• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
08 Ақпан, 2014

Спорт – біріктіруші күш

390 рет
көрсетілді

Кеше Ресейдің Сочи қаласында XXII Қысқы Олимпия ойындарының алауы тұтанды. Сөйтіп, кезекті Ақ Олимпиаданың дода-думаны басталып кетті. Қазақстандық спортшыларға жарыс жолында тек табыс тілейміз!   Кеше түс әлетінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев XXII Қысқы Олимпия ойындарының ашылу салтанатына қатысу үшін Сочи қаласына ұшып келді. Мемлекет басшысы Адлердегі халықаралық әуежайға табан тіреген бойда бірден Қазақстан Ұлттық олимпиялық комитеттің қонақ қабылдау үйіне бағыт түзеді. Мұнда Елбасы өзін күтіп тұрған олимпиялық құрама команда мүшелерімен кездесті. Кездесу барысында Нұрсұл­тан Назарбаев Сочидегі Олим­пиаданың бұған дейінгі бар­лық Ойындарға қарағанда, рес­публикамызға географиялық жағынан ең жақын тұрғанын атап көрсетті. Өзінің олимпиялық құрама мүшелеріне арнаған сө­зінде Президент спорттың бі­ріктіруші күш екеніне тоқталды. – Сіздердің әрқайсылары­ңыз­дың олимпиада лицензия­сын жеңіп алуларыңыздың өзі­ – спорттық жол­дағы үл­кен жетістік. Біз Лондон Олим­пиа­дасынан кейін спорттық же­тіс­тік­теріміздің деңгейін жоғары көтерген едік, мен енді сіздерге де сондай жаңа жеңістер ті­леймін. Бүгінде мемлекетіміз сіздердің халықаралық аренада зор жетістіктерге жетулеріңіз үшін барлық жағдайды жасап отыр. Менің тапсырмам бойынша қажетті барлық қаражат бөлініп, спорт ғимараттары салынып жатыр, сіздерді ең үздік отандық және шетелдік жаттықтырушылар жаттықтырады. Өз басым сіздерге әрдайым қолдау көрсетемін және барша жетістіктеріңізді ұдайы қадағалап отырамын, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев газеттер мен телевидениенің арқа­сында қазақстандықтар олим­пиа­дашылардың әрқайсысын бі­летінін және оларға бүкіл еліміз шынайы жанкүйер болатынын айтты. – Қазақстандық жанкүйерлер Олимпия ойындарын бірінші рет жаңадан ашылған «KAZSport» арнасынан көреді. Сіздер үшін миллиондаған отандастары­мыз жанкүйерлік етіп, өздері­ңіз­ден жоғары нәтижелер кү­теді. Біз Сочидегі басты сайыс­қа олимпиадашылар мен жат­тық­тырушылардың барлығы жақсы дайындалғанын білеміз, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы, сондай-ақ, 2022 жылғы Қысқы Олимпия ойындарын өткізуге Алматының кандидатурасы ұсынылғанын, елімізде заманауи спорттық инфрақұрылымдардың, жарыс­тарды ең жоғары деңгейде өткізу тәжірибесі бар екенін атап өтті. Кездесу соңында олимпиада­лық команда мүшелері өздеріне ұдайы көңіл бөліп, қолдайтыны үшін Мемлекет басшысына ризашылықтарын білдіріп, естелік кәдесый тапсырды. Ал Президент өз кезегінде спортшыларға денсаулық, күш-жігер және олимпиадалық ақ жол тіледі. Мемлекет басшысы, сондай-ақ, қонақ қабылдау үйіндегі кездесу барысында «Астана Экспо-2017» ҰК» акционерлік қоғамы басқармасының төр­аға­сы Талғат Ермегияевтің Ас­танада дүниежүзілік көрмені өткізу жөніндегі жоспарлары және Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің 2022 жылғы Қысқы Олимпия ойындарын өткізуге Алматы қаласы өтінімін дайындау барысы туралы есептерін тыңдады. Бұдан кейін Нұрсұлтан ­На­зарбаев «Россия» телеарнасы­ның журналисі Сергей Брилевке сұхбат берді. Қазақстан Ұлттық о­лимпиялық комитетінің қо­нақ қабылдау үйінде өткен әңгі­мелесу барысында Президент Сочидегі Қысқы Олимпиадаға дайындық кезінде орасан жұмыс жүргізілгенін, соның арқасында қала айрықша жаңарып, жоғары деңгейдегі курорттық аймаққа айналғанын атап өтті. Мемлекет басшысы, сондай-ақ, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, соның ішінде Қазақстанның астанасын салу да әрдайым бірқатар сынға ұшырағанын, бірақ нәтижесінде осының бәрі қарапайым азаматтар үшін қолайлылық пен жайлылықты арттыруға әкелетінін тілге тиек етті. Қазақстан Президенті Алма­тыда Қысқы Универсиада өткізу дайындығының жоспарлары мен 2022 жылғы Қысқы Олимпиаданы өткізуге өтінімді даярлау барысы жайындағы ойларын да ортаға салды. Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің Қысқы Олимпия ойындарын табысты өткізуіне тілектестік білдіріп, бұл кезеңде әлемдегі қақтығыстар мен шиеленістер деңгейі едәуір бәсеңдейтініне үміт артты. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан» –  Сочиден. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.
Соңғы жаңалықтар