Әдебиет әлеміне ХХ ғасырдың 60-жылдарының орта шенінде келген Қалдыбек Сейданов, өзінің бүкіл саналы ғұмырын Орта Азия халықтарының, оның ішінде түбі бірге туысқан өзбек пен қазақ халықтарының достығын, ынтымақ-бірлігін, әдеби-мәдени байланыстарын зерттеуге бағыштаған, шын мәніндегі достықтың бірден-бір жаршысы бола білді.
Ол 1964 жылы Ташкенттегі Низами атындағы мемлекеттік педагогикалық институтының (қазір ТМПУ) тарих-филология факультетінің қазақ бөлімін бітірген соң, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясына қарасты А.С.Пушкин (бүгінгі таңдағы Әлішер Науаи) атындағы Тіл және әдебиет институтының Әдебиеттер байланысы бөліміне аға лаборант болып жұмысқа орналасады да, қазақ-өзбек әдебиеттану ғылымына тереңірек үңіле түсіп, олардың өзіндік ерекшеліктерін ғылыми тұрғыдан зерттеуге кіріседі.
Аталған институтта кіші ғылыми қызметкер міндетін атқара жүріп, «Өзбек-қазақ халықтары достығының екі ел көркем әдебиетінде бейнеленуі» деген тақырыпта Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының академигі, Беруни атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі әдебиетші ғалым Юсуф Сұлтанов жетекшілігінде Алматыдағы Тіл білімі институты мен Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бірлескен ғылыми кеңесінде кандидаттық диссертациясын сәтті қорғайды.
1964 жылдан А.С.Пушкин атындағы Тіл және әдебиет институтында алғаш аға лаборанттан бастап, аға ғылыми қызметкер дәрежесіне дейін көтеріліп, 18 жыл қызмет атқарған Қалдыбек Сейданов белгілі өзбек ғалымдары академик Иззат Сұлтанов, академик Юсуф Сұлтанов, филология ғылымдарының докторлары, профессорлар Хамил Яқубов, Матяқуб Қосжанов, Хафиз Абдусаматов, Салақидин Мамажанов, Төра Мырзаев, Бақтияр Назаров, жазушы әрі ақын Жамал Камол, зерттеушілер Фазила Сүлейменова, Зухра Умарбекова, Шерәлі Тұрдиев, Кәримбай Құрамбаев секілді т.б. әдебиетшілермен бірге қызметтес бола жүріп, қазақ-өзбек әдеби-мәдени байланыстарын жүйелі зерттеу жұмысын тереңдете түседі.
Екі ел әдебиеті зерттеушілерінің шығармаларымен жан-жақты танысқан ғалым Ташкенттегі Низами атындағы мемлекеттік педагогикалық институтындағы «Қазақ филологиясы» кафедрасының меңгерушісі болып жеті жыл, доценті болып бес жыл қызмет атқарды. Нәтижесінде, ол қазақ студенттеріне «Әдебиеттану ғылымына кіріспе», «Әдебиет тарихы», «Әдебиет теориясы», «Әдебиет сыны», «Арнаулы курс» сияқты т.б. пәндерден лекциялар оқып, тәлім-тәрбие жұмыстарымен кең шұғылданды.
Ғылыми зерттеу жұмыстары мен педагогикалық қызметті бірдей, жүйелі түрде жүргізе білген қарымды ғалым күні бүгінге дейін үлкенді-кішілі 23 ғылыми зерттеу еңбегін қазақ және өзбек тілдерінде жазып, мақалаларын Өзбекстан мен Қазақстан баспасөздерінде жариялады. Бұл орайда оның «Адабий қардошлик», «Мухтар Авезов ва қардош халқлар адабиети», «Адабий хамкорлик», «Достық әуендері», «Дустлик куйлари», «Некоторые вопросы казахской филологии», «Ўзбек-қозоқ ўзора адабий алақолари тарихидан», «Хамза ва қордаш халқлар адабиёти», «Қазақ әдебиеті сынының даму тарихы», «Әуезов әлемі», «Чингиз Айтматов ва ўзбек адабиёти», «Әуезов және Орта Азия әдебиеті», «Дустлик куйчиси», «Науаи және қазақ әдебиеті» сияқты т.б. ғылыми зерттеу еңбектерін ерекше атауға болады.
