Қарқаралыдағы Құнанбай қажы мешітінің 1851 жылы ашылғаны тарихтан белгілі. Ғибадат үйінің алғашқы имамы Хасан ахун Сейфуллин деген кісі болыпты. Пірәдарды Қарқаралы округінің аға сұлтаны Құнанбай Өскенбайұлының өзі тағайындаған екен.
Ал енді, осы мешіт мұнарасының ұшар басындағы айшықты өткен ғасырдың 20-шы жылдарының аяғына таман қызыл өкіметтің Имаш деген белсендісі атып түсіріпті. Мұны осы оқиғаға куә болған Қапаш Жолдыбалаұлы деген кісі балаларына айтып кеткен екен. Қапаш ақсақалдың қызы Қаданбану есімді кейуана жергілікті өлкетанушы Ерлан Мұстафинге болған жайтты былайша баяндап берген: «Кеңес өкіметі кезінде дінге қарсы жаппай науқан ұйымдастырылды ғой. Содан бір күні Құнанбай қажы мешітінің айын құлату туралы пәрмен түсіпті. Бірнеше адам мылтықпен атқан екен, ішінде біреуінің ғана оғы дарыған. Сол кезде осының бәрін көріп тұрған жұрт тылсым жайттың куәсі болыпты. Әлгі оғын айшыққа дәл тигізген адам тұрған орнында бүктетіле құлап, сол мезетте жан тапсырған. Оны «Ақ бейіт» қорымына апарып жерлепті...».
Енді, атып түсірілген айшықтың тағдырына келейік. Жерге құлап түскен құнды затты басын бәйгеге тігіп, Сәдуақас Шәріпқажыұлы деген Қарқаралының тұрғыны үйіне алып кетіп, тығып тастаған көрінеді.
Мұны марқұм ақсақалдың немересі Мұрат Сәдуақасов растап отыр. Ол өлкетанушы Ерлан Мұстафинге айшықтың атасының жастығының астында жататынын айтқан.
Сәдуақас Шәріпқажыұлы 1974 жылы өмірден өткеннен кейін, жәдігер сол үйде тұрған Әсия есімді кісінің қолында қалған. Одан кейін күндердің бір күнінде атақты ғалым Ақжан Машанидің атынан келген бір кісі айшықты сұратып алған екен. Сірә, сол кезде қайтадан ашылмақ болған мешіт мұнарасына орнатқылары келген болу керек. Алайда, белгісіз бір себептермен айшық құтты орнына қойылмай, сол беті ізім-ғайым жоғалып кеткен...
Таяуда, өлкетанушы Ерлан Мұстафин тұрғындардың бірінің сарайында үйіліп жатқан темір-терсектің арасынан тат басқан сол айшықты тауып алғанын сүйіншілеп хабарлады. Енді болмағанда, жәдігер металл сынықтарымен бірге бүгін-ертең Қытайға жөнелтілмекші екен...
«Қазір айшық менің қолымда. Мұны мен өзімнің өлкетанушылық қызметімдегі орындалған ең маңызды миссиямның бірі деп санаймын», дейді мақтанышпен Ерлан Мұстафин.
Әңгіме барысында өлкетанушы өткен ғасырдың 90-жылдары түс көргенін, онда бір қарияның қарсы жолығып, таяғының ұшындағы айшықпен мұның көзін сипағандай ишара жасағанын айтады. «Ол кезде мен айшықтың тағдырынан, оның тарихынан мүлде хабарсыз едім. Енді міне, сол айшық менің қолымда тұр. Бұл да бір жұмбағын біз білмейтін тылсым дүние шығар деп өзім ойлаймын», дейді ол.
Өлкетанушы айшықтың ендігі тағдырының қандай болмағы туралы сұрағанымызда, құнды жәдігерді мешітке тапсырмақ ойы бар екенін айтты.
Енді, айшықты тауып алған Ерлан Мұстафин туралы бір-екі ауыз сөз. Қарқаралыға қатысты тарихтың бүге-шүгесін бес саусағындай білетін бұл азамат Құнанбай қажы мешітінің алғашқы имамы Хасан ахунға арнап үш кітап жазған. Сонымен бірге ол «Құнанбай қажы мешіті» деп аталатын деректі кітаптың авторы. Қазіргі уақытта қаламгер тарихшы «Құнанбай қажы мешітінің имамдары» деп аталатын кітап жазу үстінде. Бұл еңбекте ол 1851 жылдан бастап 1930 жылға дейінгі имамдардың тағдырын қамтуды алдына мақсат етіп қойған екен. Айта кеткен жөн болар: жазылып жатқан бұл туынды өлкетанушының Қарқаралы тарихына қатысты қалам тербеген 13-ші кітабы болмақшы.