• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Қазан, 2021

Өңірдегі сакралды туризм Шымкенттен басталады

897 рет
көрсетілді

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай республикалық «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда» газеттерінің бастамасымен өңірлерде өткізіліп жат­қан «Атамекен» ақпараттық-танымдық экспедициясы Шымкент қаласында жалғасты.

Ел қызыққан ескі қала

Еліміздің ең көне қалаларының бірі саналатын шырайлы шаһардың 2200 жылдық тарихы бар. Құрамына тарих­шы-ғалым, ұстаз Өмір Шыныбекұлы, этнограф-ғалым Мырзабай Омар, Шым­кент қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің меңгерушісі Зәуре Оралбаева, журналист, «Серпіліс» қо­ғамдық бірлестігінің төрайымы Бей­сен­күл Нарымбетова, «Ontustik» теле­арнасының басшысы Уәли Қыдыр, сон­дай-ақ бірқатар тарихшы мен ақпарат құралдарының өкілдері кірген экспедиция тобы Шымқаланың «Цитаделіне» ат басын тіреді. Шыны керек, соңғы жылдарда осы нысанға деген алабөтен қызығушылық байқалады. Ол түсінікті де. Тарихтан терең сыр шертетін шежі­релі орын ортағасырлық қалалардың сти­ліндегі бекініс болып қайта қалпына кел­тірілді. Шымкент цитаделі тек үшін­ші мегополистің ғана емес, бүкіл елі­міз­дің тарихи нысаны болып табылады. Қаланың ескі шаһарында аумағы 5,03 гектар болатын цитадель құрылысының бірінші кезеңі аяқталғанда, яғни өткен жылы Елбасы Н.Назарбаев келіп көріп, тарихтан терең сыр шертетін шежірелі «Цитадель» қалашығы туристер мен қала тұрғындарын қызықтыратын, жас­тар рухани құндылықтарын арттыратын орынға айналатынын және ол күндер де алыс еместігін айтқан болатын. Жерасты археологиялық қазба жұмыстары нәти­жесінде табылған әрбір зат цитадель музейінің негізгі экспонаттары ретінде сақталып, қала тарихынан шынайы сыр шертеді. Цитадель қалашығында ашық аспан астындағы мұражай, амфитеатр, галереялар, жәдігерлер, қолөнер бұ­йымдары, ежелгі және ортағасырлық қа­ла­ның даму динамикасын сипаттайтын өзге де қызықты нысандар көп. Сон­дай-ақ ескі қалашық «ҚР туристік са­ланы дамытудың 2019-2025 жылдарға ар­налған мемлекеттік бағдарламасы» аясындағы туристендіру картасының ТОП-50 нысанының тізіміне енгізілген. Ұлттық ғылым академиясының академигі Бауыржан Байтанаевтың айтуынша, XIX ғасырдың басында қоныстың ежелгі тұрғындары бұл жерді «Ескі Шымкент» (ескі қала) деп атаған және оның аумағы бірнеше есе үлкен болған. Шахристан мен көптеген рабады бар қалашық бірнеше шақырымға созылады. Уақыт өте келе қала өзгеріп, ежелгі қоныстың аумағы бол­ған жерде құрылыс жүргізілген, яғни архео­логтер қорған тұрған жерде қазба жұмыс­тарын жүргізуге мәжбүр болды. Дәл осы жерде бекініс қабырғаларының із­дері табылды.

