Оны тұтандыру құрметі көп дүркін Олимпиада чемпиондары, даңқты хоккейші В.Третьяк пен мәнерлеп сырғанаушы И.Роднинаға бұйырды
Сочидегі XXII Қысқы Олимпия ойындарының салтанатты ашылуы да тарихтың қойнауына қарай ақырын жылжып кетіп бара жатыр. Кеше, ақпанның 7-сі күні төрткүл дүниенің түгел көз тігуімен Қап тауларының қолтығына қиялай қонып, Қара теңіздің жағалауына жағалай қоныс тепкен осынау қаланың Адлер деп аталатын аумағына орналасқан «Фишт» ұлттық стадионында лап етіп жанып, бұрқ етіп көтерілген Ақ Олимпиаданың алауы аламанға ат қосылып, еңкулерге ерік берілгенін жаһан жүзіне жариялап та үлгерді. Төрт жылдық циклдің осынау басты жарысының басталғанын паш етіп, саңлақтарға сәтті сапар тілеп қала берген сол ұлы жиынға көптеген мемлекеттердің басшылары қатарында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та қатысып, спорт атты мәртебелі мырзаның толайым тойын биік мінберден тамашалады. Сонымен, кезекті Ойындардың додасы мен думанының тиегі ағытылды. Тұғырдағы от татулыққа шақырды Түн қараңғылығы қоюлана бастаған тұста көптен күткен Олимпиаданың ашылу салтанатына да кезек келді. Біз осынау алау-далау от шашыраған мереке мезіретіне оның сөре алуынан үш жарым сағат бұрын келуге мәжбүр болдық. Бұған екі түрлі нәрсе әсер етті. Мұның біріншісі өмірімізде бірінші рет көргелі отырған салтанатқа тезірек жетіп алуға итермелеген құштарлық болса, екіншісі уақыты жақындаған сайын «Фишт» ұлттық стадионы маңына барудың өзі қиындап кететіні туралы қауіптен туындады. Осымен Ресей жерінің тарихында екінші мәрте Олимпия ойындары өткізіліп жатыр. Олардың біріншісі Кеңес Одағы кезінде, 1980 жылы Мәскеуде Жазғы Олимпия ойындары түрінде өркен жайып еді. Ол кезде КСРО-ның астанасы саналған бұл қала бәрібір байырғы орыс жерінің шаһары, орыс елінің бас қаласы болатын. Енді, міне, арада 34 жылға жуық уақыт өткеннен кейін сондай аламан жарыстың қысқы түрі орыс жеріне қайта келді. Бір ғажабы, осылардың екеуінің де реттік саны жиырма екінші болып отыр. Біз өткен жолы Сочи Олимпиадасының басталмай жатып талай рекордтың мойнына су құйып үлгергенін, оларды келесі жолы санамалап айтып беретінімізді баяндап едік. Міне, сол рекордтардың бірі – мұнда бірінші рет әлемнің 80-нен астам елінен 5 мыңнан аса спортшы мен ресми адамдар келіп жатыр. Тағы бір жоғары көрсеткіш – бұл жолғы Ақ Олимпиадада 7 түрлі спорттың негізіндегі 15 бағдарлама бойынша 98 медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Мұның өзі осының алдындағы Ванкувер-2010 Олимпиадасынан 12 медаль жиынтығының көп екенін көрсетеді. Енді дерек үшін айта кетейік, бұл көрсеткіш 1998 жылғы Наганода – 68, 2002 жылғы Солт-Лейк-Ситиде – 75, 2006 жылғы Туринде 84 болған еді. Сочи өзінің жаңа құрылыс нысандары жөнінен де алдыңғыларды әлдеқайда басып озғанын кеше айтқанбыз. Бұған қосатынымыз, осылайша спорт кешендерін тұрғызудан алдына жан салмаған Олимпиада-2014 оларға жаратылатын қаржы жағынан да бұрынғыларды шаң қаптырып кетіп отыр. Айталық, осы мақсаттар үшін Нагано 2 млрд. доллар, Солт-Лейк-Сити 2,45 млрд. доллар жұмсаса, Турин 4,37 млрд. доллар, Ванкувер 6 млрд. доллар шығындаған екен. Ал Сочидің көрсеткіші артық-кемі жоқ 50 млрд. доллар делініп отыр. Мұның шамамен 40 пайыздай мөлшерін мемлекеттік қазына көтерсе, қалғандары инвесторлардың көмегі арқылы жиналған көрінеді. Ресейліктер Олимпия алауын алып жүруде де тарихта бұрын-соңды болмаған бірнеше