• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Өнер 30 Қыркүйек, 2021

Қазақстан мен таяу шетел театрлары Көкшетауда бас қосады

362 рет
көрсетілді

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында 4-8 қазан аралығында Көкшетау қаласында үшінші халықаралық «ТеART-Көкше» фестивалі өтеді. Оның аясында Қазақстан, Ресей және Қырғызстаннан келетін 12 шығармашылық ұжым түрлі жанрдағы қызықты қойылымдарын көрсетеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Фестиваль Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық орыс драма театры ГИТИС Ресей театр өнері институтымен бірлесіп ұйымдастырылды.

Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасынан атап өткендей, театр спектакльдері облыс орталығының бірнеше алаңында өтеді. Қойылымдарды әлемге әйгілі театртанушылар мен сыншылар бағалайды. Жақында фестиваль қарсаңында театр білім зертханасының ашылуы өтті. Оның жұмысына Көкшетау, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Алматы, Ақтау, Ақтөбе және басқа да қалалардың театр ұжымдары қатысуда. «Театр зертханасы әсем табиғатымен тамаша Зеренді ауданында өтуде.

Шығармашылық шаралар барысында қатысушылар үшін қазақстандық және ресейлік жетекші театр қайраткерлері мен педагогтардың қатысуымен актерлік шеберлік, қуыршақ театры өнері, практикалық режиссура, театр менеджменті бойынша шеберлік сыныптары өткізіледі»,  деп атап өтті ведомстводан.

Халықаралық фестиваль қорытындысы бойынша қатысушылар түрлі аталымдар бойынша марапатталады. Көрермендердің қауіпсіздігі үшін барлық іс-шаралар Ashyq жобасы аясында санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып өткізіледі.