Биыл мамырда шаhардағы ескі қала- ­­шық аумағында «Shymqala» этноауылы ашылып, жұмысын бастады. «Рухани жаңғыру» жобасы бағытында қолға алын­­ған этноауылда ұлттық аспаптар, қол­­өнер, кілем-тоқыма бұйымдары ше­бер­­леріне бөлінген киіз үйлер орна­тыл­ған. Онда бұған қоса алып тай­қазан, киіз үй үлгісіндегі концерт залы, қол­өнер­­шілер ауы­лы орналасқан. «Ата­ме­кен» ақпараттық-танымдық экспедиция­сы келерден бір күн бұрын этноауыл­да туризм күніне орай мәдени іс-шара­лар, қолөнер шеберлерінің көрмесі, ше­бер­лік сағаттары, қойылымдар ұйым­дас­тырылыпты. Экспедиция мүше­сі, тарих­шы-ұстаз Өмір Шыныбекұлы «Шым­кент ескі қалашығы» тарихи-мә­дени мұра ескерткіші Шымкенттен өзге еліміздің ешбір қаласында жоқ екенін айтады. «Біріншіден, ескерткіш 1864 жылдың қыркүйегінде Ресей отарлаушы әскері зеңбірекпен атқылап басып алған қамалдың дәл үстінде салынған. Екіншіден, ескерткішті салушылар тарихи деректерге сүйене отырып, қамалдың ХІХ ғасырдағы кейпін барынша сақтауға тырысқан. Қамал қақпасынан кіріп келе жатқан түйелі керуен, хакім сарайын күзеткен сауыт киген дулығалы сарбаздар мүсіндері қиялыңды тарих тылсымына еріксіз жетелейді. Тіпті қамалдың биік қабырғаларының үстіне сол замандағы зеңбіректерге дейін қойылған. Одан өзге алдына астық сақтайтын үлкен құмы­ралар қойылған құжыралар, оның ішін­дегі ошақ, нан жабатын тандыр сізді ХІХ ғасырға апарып тастайды. Қамалдың шы­ғыс жақ сыртында орналасқан жәрмеңке сізді бүгінде аңыз болған шығыс базарына енгізеді. Болашақта биік мұнара салынып үстіне телескоп орнатылса, келушілер күндіз қаланың үстінен тамашалап, түнде аспан әлемін бақылар еді. Сондай-ақ дәл осы жерден астрономия үйірмесін ашуға болады. Қаламыз туризм орталығы болсын десек, алдымен өзіміз турист болуымыз керек. Әлемнің көптеген қаласы түгілі, мемлекеттерін туризм асырап отыр. Мынау ескерткішті алдымен қала тұрғындары өздері көріп, насихаттамаса кімге өкпелейміз? – дей­ді Өмір Шыныбекұлы. Сондай-ақ ұстаз қала тұрғындарын ескі қалашықты барып көруге шақырып, бірқатар ұсыныс­ын да білдірді. – Мектептердің дене шынықтыру пәндерінің мұғалімдері онлайн оқудың кесірінен балалар­дың мүлдем әлсіреп қалғанын айтуда. «Бұ­рын 6-7 айналым жүгіретін балаларды қа­зір 2 айналымнан артық жүгіртуге қорқа­сың. Тез ентігіп қалады», дейді.

Балаларды таза ауаға жиі шығару керек. Шымкент қаласының білім бас­қар­масы қала мек­тептері тарих пәні мұға­лім­дерінің күнтізбелік жоспарына әр сынып­қа жылына бір рет осы ескерткіште сабақ өтуді қосуды ұсынса, өз басым қос-қолдап қолдар едім».

Сансыз бабтар мекені

«Сайрамда бар сансыз баб, Отырарда отыз баб, Түркістанда түмен баб, бап­тардың бабы – Арыстан баб» деген тәмсіл ел арасында кеңінен таралып кеткен. XI ғасырда Сайрам ислам дінін қазақ да­­ласына таратудың орталығы болып қа­лып­тасқаны тарихи деректерден бел­гілі. Мұнда көптеген діни ұстаз бен ғалым тұрды. Осы себепті де «Ата­ме­кен» ақпараттық-танымдық экспедиция­сы киелі Сайрамның кесенелеріне зиярат етуді жөн санады.

Сансыз бабтар мекеніне келушілер әдетте ең әуелі Ибраһим ата кесенесіне ат басын тірейді. Ибраһим ата – рухани тәлімгер, діни көсем әрі осы өңірге танымал уағызшы, атақты сопы Қожа Ахмет Ясауидің әкесі. Тарихшылардың пайымдауынша, кесене XVI-XVII ғасырларда салынған, қатты жер сілкінісі кезінде кесене күмбезі құлағаннан кейін басқа қалыпта XIX ғасырда қайта тұрғызылды. Ибраһим ата кесенесі – әйгілі уағызшы мазарына қойылған сәулет ескерткіші. Шымкент қаласы Сайрам тұрғын алабында биік төбеде орналасқан. Ибраһим ата текті отбасынан шыққан, табысты жер өңдеуші болыпты. Халық арасында оның әулиелігі мен уағыз айту қабілеті жай­лы аңыздар көп тараған. Мұқтаж жан­дарға көмектесіп, тақуалық өмір сүр­ді және мыңдаған ізбасарға ислам дінін уағыздады. Күмбез құлап қайта қал­пы­на келтірілген кезде кесене төбесі ақ жа­пырақты қаңылтырмен қапталып, ортасына сүйір ұшты мұнара орнатылды. Халық арасында рухани азық беретін, арман-тілектерді қабыл ететін, адасқанға жол көрсететін, пана болатын, ауруды емдейтін, тынысты кеңейтетін қасиетті, киелі, әулиелі жер болып саналады.