Оның үстіне ол белгілі әдебиет зерттеушісі ретінде Өзбекстандағы 376 қазақ мектебінің 5, 7, 9, 10, 11-сыныптары үшін «Қазақ әдебиеті» атты бес оқулық жазып, олар төрт рет басылды. Әрі 5-11-сыныптар үшін «Қазақ әдебиеті» атты бағдарламаны да өзі жазған болса, жоғары оқу орындары филология бөлімдеріне арнап «Арнаулы курс», «Арнаулы семинар» сабақтары үшін «Мұхтар Әуезов және туысқан халықтар әдебиеті» (өзбек тілінде) «Шыңғыс Айтматов және өзбек әдебиеті» (өзбек тілінде) «Әуезов және Орта Азия әдебиеті», «Қазақ әдебиетінің тарихы» атты көмекші оқу құралын бастырып шығарды. Дәл бүгінге дейін 10 томдық «Таңдамалы шығармалар» жинағын да оқырман жұртшылыққа ұсынып, өзінің кең тынысты ғалым, қарымды қаламгер екендігін көрсетті.
Қалдыбек Сейданов қазақ-өзбек әдеби-мәдени байланыстарын ғана зерттеп қоймай, сонымен бірге, жалпы Орта Азия әдебиеті ірі өкілдерінің достық қарым-қатынастарын, шығармашылық байланыстарын да зерттеген ғалым. Бұл ретте оның «Шалқар шабытты сопы ақын» (Қожа Ахмет Ясауи туралы), «Абай және Шығыс әдебиеті», «Науаи және туысқан халықтар әдебиеті», «Хамза және туысқан халықтар әдебиеті», «Түрікмен дүлдүлі – Мақтымқұлы», «Арынды ақын» (Әжінияз), «Қарақалпақ кемеңгері» (Бердақ), «Жыр алыбы» (Жамбыл Жабаев), «Ғұлама ғалым, кемеңгер ақын» (Ахмет Байтұрсынов), «Ақиық ақын» (Мағжан Жұмабаев), «Қарасөздің шын шебері» (Ғабит Мүсірепов), «Аса дарынды суреткер» (Абдулла Қадири), «Заманымыздың заңғар жазушысы» (Шыңғыс Айтматов), «Дарынды біздің досымыз» (Саид Ахмад), «Достық жыршысы» (Назармат), «Екі енені тел емген» (Нәсір Фазылов), «Арынды ақын, қарымды қайраткер» (Олжас Сүлейменов) сияқты т.б. еңбектері ерекше айтуға тұрарлық.
Жалпы, әлем әдебиетінің ірі тұлғалары туралы «Кемеңгер ақын – Фирдауси», «Сағдидың ақындығы», «Рудакидің ақындық әлемі», «Жыр дүлдүлі – Әбдірахман Жәми», «Науаи және қазақ әдебиеті», «Науаи және Абай», «Ұлы тұлға – Бабыр», «Әмір Темір ұлағаттары», «Поэзия падишасы – Пушкин», «Украин халқының мақтанышы» (Т.Г.Шевченко), «Айбек – қазақ әдебиетінің досы», «Ғафур Ғұлам және қазақ әдебиеті», Ұйғын, Миртемир, Тоқтағұл Сатылғанов, Хамит Ғұлям, Тілеуберген Жұмамұратов, Мұса Жәлил, Абдулла Тоқай сияқты т.б. түбі бірге туысқан халық ақын-жазушылары жайлы жазған мақалаларын атап өту ләзім.
Әдебиет зерттеушісі ретінде Қалдыбек Сейданов қазақ-өзбек халықтарының достығы, әдеби-мәдени байланыстары жайлы «Өзбекстан» баспасында «Туысқандар» атты монографиясын жариялаған болса, ұлы Абайдың 175 жылдығына орай «Абай және Орта Азия», Әлішер Науаидың 580 жылдығына орай «Науаи және қазақ әдебиеті» монографияларын оқырманға ұсынды. Сондай-ақ биылғы жылы «Қардошлар» атты қазақ-өзбек халықтарының достығы мен әдеби-мәдени байланысына арналған монографиясының өзбек тілінде шығуы да ерен еңбектің жемісі деген болар едік.
Қалдыбек Сейданов белгілі әдебиет зерттеушісі, сыншы, ғалым ғана емес, ол қаламы қарымды жазушы да. Оның қаламынан дүниеге келген «Тоғысқан тағдырлар», «Сүймегенге, сүйкенбе!» атты бүгінгі күннің жастары өмірінен сыр шертетін романдарымен бірге «Тағдыр» атты повесін, «Махаббат машақаты», «Ана арманы», «Жылы-жылы сөйлесең», «Ақ қыз», «Керемет келін», «Ерте үзілген гүл», «Өмірде не болмайды», «Жалқау бала» «Күй құдіреті», «Келін» сияқты т.б. 20-дан астам әңгімесін де оқырман ыстық ықыласпен қабылдады.
