• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Қыркүйек, 2021

Әділет үстемдігіне жол ашатын құжат

509 рет
көрсетілді

2021 жылдың 1 шілдесінен бастап елімізде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қолданысқа енгізілді. Бұл қоғамда заң үстемдігін орнатуға бағытталған маңызды қадам.

Жаңа кодекстің іс жүзінде бас­шылыққа алына бастағанына 3 ай болып қалды. Оның негізгі мақсаты – жария-құқықтық қатынастар бо­йынша туындаған дауларды ұтымды шешу. Өйткені, осы уақытқа дейін әкімшілік сот өндірісінің жеке тәртібі болмаған. Жария-құқықтық даулар азаматтық-процестік ережелер бойынша қаралатын-ды. Мұндай жағдайда даулар көбінесе мемлекет­тік органдардың пайдасына шешілуші еді.

Енді елімізде енгізілген жаңа инс­титуттың алғашқы қадамдары қалай деген сауалды біз Солтүстік Қазақстан облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Серікбол Сапарғалиевке қойған едік.

«Әкімшілік әділет – әкімшілік органдардың билікті іске асыру өкі­леттігі барысында туған дауларды қарайды. Мұндай дауларды азамат­тық-құқықтық даулардан айырып қарау талапкерге қиындық туғызып, соның кесірінен соттар талап-арыздарды қайтарып тастап жататын.

1 шілдеден бері Солтүстік Қа­зақ­станның соттарына жаңа кодекс бо­йынша қаралатын 165 әкімшілік талап-арыз түсті. Бір мысал келтіре­йін. Қызылжар аудандық сотына бір азаматтан өзін ауылдық округтің әкі­мін сайлау кезінде кандидат ретінде тіркемеген сайлау комиссиясы­ның үстінен шағымданған арыз түсті. Аудандық сот «Сайлау туралы» заңға сәйкес азаматтың заңды құқығын қорғаған шешім шығарып, ол ауылдық округтің сайлауына түсе алды», деді.

Жалпы, әкімшілік әділет енгі­зілгеннен бері соттар шығарған 29 ше­шімнің 22-сі талапкерлердің ­пайдасына шешілген.

Сонымен қатар келіп түскен 165 талап-арыздың 21-і жариялы-құ­қығы жоқтығы себепті әкімшілік әділетке сәйкес болмағандықтан кері қай­тарылған. Ал талап-арыз иелеріне олар көтерген даулы мә­селелердің Азаматтық процестік кодекс аясында қаралатындығы ескертілген. Кей­бір талап-арыздар жауапкерге «жаптым жала, жақтым күйе» прин­­­ципімен жазылғандығы да анық­­талған. Әрине, ондай талап-арыздар қаралмаған. Кері қай­тарылған арыздардың жалпы саны – 45. Осы орайда айта кететін жайт, 28 талап-арыз бойынша татуласу шарты бел­гіленген.

Шығарылған шешімдердің 72 па­йызы бойынша талап-арыз беру­ші­лердің әкімшілік орган­дарға қарсы талаптары қана­ғаттандырылған, яғни әкімшілік органдардың ше­шім­дері мен әре­кеттері заңсыз деп танылған.

Солтүстік Қазақстан облы­сы­­ның мамандандырылған аудан­аралық әкім­шілік сотының төр­ағасы Берді­бек Мұстафиннің айтуына қарағанда, әкімшілік соттар ашылғанға дейін азаматтардың мемлекеттік органдар­ға қатысты талап-арыздарының сот арқылы ғана қанағаттандырылғаны 30 па­йыздан аспайтын болса, жаңа кодекс күшіне енгелі бұл жағдай күрт өзгеріп отыр.

«Өйткені жаңа Әкімшілік рә­сімдік-процестік кодекстің мәні бо­­йынша егер азамат әкімшілік ор­­гандарға қарсы сотқа талап-арыз берсе, бұл әкімшілік орган кі­нәлі дегенді білдіреді. Әкімшілік ор­ганның «кінәлілік презумпция қа­ғи­­дасы» қолданылады. Яғни әкім­­­шілік орган сотта өзі­нің әре­кет­терінің заңды екенін дәлел­деуі қа­жет. Алайда бұл қа­ғиданы сотқа үстінен талап-арыз түскен әкімші­лік органның барлық әрекеті мен шешімі заңға қайшы болып саналады деп қате түсінбеу қажет. Бұл ретте сотта жеке тұлғалардың тек заңды талап­тары ғана қорғалатындығын атап айтқан жөн. Мысалы, сотта қаралған талап-арыздардың 8-і бо­йынша әкімшілік органдардың ше­шімдері мен әрекеттері заң­ды деп танылды, ал жеке тұл­ға­­лар­дың талап-арыздары қана­ғат­тандырусыз қалдырылды», деді Бердібек Мұстафин.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс бойынша азаматтар сотқа ­4 түрлі талап-арыз бере алады, олар: дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы, әрекет жасау туралы, құқықты тану туралы. Осы күнге дейін сотқа түскен талап-арыздардың басым көпшілігі дау айту туралы. Одан кейін мәжбүрлеуге шағыну көп. Әрекет жасауға шағынушылар да бар, ал құқықты тану туралы талап-арыз әлі түспеген екен. Дау айту туралы талап-арыздардың 52-і – сот орындаушыларының әре­кеттерін, қаулыларын заңсыз деп тану туралы.

Мәселен, Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмдiгiнiң құрылыс, сәу­лет және қала құрылысы бас­қармасына қатысты екі талап-арыз қаралған. Қалада екі көппә­терлі тұрғын үй салған құрылыс ұйы­мы мемлекеттік органның өз­де­ріне мониторинг жүргізу акті­лерін заңсыз деп тану туралы талап-арыз түсірген. Сотта анық­талғандай, жеке ұйымдарды тексеруге мораторий жа­риялан­ған, сондықтан тексерістер тек қол­да­­ныс­тағы заңнамада көздел­ген ерек­ше тәртіпте өткізіледі. Мем­лекеттік орган осы заң талаптарын бұзып, мониторинг өткізген. Алайда мониторинг тексеру емес, тек талдау жүргізуді көздейді. Де­генмен сот екі талап-арызды да қа­на­­ғаттандырған. Әзірге соттың шешімдері күшіне енген жоқ.

Мәжбүрлеу туралы шағым­дану­шының талап-арызы не­гізді екендігі дәлелденсе, сот әкім­ші­лік органды белгілі акт шы­ға­руға мәжбүрлеу туралы ше­шім шы­ғарады. Мысалы, сотта қа­рал­ған істердің арасында мем­ле­кеттік органға құрылыс жұ­мыс­тарын жүргізуге арнайы лицен­зия беру туралы талап-арыз қа­рал­ған. Сондай-ақ салық орга­нын қате төленген ақша сомасын қай­таруға мәжбүрлеу туралы ше­шім шығарылған.

Бір назар аударарлығы, сотта та­раптардың дауын шешу үшін тату­ласу рәсімдері белсенді қол­да­ны­лып келеді. Соның нәти­жесінде екі жақ бір-біріне түсі­ністік танытуы арқылы тату­ласып, арадағы дау біржола ше­шіледі. Жаңа кодекс бо­йынша енді мемлекеттік органдар да әкім­шілік қалауы болса татуласу келі­сіміне келе алады. Осы күнге де­йін 28 дау бойынша татуласу келі­сімі бекітілген, олардың кө­бі сот орын­даушыларының әре­кеттеріне ша­ғым келтіруге байланысты болған.

 

Солтүстік Қазақстан облысы