Қазақстанның киелі жерлерінің картасына енген және бір нысан – Қарашаш Ана кесенесі. Шымкент қаласы, Қаратау ауданы Сайрам тұрғын алабында орна­лас­қан тарихи кесене ұлы уағызшы, со­пы Қожа Ахмет Ясауидің анасына ар­на­лып салынған. Түркістандағы Ясауи кесенесін көруге ниеттенген адамдар, ал­­дымен Иб­раһим ата, Қарашаш ана­ның ке­се­несіне барып, зиярат жасайды. Қара­­шаш ана туралы деректер көп сақ­талмаған. Де­генмен түркі халықтары арасында дана­лығымен, білімімен, діни сауатымен, көре­генділігімен есте қалған жандардың бірі болғаны аңыз-әңгімелерде көп айтылады. Оны аналық қасиеттің белгісі ретінде құрмет тұтады. Толқын шашы қап-қара ұзын болғандықтан, ел арасында Қарашаш атанып кеткен екен. Өз дәуірінің көзі ашық, әдепті әйелі болған деседі, бала сүйе алмай жүрген әйелдерді емдеп, қасиет қонған алақанымен уқалап шипасын беруден жалықпаған екен. Сыр­­қат емдеумен қатар, түс жори ал­ған. Кесененің өзі порталды-күмбезді құ­­ры­лыс. Құрылыстың мұндай типі бұл өңір­де көп кездеседі. Ортағасыр дә­уі­ріне жататын күмбездің алғашқы құ­ры­лысы ХІІІ ғасырда Әмір Темірдің бұй­­­рығымен салынып, уақыт өте келе таби­ғи жағдайдың ықпалымен бірнеше рет қирап, қайтадан тұрғызылды. Қазіргі кесене ХІХ ғасырдың ортасында салынып, жан-жағы күйдірілген төртбұрыш кірпіштен қаланған. Сондай-ақ құрылыс барысында ағаш пен саз қолданылған. Кесене сапалы материалдан және ерекше ұқыптылықпен тұрғызылған. Екі ға­сыр ширегінде негізі бұзылмаған деуге болады. Құрылыста қолданылған ағаш бөлшектер және ағаштан ойылған ою-өрнек те шірімеді. Кесененің орталық бөлігінде мәрмәр тақтайшаларымен қап­­талған Қарашаш ананың бейіті орна­лас­қан. Қарашаш ана мазарының жанында оның жақындары – Ибраһим қожа, Сүлеймен қожа, Сәлім қожа мен Дәуіт қо­жа­ның бейіттері орналасқан.