рекордқа қол жеткізді. Бұл эстафета 123 күнге созылып, 40 мыңнан астам шақырым қашықтықты көктей өтті. Олимпия алауы елдің барлық субъектілерінде болып, 14 мың алаугерді тіркеді. Ал Сочи қаласының Адлер бөлігіндегі «Фишт» стадионында XXII Қысқы Олимпия ойындарының ашылуына арналған салтанат Мәскеу уақытымен тура 20:14 сағатта басталды. Оны Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин сөз сөйлеп ашты. Содан кейін Халықаралық Олимпия комитетінің президенті Томас Бах сөз жалғастырды. Олардың екеуінің де сөздері Сочиде басталған кезекті Қысқы Олимпия ойындарының жалпы олимпиялық қозғалыстың жаңа арнада дамуына жақсы серпін беретініне үміттенетіндеріне сайды. Сөйлеушілер, сондай-ақ, олимпиялық қозғалыстың Жер бетінде татулық пен бейбітшілік орнауына себепкер бола түсетініне сенім білдірді. Ал Олимпия гимнін ресейлік опера әншісі Анна Нетребко орыс тілінде орындады. Бұдан әрі салтанаттың театрландырылған көріністері басталып кетті. Осы тұста Олимпия ойындарының ашылу салтанатына арналған сценарийді Ресейдің «Бірінші арнасының» бас директоры және осы шараның бас креативті директоры Константин Эрнстің дайындағаны белгілі болды. Белгілі маман әзірлеген бағдарлама 18 тараудан тұратын болып шықты. Бұлардың бәрі Ресей қоғамының әр кезеңдегі даму барысын сипаттауға арналыпты. Мәселен, солардың бірі Ресейдегі XX ғасыр мен орыс революциясынан көріністер береді. Сахнада бұлар авангардтық өнер иінінде өз шешімін тапқан. Тұтастай алғанда, ашылу салтанатына арналған бағдарлама 2 сағат 30 минуттай уақытқа шақталыпты. Осы уақыттың ішінде аспанға қарай салмағы 22 тоннаны құрайтын 3,5 мың фейерверк атылды. Көпшілік көріністеріне 3 мың актер мен 2 мың шамалас волонтер қатысты. Ұйымдастырушылар оларға арнап 6 мың костюм тігіпті. Театрландырылған көріністер кезінде ұйымдастырушылар тарапынан жасалған тапқыр қимылдар да аз болған жоқ. Мәселен, олимпиялық құрама мүшелері стадионға кіріп келе жатқанда, олардың табандарының астына Жер шары келіп тұра қалғандай әсер береді. Ол ұдайы айналып тұрады да, әрбір атлет ішке өз елінің тұсынан кіргендей болып көрінеді. Бұлардың қатарында Қазақстан спортшылары да болды. Біздің туымызды, бұдан бұрын хабарланғанындай, шаңғышы Ердос Ахмадиев көтеріп шықты. Стадион толы қауым басқалар секілді, қазақстандық саңлақтарға да зор қошемет көрсетті. Осылайша Сочи Олимпиадасы өзінің шешуші кезеңдеріне қарай қадам басты. Бірінші күнгі сайыстар бірінші жүлделерді әкелді Олимпиададағы сайыстардың алды ақпанның 6-сы күні басталып кетті. Осы бірінші күні-ақ бірқатар спортшылар өздерінің алғашқы медальдарын алып үлгерсе, енді біреулері соған жету жолындағы алғашқы қадамдарын сәтті жасап, іріктеу сынақтарынан сүрінбей өтті. Ал үшінші біреулері, әлбетте, сол сынның тезіне төтеп бере алмай, жарыс жолынан ертерек шығып қалды. Бұлардың соңғы екеуінің қатарында қазақстандық спортшылар да бар. Өкінішке қарай, бәсекенің бәсінен мүлдем басқа себеппен – күрес үстінде жарақат алып қалуына байланысты бас тартуға мәжбүр болған спортшылар да кездесті. Енді осының бәрін рет-ретімен баяндайық. Ойындардағы жарыстар шымылдығын бейсенбі күні таңертең сноубордшылар ашып берді. Сноубордтың слоупстайл деп аталатын бұл түріне қазақстандықтар қатарынан қатысатын ешкім болған жоқ. Ал іріктеу сынағы барынша тартысты өтті. Әйткенмен, қаншама тартыс тегеурін тепкенімен, мамандар әу бастан Ойындардағы алтын