Дөңгелек дүниені дүрліктірген індеттің шартарапты шарлап жүргеніне бір жарым жылдан асты. Елдің көбісі елең-алаң күй кешіп жүргені белгілі. Еті үйреніп еркінсіп кеткендер де баршылық. Ертеңін ойлап екпе алғандар да аз емес. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сүйенсек, 2021 жылғы 23 қыркүйектегі мәлімет бойынша Қазақстанда бірінші компонентпен 7 408 957 адам, екінші компонентпен 6 289 238 адам вакцина салдырды.
Қазақстан өңірлеріндегі эпидемиялық ахуалды бағалау матрицасына назар салсақ, «қызыл аймақта» Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары және Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстары, «сары аймақта» Шымкент қаласы және Атырау, Алматы, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары, ал «жасыл аймақта» Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау облыстары тұр.
Бүгінде 66 215 адам коронавирус инфекциясынан емделуде, олардың ішінде 11 653 пациент стационарда, 54 562 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. Індетке шалдыққандардың арасында 962 адамның жағдайы ауыр, 239 пациенттің жағдайы өте ауыр, 131 науқас ӨЖЖ аппаратында жатыр.
Елімізде өткен тәулікте 3 905 адам коронавирус індетінен емделіп шықты. Аймақтар бойынша айтар болсақ, Нұр-Сұлтан қаласында – 200, Алматы қаласында – 848, Шымкент қаласында – 72, Ақмола облысында – 201, Ақтөбе облысында – 137, Алматы облысында – 578, Атырау облысында – 265, Шығыс Қазақстан облысында – 193, Жамбыл облысында – 82, Батыс Қазақстан облысында – 136, Қарағанды облысында – 399, Қостанай облысыда – 142, Қызылорда облысында – 59, Маңғыстау облысында – 98, Павлодар облысында – 312, Солтүстік Қазақстан облысында – 163, Түркістан облысында 20 адам коронавирус инфекциясынан айықты. Қазақстан бойынша жалпы індеттен жазылғандар саны – 801 673 адам.
Халықтың жаппай вакцина салдыруы – берекемізді әбден қашырып, амандығымызға зор қаупін төндіріп тұрған індеттен біржола құтылудың бірден-бір амалы. Ал коронавирустың мутацияға ұшырып қайта күшейген шағында көпшіліктің көкейінде «Еліміздегі қолжетімді вакциналар коронавирустың жаңа штамдарына қаншалықты төтеп бере алады?» деген сұрақтың туындағаны анық. Бұл ретте Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары зерттеулер жүргізіп, отандық QazVac вакцинасы «Дельта» штамынан тиімді қорғайтынын хабарлады.
Ғалымдар бейтараптандыру реакциясына тест өткізді. Нәтижесінде, вирусты бейтараптандыратын антиденелер клиникалық зерттеулерге қатысқан еріктілердің 90%-нан астамында анықталды. Сондай-ақ зертханалық жануарларға тәжірибелер жүргізілді. QazVac вакцинасынан кейін аламандарда пайда болған антиденелер коронавирустың «үнді» штамын бейтараптандыруға қабілетті екені анықталды.
Осы орайда коронавирусқа қарсы QazVaс вакцинасын Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары әзірлегенін айта кеткен жөн.