Экспедиция мүшелері ислам мәде­ние­ті­нен сыр шертетін бірегей нысан – «Қы­зыр» мұнарасына барды. Сайрам өңі­рі ислам дінін қабылдаған соң, елді ме­кеннің орталығында үлкен мұнара мен мешіт тұрғызылып, ел-жұрт оны «Қы­зыр» мұнарасы деп атап кеткен. Көзі ашық, көңілі ояу діндарлар Қы­зырды көзі тірі пайғамбарлардың бірі деп есептеген. Оның Қызыр атану се­бебі, ол отырған жердің түсі әп-сәтте жа­сылға айна­лады екен. Жасыл түс пен жер дү­ние­нің көктеп, гүлдеуін араб тілінде «хез­ра» деген. «Visit Shymkent» туристік ақпа­раттық орталығының менед­жер-кеңесшісі Гүл­нар Бекмұратова мұна­раның биіктігі жер сілкінісі салдары­нан 10,5 метрден қазіргі 5,7 метрге дейін шөк­кенін айтады. Шым­шаһарды туристік орталыққа айнал­дыру мақсатында атал­ған нысандарды күтіп-баптауға үлкен мән берілуде. Осы орайда «Қызыр» мұнарасын зерделеп, реставрация жүргізу бағытында тарихшы-археологтермен бірлесіп жұ­мыс атқарылуда. Мысалы, Шымкент қалалық туризм және сыртқы байланыс­тар басқармасының және «Рухани жаң­ғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің бас­тамасымен биылғы жылдың ақпан айын­да меценат Бауыржан Мырзатаев­­тың демеушілігімен мұнараның аумағын абат­­тандыру жұмыстары жүргізіліп­ті. Ол тарихи жәдігерімізді жөндеп, қалпына келтіру жұмыстарына 15 млн теңге қар­жысын салған. Айта кетейік, Шымкент қаласынан «Қазақстанның киелі жер­лері» жобасы бойынша республикалық маңы­зы бар 7 нысан енген. Соның бірі – «Қы­зыр» мұнарасы. Экспедиция мүшелері үшін­ші мегаполисте туризмді дамыту бағытын­да атқарылып жатқан тағы бір істен хабардар болды. Туризм және сыртқы байланыстар басқармасының ұйымдастыруы­мен «Shymkent 2200: Туристік креатив­ті қала бейнесі» конкурсы өткізіліп, медиа, IT-жоба, креативті архитектура, ту­ризм­дегі креативті қызметтер, қаланың қол­өнер бренді және гастрономия салалары бойынша 70-тен аса өтінім түскен. Өтінімдердің басым бөлігі IT-жоба мен креативті сәулет салаларының үлесінде. Әр жобада Шымкент қаласын креатив­ті қалаға айналдыру мақсатында шаһар­да бұрын-соңды болмаған дүниелер де бар. Конкурс жеңімпаздары туризм күніне орай өткізілген форум-көр­меде марапатталды. Форум-көрмеде қала­ның туризм индус­триясын дамы­ту мүмкіндіктері қарас­тырылған.

Жоға­рыда айтып өткеніміздей, қала аума­ғында ежелгі Сайрам тұрғын алабында сопылық ілімнің негізін қа­лаушы Қожа Ахмет Ясауидің ата-ана­сы­ның кесенелері орналасқандықтан да ма­мандар оңтүстік өңірінің сакралды ту­ризміне саяхат Шымкент қаласынан бас­тау алатынын айтады. Бәйдібек би ес­керт­кіші, «Қазына» этно-кешені, Жай­лау­көл саябағы, А.Асқаров атын­дағы дендро­­саябақта болып, Арбат ала­ңын­дағы «Visit Shymkent» туристік ақпа­­рат­тық орталығының ақпараттық дүң­гір­шегі жұмысымен танысқан экспеди­ция мүшелері туризм саласына қатысты мағлұматтар алды. Мысалы, маусым айын­дағы мәлімет бойынша Шымкентте ту­рис­терді қабылдайтын 125 бизнес-нысан тіркелген. Оның ішінде бес жұлдызды 2 қонақүй бар.

Сондай-ақ қалада 1 904 қоғамдық тамақтану орны тіркелген. Бас­­қарманың мәліметіне қарағанда, биыл бі­рінші жар­тыжылдықта Шымкент қа­ла­­сына 158 224 турист келген. Оның ішін­­де 152 801 резидент, ал 5 423 рези­дент емес саяхатшылар. Турис­тердің ба­­сым көпшілігі – Ресей, Өзбекстан, Түр­кия және Қыр­ғызстанның азаматтары. Білік­ті мамандарды даярлау – бүгінде өзекті мәселенің бірі. Олай дейтініміз, Шым­кенттегі 11 мемлекеттік колледж­дің тек біреуінде ғана туризм саласына қатысты мамандар даярланады екен. Индустрия және тамақтандыру сервисі колледжін өткен оқу жылында дая­шы, аспазшы, кондитер, гид-экскурсовод ма­ман­дықтары бойынша 379 түлек оқу бітір­ген. Туризм саласының мамандары туризм индустриясын қалыптастыру үшін портьер мен даяшыдан бастап, қонақ­үйдің басшысы мен менеджеріне дейін қалада даярлануы тиіс екенін айтады. Сондай-ақ Шымкент қаласында туризмді дамыту бағдарламасын әзірлеу – өзекті мәселе. Сала мамандарының пікірінше, бағдарлама қаланың туристік ресурстарын ашуы және олардың тиімділігіне баға беруге тиіс. Ең табысты экскурсиялардың сипаттамасын ұсынуы, сондай-ақ қазіргі кезеңдегі қаланың туристік әлеуетін дамыту перспективаларын анықтауы қажет.

 

Шымкент