медальдан басты үміткердің бірі ретінде атап берген канадалық Макс Пэрроттен озатын жан табыла қоймады. Енді бұл ерлердің арасындағы жартылай финалдық және финалдық айқастар 8 ақпан күні өтетін болады. Мұның соңынан қыздар да слоупстайлдан жарыс көрігін қыздырды. Бірақ ондағы талас түбіріне спортшылардың бірінің трассада қатты құлап, жарақат алып қалуы едәуір кірбің түсіріп кетті. Бұған дейін сноубордшылардың бәрі күрделі екенін ауызға алып, бас шайқап жүрген сырғанақ сұлбасы норвег қызы Кьерсти Буасқа барынша қырын келді. Заулап бара жатқан жолында қабырғаға қатты соғылған ол есінен тана құлады. Іле-шала медициналық жәрдем көрсетілген спортшы артынша ауруханаға жатқызылды. Дегенмен, сол күні кешке қарай Норвегия құрамасының өкілі журналистерге Буастың өзін жақсы сезініп, өздігімен қозғала бастағанын да жеткізді. Ал толқымасы көп асау трассаны бәрінен жақсы өткерген австриялық Анна Гассер болды. Онымен бірге іріктеу сынағында тәуір нәтиже көрсеткен жеті сноубордшы қыз финалға қадам басты. Қалған спортшылар ақтық айқасқа жолдама алу үшін жартылай финалда күш сынасады. Қыздар медальдар үшін басты таласқа 9 ақпан күні шығады. Кешке қарай сноубордшылардан эстафетаны фристайлшы қыздар іліп әкетті. Олар могул бағдарламасы бойынша іріктеу сынына түсті. Олардың арасында біздің Юлия Галышева мен Дарья Рыбалова есімді екі қызымыз дүбірге дүбір қосып бақты. Айта кетуіміз керек, соңғы кездері жарқырап көрініп жүрген Юлия тағы да сенімге селкеу түсірмей, төрешілер тарапынан 21,17 балл алды. Бұл оның квалификацияда алтыншы орынға табан тіреп, ақпанның 8-і күні өтетін финалдық жарысқа жолдама алуын қамтамасыз етті. Ал Дарьяның бұдан біршама уақыт бұрын алған жарақатынан әлі арыла қоймағаны анық байқалды. Соның айғағы шығар, ол 16,24 ұпаймен финалды көзден бұл-бұл ұшыратын 23-орында қалып қойды. Бірінші жарыс күнін мәнерлеп сырғанаушылар жұптарының қысқа бағдарламасы мен ерлердің жеке командалық жарысы тиянақтады. Осы сынақта ресейлік Евгений Плющенко өзінің жеке рекордын жаңартып, төрешілерден 91,39 балл алды. Алайда, мұның өзі оның жеке-дара көш бастауына мүмкіндік бермеді. Одан жеті балға жуық артық жинаған жапон мәнерлеп сырғанаушысы Юзуру Ханю талассыз бірінші орынға шықты. Дегенмен, осы Олимпиадаға қатысуының өзі үлкен күмән болған ресейлік спортшының бұл табысының өзі спорт мамандары арасында үлкен қозғау туғызды. Айталық, мәнерлеп сырғанаудың атақты жаттықтырушысы Татьяна Тарасова осыдан кейін: «Мен бүгін кемеңгердің спортқа қайта оралғанын өз көзіммен көргенім үшін өте разымын!» дегенді ағынан ақтарылып, қуана хабарлады. Бірінші жарыс күнінде, сондай-ақ, ресейлік жұп Татьяна Волосожар мен Максим Траньков қысқа бағдарламаның озығы атанды. Олар өздерінің соңынан келе жатқан канадалық Мэган Дюамель мен Эрика Рэдфордтан 10,69 балға ілгері кетті. Бұдан арғы орындарға қытай және жапон спортшылары орналасты. Ал кеше, 7 ақпан күні Ойындардың ашылу салтанаты өтетін болғандықтан, спорттың ешқандай түрінен жарыс өткен жоқ. Соңында айтарымыз, Ақ Олимпиаданың ашылу салтанаты кеш аяқталғандықтан және оны барша спортсүйер қауымының теледидар арқылы тамашалағаны күмән туғызбағандықтан, репортажымызда салтанатты сәттің бәрін егжей-тегжейлі жазуды қажет деп таппадық, құрметті оқырман. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан» – Сочиден.
•
08 Ақпан, 2014
Лаула, Ақ Олимпиада алауы!
471 рет
көрсетілді