ОДАҚҚА КІРМЕК ОЙЫ БАР
Армения Кеден одағына (оған Ресей, Қазақстан және Белоруссия мүше) кіргісі келетінін мәлімдеді. Тіпті бұл жөнінде Армения премьер-министрі Тигран Сарксян Ресей үкіметі басшысының бірінші орынбасары Игорь Шуваловпен келіссөз де жүргізіпті. Бірақ бұл ел одаққа мүше мемлекеттердің ешқайсымен шекаралас емес. Армения Ресейдің басқа елдердің ортасында жатқан Калининград облыс-анклавының жағдайында болмақ. Сондай-ақ Бүкіләлемдік сауда ұйымы да өз мүшелерінің басқадай кедендік одаққа кіргенін құптамайды. Ал Армения – БСҰ-ға мүше. Демек, мәселе көп.
ПАРЛАМЕНТТЕГІ ТӨБЕЛЕС
Украина парламенті – Жоғарғы Радада өркениетті елге жараспайтын жағдай болды: Ресейдің Қара теңіздегі флотының Қырымда болуы жөніндегі келісімді талқылауды депутаттар көше бұзақыларынша төбелеске айналдырды. Аузы-мұрны қанағандар өз алдына, парламенттің жұмысына жол бермес үшін баррикадалар ұйымдастырды. Мұның бәрін әлем телеарналары бірінші кезекте көрсетіп жатты. Елдің абыройын түсіретін мұндай әрекеттерге барған депутаттарға жаза қолдану жолын да іздестірген жөн-ау дейсің.
ЕСІРГЕНДЕР ЕСКЕРТЕДІ
Белгісіз біреулер Facebock әлеуметтік желісіне Сербия президенті Борис Тадичті қорқытқан жолдау орналастырыпты. Елдің құқық қорғау органдары оған шындап қарау керектігін мәлімдеп отыр. Ішкі істер министрлігі Facebock желісінен әлгі қорқытушылардың мекен-жайын сұрапты. Мұндай қорқытулар бұрын да болған екен. Ішкі істер министрі Ивица Дачич те есірткі картельдерінен осындай қорқытулар алыпты. 2003 жылы премьер-министр Зоран Джинджич сондай қорқытудан кейін мергеннің оғынан қаза тапқан еді.
ЖОҚ ЕЛДІҢ ПРЕЗИДЕНТІ БАР
Жақында Суданда президент сайлауы өтті. Қазіргі ел президенті Омар Хасан әл-Башир жеңіске жетті. Ол сайлау арқылы, міне, 24 жыл билік тізгінін ұстап келеді. Сондай-ақ ол Халықаралық қылмыстық сот әскери қылмысы үшін іздеу салған бірден-бір мемлекет басшысы. Бірақ әл-Башир өз еліне толық билік құрмауы мүмкін. Оңтүстік Суданның халқы 92,99 пайызбен Сальва Кирді президент сайлады. Суданда біраздан кейін референдум өтеді. Онда Оңтүстік Суданның тәуелсіздігі туралы мәселе шешіледі. Онда Оңтүстік тәуелсіздік алса, оның президенті дайын.
БРИТАНИЯ БАЙЛАРЫ – БАСҚАЛАР
“Sunday Tіmes” газеті Ұлыбританияның ең бай адамдарының тізімін түзіпті. Оның басында үндістандық бизнесмен Лакшми Миттал (34,4 миллиард доллар) мен ресейлік бизнесмен Роман Абрамович (11,4 миллиард доллар) тұр. Ең бай деген ағылшын Вестминистр герцогы Жеральд Кабендич Гросвенор ғана үшінші орында (10,3 миллиард доллар) екен.
ЧАВЕС НЕ АЙТПАЙДЫ
Венесуэланың айқайы көп президенті Уго Чавес көршісі Колумбияны АҚШ-тың барлаушылық операцияларына қатысың бар деп айыптады. Оған негіз – Венесуэланың барлаушылары Колумбияның жерінен АҚШ ұшақтарын көріп қалыпты. Демек, олар АҚШ-тың Венесуэлаға қарсы әрекетін қолдайды. Колумбия жағы да, АҚШ жағы да Чавестің айқай айыбына жауап та бермеген. Сірә, олар Чавес не айтпайды десе керек.
ҚЫСҚАЛАРҒА ҚЫСПАҚ
Немістің автокөлікті пайдалануға беретін бір компаниясы өздерінің жарнамасында Франция президенті Николя Саркозидің бойының аласалығын әжуа етіпті: “Мадам Бруни сияқты өздеріңізге қып-қысқа француз алыңыздар” деген сөз жазылған хетчбек шығарыпты. Артық кеткендерін аңғарған Sіxt компаниясы кейін кешірім сұрағандай, бұл жай әзіл еді деп ақталыпты. Ал әңгіме ел басшылары бойының қысқалығы туралы болса, КХДР көсемі Ким Чен Ир мен Ресей президенті Дмитрий Медведев Саркозиден де аласа екен.
БЕТІҢДІ АШЫП ЖҮР
Бельгия парламентінің төменгі палатасы қоғамдық орындарда пәрәнжі және хиджаб киіп жүруге тыйым салған заң қабылдады. Бұл заңды қолдап 150 депутаттың 148-і қол көтеріпті. Заңды бұзғандарға 15-25 еуро айып салынады, әйтпесе 7 күнге дейін қамауға алынады. Бұл заңның қабылдануының басты себебі – бетін жапқан адамды тануға болмайды, сондықтан ол қоғамдық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін. Бұл заң күшіне енуі үшін оны парламент сенаты да қолдауы керек. Бұл заңға қарсылар да бар – оны адам құқына қайшы дейді олар.
Әзірлеген Мамадияр ЖАҚЫП.