Қай кезде болсын, қарама-қайшылыққа толы мына қоғамда кей елдер тіпті қоқыстың өзін кәдеге жаратып, орасан пайда тауып жатқанда, енді бір елдерде ең нашар экологиялық сценарий орын алып отыр.
Сарапшылар климаттық өзгерістердің кесірі, яғни теріс салдары – болашақтың ісі емес, бұл біздің бүгініміз деп дабыл қағып жүргелі қашан?! Жаһандық жылу, климаттық өзгеріс демекші, түсінікті бола түсу үшін айтайықшы, егер адамның дене қызуы 2 градусқа ғана көтерілсе халіміз нешік, ал 3-4 градусқа көтерілсе денсаулық үшін қатерлі екені белгілі. Күн райының өзгеруі, апатты орман өрттері, қуаңшылық, атмосфераға қауіпті қоқыстар сынды жаһандық мәселелерді шешу саналы қоғамның ауызбіршілігін күтеді.
Айтқандай, Швецияның қоқысы таусылып, қайта өңделетін пластмассадан басқа тұрмыстық, басқа да қалдықтарды шетелдерден импорттауға дайын екені туралы хабар әлемді дүр сілкіндірді. Швецияда қағаз, шыны, картон, металл және басқа тұрмыстық қалдықтарға арналған бөлек-бөлек 6-7 қоқыс жәшіктерінен басқа, қайта өңделмейтін қалдықтарға арналған қоқыс жәшіктері бар. Стокгольмде кішкентай балалар кәмпиттерді де көшеге түгіл, арнаулы жәшігі болмаса, басқа жерге де тастамайды. Мұндай дағдылар балабақша мен мектепте үйретіледі. Швецияда қоқысты дұрыс емес контейнерге тастағаны үшін айыппұл салынады.
Бұл ел сонау 1961 жылдан бері қалдықтарды жерасты газ құбырлары арқылы тасымалдайды. Барлық қалдықтың тек 7%-ы ғана полигонға жөнелтіледі, ал қалғаны не өртеледі, не қайта өңделеді. Стокгольм қаласы энергияның 45%-ын қоқыс-қалдықтардан шығарып алады. Қоқыс-қалдықтардың қазіргі тапшылығы шведтер үшін үлкен проблемаға айналуы мүмкін, себебі олар жылудың және электр энергиясының көп бөлігін қалдықтардан алады.
Еуразиялық медиа форум аясында экологиялық сессия осы мәселелерге арналды. Онда әртүрлі елдердің сарапшылары, ғалымдар, бизнес өкілдері және азаматтық белсенділер маңызды экологиялық мәселелерді шешу үшін не істеуге болатынын талқылағанын естідік. Климаттың өзгеруіне қатысты мәселе бізді айналып өткен жоқ. Биыл еліміздің кейбір аймақтарындағы қуаңшылық кесірінен талай мал қырылып, қалғаны топырақ шайнағанын көрдік.
«Мәселен, Африка, Ауғанстан сияқты аймақтарға қарасаңыз, ол жерлердегі климаттық өзгерістердің салдарынан туындап жатқан келеңсіздіктерді көреміз. Атап айтқанда, бұл азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері, ал азық-түлік тапшылығы шиеленістерге, шиеленістер көші-қонға, көші-қон теңсіздік сияқты басқа да әділетсіздіктерге душар етіп отыр. Бұл болашақтың мәселесі емес, бұл қазірдің өзінде болып жатыр, бірақ әзірге біз оны жеке кездестірмейміз, түсіну және ұғыну қиын. Климаттың өзгеруін барлық ел әлі бірдей сезінбей отыр. Бірақ пандемия бізге мәселелердің оқшауланбағанын, ортақ шешімдерді қажет ететін ортақ мәселелер бар екенін үйретті», дейді қайырымдылықпен айналысатын әрі адам құқығын қорғайтын қозғалыс белсендісі және Ұлыбританиядағы білім беру амбассадоры Назанин Алакиджа.
Ең нашар сценарий қазірдің өзінде орын алып жатқанын Брюссельдегі Еуропалық мектептің философия кафедрасының меңгерушісі Мэттью Пай да айтады. Ғалым «Егер алдағы 10 жылдың келешегі туралы айтатын болсақ, онда біз температураның тағы 3-4 градусқа артуына бет алдық», дейді. Бұл көп пе, әлде аз ба? Жоғарыда атап өткендей, түсінікті болу үшін Пай адамның дене қызуымен салыстырды. «Біз қазір атмосферадағы парниктік газдардың шоғырлануы тарихи деңгей ғана емес, бұрынғы антирекордтарды асырып жіберетін жағдайға тап болдық. Ең сорақысы, шығарындылардың қарқыны әлі де артып келеді», дейді М.Пай.
Мәселені шешу үшін күш-жігер тек мемлекеттерді ғана емес, барлық мүдделі тараптарды, соның ішінде экологиялық күн тәртібіндегі рөлі артып келе жатқан ірі бизнесті де біріктіруге тиіс.
Сарапшылар қазір тұрақты дамудың күн тәртібі ірі бизнестің күнкөрісі үшін қажеттілікке және жалғыз мүмкіндікке айналғанын алға тартады. Ірі компаниялар экологиялық жағдайды жақсы білетін реттеуші органдар, азаматтық қоғам, тұтынушылар тарапынан көбірек қысым көреді. Яғни экология мен қоршаған ортаға қамқорлық жасау бүгінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің көрінісі ғана емес, сонымен қатар айтарлықтай бәсекелестік артықшылыққа айналып келеді. Мұны әлемдегі алпауыт компаниялар неғұрлым тереңірек түсінсе, соғұрлым климаттық мәселелерді шешуге айтарлықтай үлес қоса алады.
Уақыт ұттырмай, бұл мәселеге белсене араласатын кез келді. Осынау іске әрбір адам болыспаса, Жер анаға жанашырлық танытып, құрметпен қарамаса, бәрі де бекер.