Қазақстанда жалғызбасты зейнеткерлерге ғана емес, сондай-ақ жақын туыстарының көмегінсіз қалған, отбасы ішіндегі жанжалға байланысты қиын жағдайда жүрген қарт адамдарға да үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілетін болады, деп жазады Egemen.kz.
Тиісті өзгерістер «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар қызметінің қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2018 жылғы 29 тамыздағы № 379 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығында көзделген.
Аталған норманы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин, Парламент Мәжілісінің депутаттары, белгілі қоғам қайраткерлері, ҮЕҰ және ЖАО өкілдері ұсынды.
Сондай-ақ, барлық медициналық-әлеуметтік мекемеде міндетті түрде бейнебақылау камерасын орнатуды қарастыратын өзгерістер енгізілді. Камера ұйымға іргелес жатқан аумақтың алаңы бойынша, негізгі және қосалқы кіреберістердің жанында, сондай-ақ үй-жайлар мен ортақ пайдаланылатын кабинеттерде орнатылады. Жазбаларды МӘМ-дегі туыстары мен жақын адамдары көре алады. Бұдан басқа, құжатта қажет болған жағдайда медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын барлық адамға интернетті қолжетімді ету көрсетілген.
Айта кету керек, халықты әлеуметтік қорғау жүйесінде 23 мыңнан астам адамды қамтитын стационарлық үлгідегі 113 МӘМ жұмыс істейді.
Сонымен қатар, қажет болған жағдайда қар, күл шығару, көмірді қазандықтарға жеткізу және басқа да маусымдық жұмыстарды орындау мақсатында «трактор» позициясын қоса отырып, стационарлық үлгідегі МӘМ автокөлік құралдарының лимитін кеңейту көзделеді. Бұл көлік құралының болуы ауылдық елді мекендерде орналасқан МӘМ үшін қажет.
«Жоғарыда аталған салалық бұйрық жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық бірлестіктерден арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы НҚА-ға өзгерістер енгізу бойынша 150-ге жуық ұсыныс жиналып, талданғаннан кейін әзірленген», деп жазады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.