Қалдыбек Сейданов өзін «ақынмын» деп есептемесе де, арагідік тәлім-тәрбиелік мәнге ие өлеңдер де жазады. Бұл орайда оның «Армысың ақ таңым», «Өзбек бауырларыма», «Тасыма», «Кей адам», «Достарда да, достар бар», «Өзбекстан – өз елім», «Тәуелсіздік таңында», «Ашық айтпай бола ма?», «Адам болу – арманым», «Әкімдер-ай, әкімдер-ай, қандайсың?», «Жақсылар жүр жаныңда» сияқты т.б. өмірлік мәнге ие поэтикалық көркем туындыларын тілге аламыз. Нәтижесінде, оның «Сезім сырлары», «Өмір өрнектері» атты жыр жинақтарын оқырман қауым ерекше сүйіспеншілікпен қуана қарсы алды. Олар да өмірдің өзі алға тартқан көкейкесті, аса ділгір мәселелерін өз ерекшеліктерімен сәтті сипаттай алғандығымен де құнды.
Қалдыбек Сейданов белгілі аудармашы ретінде де, қазақ тілінен өзбек тіліне, ал өзбек тілінен қазақ тіліне екі ел әдебиетінің ірі саңлақтарының шығармаларын аударып, қыруар қызмет атқарып жүр. Мәселен, өзбек қаламгерлері Айбектің «Гүлнар әпке», Әділ Яқубовтың «Жоғалған жұлдызым», Өткір Хашимовтің «Мен қалай жындандым», Тахир Мәліктің «Еркін», Еркін Мәліктің «Шайтанның шатақтары», Шарофат Ашурованың «Сауға» сияқты т.б. прозалық туындылары мен орыс қаламгері Виктор Алисмановтың «Әйел құдіреті» атты ғибратнамалық шығармасын қазақшаға аударды.
1971 жылы Өзбекстанда өткен қазақ әдебиеті мен мәдениетінің күндеріне орай, Әбділдә Тәжібаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Мұхтар Шаханов, Қайрат Жұмағалиевтың бір топ өлеңдері мен Тәкен Әлімқұловтың әңгімелерін, сондай-ақ «Қазақ хикметтері» мен «Қазақ мақал-мәтелдерін» өзбек тіліне аударды.
Қалдыбек Сейданов Өзбекстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі мен Өзбекстан Республикасы Уәзірлер мекемесінің «Нұрлы жол» газетінің бас редакторы қызметінде публицистикалық мақалалар жазып, өзбек-қазақ халықтарының достығына, ынтымақ-бірлігіне сүбелі үлесін қосып, өзінің талантты журналистік қабілетін де жан-жақты таныту мүмкіндігіне ие болды.
Ол Өзбекстан Жазушылар Одағы жанындағы Қазақ әдебиеті кеңесінің төрағасы ретінде де Өзбекстан Республикасының түрлі уәлаяттарында шығармашылықпен шұғылданатын қазақ ақын-жазушыларының басын қосып, жыл сайын бірнеше рет мүшәйра мен ақындар айтысын өткізуде де қыруар қызметтер атқарды.
Күні бүгінге дейін қазақ-өзбек халықтарының достығы мен әдеби-мәдени байланыстарын жүйелі зерттеп, екі ел әдебиеттану ғылымының даму тарихына сүбелі үлес қосып келе жатқан Қалдыбек Сейданов «Өзбекстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» атағына ие болып, «Шухрат» медалімен, сондай-ақ Өзбекстан мен Қазақстан республикалары Тәуелсіздігінің 10 және 20 жылдығына байланысты екі елдің тәуелсіздігіне арналған мерейтойлық төсбелгілермен марапатталды.
1999 жылы Орта Азия мен Қазақстан әдебиет, мәдениет және өнер қайраткерлерінің Астанада өткен Құрылтайына да қатысып, онда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолынан «Астана» медалін алды. Ал өткен жылы Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёев қаламгердің өңіріне «Достық» орденін тақты.
Әрине, бұл алпыс жылға жуық уақыт бойы Орта Азия халықтарының, оның ішінде қазақ-өзбек халықтарының достығын, ынтымақ-бірлігін жырлап, үнемі әдеби-мәдени байланыстарын зерттеген ғалымның, ерен ойлы қаламгердің игі істерінің нәтижесі. Қорыта айтқанда, бар өмірін халықтардың достығы мен ынтымақ-бірлігін, Орталық Азия әдеби-мәдени байланыстарын, өзінің зерттеу нысанына айналдырған ардақты аға, ұлағатты ұстазымыз «Шын мәніндегі шынайы достық – алтыннан да қымбат, асқар таудан да биік, теңізден де терең» дейді.
Серікбай ҮСЕНОВ,
Өзбекстан Республикасы
Қазақ ұлттық-мәдени орталығының төрағасы,
Ергеш АБДУВАЛИТОВ,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор
Ташкент