үшін қасиетті нәрсе басқа біреу үшін әзіл немесе келемеж тақырыбы болмауы керек. Бұл қарапайым қағиданы, өкінішке қарай, журналистер мен саясатшылар жиі бұзады».

Шариғатымыз әр мұсылманнан дұрыс сөйлеуді немесе үндемеуді талап етеді. Соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Алла тағалаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін», деп ескерткен.

Жүсіп Хас Қажыб Баласағұни бабамыз бір өлеңінде:

«Қадірлісі – тіліне

ұят сіңгендер,

Жүрек сөзін

жүрегімен білгендер.

Тура сөзге келгенде

тіл тартпағын,

Қыңыр сөзді жасыр,

текке лақпағын»,

 деп жырлайды.

Қазір ақпараттың заманы. Біз күніне қаншама ақпарат аламыз. Алайда сол ақпараттарды ой сүз­гісінен өткізе бермейміз. Тіпті көр­меген немесе дәлелденбеген ақпаратты біреуге жібере саламыз. Бұл ісімізге қатысты Құранның айтар үкімі бар: «Әй, мүміндер! Пасық біреу хабар әкелсе, оны анықтаңдар. Әйтпесе, білмей бір елге кесірлерің тиіп, істегендеріңе өкінесіңдер» («Хужурат» сүресі, 6-аят).

Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде орын алып жатқан тағы бір жағымсыз жайттың бірі – күмәнді нәрсені шын етіп көрсетіп, оқырманның ойын одан сайын күдікке итермелеу. Ислам діні жала жабылған адам туралы жаман ой ойлаудан сақтануға шақырады. Өзгенің сыртынан ешбір дәлелсіз айтылған сөздер арқылы әлдебіреу хақында жаман ой ойлауға, күмәндануға, оны жек көруге болмайды. Құранда Айша анамызға  жабылған жаладан кейінгі түскен аятта: «Егер оны естіген сәтте: «Бұны біздің ай­туы­мыз­ға болмайды. Алла сақ­та­сын. Бұл бір ірі жала», деген бол­саң­дар еді» («Нұр» сүресі, 12-аят),  делінеді.

Ізгі ғұламаның бірі: «Егер қандай да бір мұсылманның жаман ісі туралы хабар естісең, оған жетпіс түрлі ақтау ізде. Егер жетпіс түрлі ақтауды қабылдай алмасаң, «Әй, менің жүрегім! Не деген қатты жүрек едің?», деп өзіңнің жүрегіңді айыпта», деген екен. Жаратушы жаббар иеміз Құранда күллі адамзат баласын жаман ойдан сақтандырып, былай деген: «Әй, мүміндер! Кү­мән­ның көбінен сақтаныңдар. Өйт­кені күмәнның кейбірі – күнә. Сыр тексермеңдер, біреуді біреу ғай­баттамасын. Біреулерің өлген туысының етін жеуді жақсы көре ме? Әрине, оны жек көресіңдер. Расында, Алла тәубені тым қабыл етуші, ерекше мейірімді».

Ақпарат құралдарында жа­зыл­­ған мақалалардың маз­мұ­нына қа­расақ, кей автор қазіргі имам­дардың біліміне күмән келті­ре­ді. Аллаға шүкір, дін қыз­мет­кер­­лерінің білімі мен тәжірибесі жыл­­дан-жылға шыңдалып келеді. Имам­дарымыз Мысыр, Түркия елде­рінде білімін жетілдіріп, тәжі­ри­бе жинақтауда. Олардың қа­та­рында мен де бармын. Рас, діни салаға әлі де жоғары білімді ға­лымдар мен тәжірибелі дін қыз­мет­керлері қажет. Бұл мәселе Қазақстан мұсылмандары діни бас­қармасының стратегиялық жос­па­рына сәйкес кезең-кезеңмен өз шешімін тауып келеді.

 

Бақдәулет қажы НҰРМАТҰЛЫ,

Шымкент қаласының бас имамы