Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы.
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Ұстаз болу – адамның асылдығы
Ғафу Қайырбеков
Бар ғұмырын ұлт болашағы – жас ұрпақтың тәрбиесіне арнаған өнер әлемінің биік шыңынан көрінген жан Оспан аға нағыз дарынды ұстаз. Өмірінің маңызды шақтарына көңіл бөлсек ағамыздың туып өскен жері, тарихы таңға таусылмас мәйекті мекен, ұлттық рухтың ұясы – Еліне құт береке қонған, көлдері мен өзен, суларына құс қонған киелі де қасиетті өңір –тарихи хан жолы атанған Қараөткел, Жаңажол жері.
Бүгінгі таңда ширек ғасырдан астам еңбек өтілі бар, 50-ге тарта мемлекеттің сахна төрінде күй ойнаған, Ақмола өңірінде 40 жыл ұлт аспаптар ансамбілі мен оркестірін басқарған дирижер, суретші.
Республикалық және жергілікті газет, журналдарда үш жүзден астам мақалалары жарық көрген журналист, бірнеше кітаптың авторы, әдіскер, ардақты ұстаз Оспан Сүлейменұлы – бар саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнаған азамат. Шәкірттері үшін бар күшін аямаған Оспан аға Нұр-Сұлтан қаласындағы Балалар музыка мектебінде басшы болған сәтінде «Әлем және әуен» жинағы, «Музыка – шексіз әлем» атты орталық құрды. Қазіргі таңда «Музыка – шексіз әлем» қауымдастығы қазақтың өнерлі де талантты жастарын бес жылда 30 мемлекетте әр түрлі байқау-фестивальдарға қатыстырып, өз өнерлерін көрсетіп әлемге танытқан. Қай жерге табан тіресе де шәкірттері талай белестерді бағындырып, қазақ өнерінің қоржынын қомақты жүлделерге толтырып келеді.Ұлт мүддесі үшін қаншама қазақ баласын шет елдерде талай рет сахнаға шығарып, өнерді бағалаған тұлға. Алды Германиядан бастап, Эстонияға дейінгі елдердің халықтары қазақ жастарының өнерлеріне шынайы ризашылықпен қошемет көрсеткен. Осының бәрі ұстаздың нағыз тер төккен еңбегі десек артықтық етпес.
«Адамның адамшылығы – ұстаздан» деген сөздің түбінде үлкен мағына жатқаны баршамызға аян. Оспан аға Елордамыз Астана болғанда бойын қуаныш кернеп, бөркін аспанға атқан кісі. Қуаныштан жүрегіндегі шаттықтың шалқымасы көкейіне ән болып құйылды. Соның арқасында дүниеге жарық етіп жаңа ән келді. Ән «Ақмолам – Астанам» еді. Содан бұл ән үлкен сахналарда шырқалып, ел, халықтың алдында орындалды. Өлеңін де, әнін де өзі жазатын сазгердің бұл ерекше қыры тыңдаушының бойын баурап алды. «Қазағымның дәстүрі», «Ата қасиеті», «Жастарға тілек», «Ғашықтар сыры» атты әндердің авторы. Әнінен отанға, еліне, жеріне, туған халқына деген махаббаты жалындап, отаншылдық сезімнің исі аңқиды.
Жүрегін тебіренткен сезімдері оның көкейіне ән болып қана әуелемейді, күй болып та төгіледі. Оған мысал - «Наурыз самалы», «Ана бақыты», «Көктем шуағы» күйлері.
Көңілдің кейбір сәттерінде қағаз бен қаламын алып, жыр жолдарын жазуды қош көреді. Бойындағы барлық білімін, қабілетін шәкіртіне үйретуден ешқашан жалықпайтын шебер жан. Еселі еңбектің арқасында туындаған «Бақытқа жет, жас ұрпақ!» жинағы өзге (француз, неміс, қытай) тілдерге аударылып бірнеше мемлекеттердің мұражайларында ескерткіш ретінде тапсырылған.
Кеңес заманында тілі мұқалып, әні жұтаған, тіпті рухы жұқарған тарыдай қазақтың жігері жанып, рухани қазынаның қадірін білуге үндеген, халықтың ән-жырын насихаттап, суалаған бұлаққа су бүріккен. Оспан ағаның ерекше айтатын бір ерлігі бар. Әрине, оны өзі ешкімге ауыз ашып айтпай, кеудесін кермейді. Ақмоладағы алғашқы ұлттық қазақ музыка мектебінің іргесін қалаған азамат.
Балалар музыка мектебінде ұлағатты ұстаздың жұлдызы жанды деуге толық болады. Осы мезгіл ішінде мектеп қабырғасында көптеген жаңа жоспарлар жасап, ұжымымен үлкен табыстарға жетті. Еңбек жолында қандай қызметті сеніп тапсырса да абыроймен атқара жүріп, қазірде қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Елордамыздағы білім мен мәдениет саласында әсіресе тіл жанашыры ретінде өтетін барлық іс-шараның басы- қасында болады.
Кеңес Одағы кезінен бері қазақ ұлтының тілі мен ділін, мәдениеті мен дінін және ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан салт-дәстүрін насихаттап, көптеген қарсы шыққан құбылыстарға төтеп беріп күресіп келе жатқан азамат.
Еткен еңбегіне орай «Құрмет белгісі» орденінің иегері, ҚР Мəдениеті саласының үздігі, ҚР Білім беру ісінің үздігі жəне құрметті қызметкері төс белгілерімен марапатталған.
Ел арасындағы құрметке өзінің бай әрі салиқалы мінезімен, құдай берген өнерімен қол жеткізуде.
Жұмағали Ергешбаев
әдіскер