• RUB:
    5.52
  • USD:
    475.62
  • EUR:
    519.23
Басты сайтқа өту
Өнер 04 Қазан, 2021

Халық поэзиясындағы жарқын құбылыс

353 рет
көрсетілді

Жамбылдың ақындық болмыс-бітімі, екі ғасырды тоғыстырған өлең-жыр­ла­ры, дастандары жайлы айтылған ой-тұ­жы­рым­дар мол-ақ.

Ұлы ғұлама М.Әуезов Жамбылдың ақындық шеберлігін танып, оны сүйіспеншілік лебізімен кеңінен тол­ға­ған еді: «Жамбылдың үлгісі мен мек­те­бі алыстан, халықтан, халықтық ру­хани қазынадан, халық даналығынан басталады. Сондықтан да Жамбылдың атақ-даңқы күллі әлемге әйгілі болды». Кемеңгер классик «Совет ақындарының айтысы» мақаласында Жамбылды «қазақтың ха­лық поэзиясының алыбы» деп бағалай келе, «Революциядан бұрын талай айтыста сан ақынның алдын ораған, топ жарған ақындар: Шашубай, Нұрпейіс, Доскейлер де Жамбылдан өрнек алып, өздерінің суырып салма ақындық өнер қуаттарын халық тілегіне бағыттады»,  деп ерекшелеп көрсетті. Бұл пайымдауды қазақ әдебиетінің тағы бір классигі Ғабит Мүсірепов өз тұжырымымен то­лық­тыр­ды: «Жәкең қазақ халқынан шыққан жаңа заманның Гомері дейміз. Жәкең шығармалары ғасырдан-ғасырға кетеді. Халық ақындарынан шыққан мұндай алып ақын болған емес. Еш уақытта, ешбір тарихта жүз жасаған ақынның ең соңғы сағатына дейін ақындық қуаты­ны­ң сарқылмағанын ешкім білген емес. Жамбыл – қазақ өлеңіндегі ұлы құ­бы­лыс. Оны адам да, заман да, уақыт та мойындаған. Ол жалыны бөлек, жаратылысы өзгеше дарабоз дарын». Ғабит ақ­сақал бұл пікірін сонау 1945 жылы-ақ «Алып ақын атамыз» деген жүректен тербе­ген мақаласында айтқан екен.

Қазақ әдебиетінің үлкен жанашыры, хаттарында ілтипатпен «өздеріңнің Ілекең» деп жазатын Леонид Соболев те ғажайып жыр жампозына деген таң­да­нысы мен толғанысын ұлағатты ой­ларға тоғыстырады: «Жамбыл шын мә­­нінде әдебиет тарихында болып көр­меген құбылыс. Жамбыл халық шы­ғар­ма­шы­лы­ғын шырқау биікке көтерді. Абай жазба әдебиеттің негізін салды» деп екі тұлғаның өзіндік ерекшелігін сараптап, пайымдады: «Абай мен Жамбыл міне советтік қазақ әдебиеті өзгешелігін сипаттайтын екі символдық атау. Абай мен Жамбыл – қазақ әдебиетінің екі алыбы ретінде, өзі­нен кейінгі ақын-жазушылардың бәрінің шығармашылығына ықпал еткен тұлға».

Сонау ХV ғасырдан бастау алған ұлан-ғайыр қазақ әдебиеті мұраларын мақтанышпен атай келе, Абай мен Жамбыл шығармашылығының екі ғасырдағы ерекшелігін, мән-маңызын айқындап, саралау, бағалау – игі парызымыз. Біз бұл пайымдау, лебіздерді бекер қайталап отырған жоқпыз. Олай дейтініміз, ұлы­лар­дың бірін биіктетіп, екіншісін аласартып, бірін даралап, екіншісін алалап, көреалмастық, қызғаныш пен жершілдік, рушылдық күйінішпен қайдағы бір күл-қоқысты бықсытатындар әр кезеңде де табылады. Тіпті Жамбылды «қолдан жа­сал­ған ақын, өлеңдерін Ғали Орманов сияқты хатшылары өңдеп, жазып берген» деген санасыздық сандырақтар естіліп қалады. Мұндай сыңаржақ пікірлерді оқыған, тоқыған, сол заманды көзімен көрген көне­көздер де көсілте соғады. Ол аздай со­лардың сөздерінің оң, солын ажырата алмаған кейінгі жастар да ескінің күлін бық­сытады.

Жамбылдың ақындық дарынына, ерек­ше суырып салмалық қабілетіне, ұзақ жырларды жатқа айтатын сұң­ғы­ла жыршылдығына, қалт еткенді қал­жы­ңымен қағып түсіретін тапқыр әзіл­қойлығына, әр нәрсенің байыбын аңға­рып, байсалды ой толғайтын табиғи таны­мына шек келтіру мүмкін бе?! Ұлы Мұхтар Әуезовтен артық ешкім айта алмас. Олай болса, Жамбыл ақын жайлы тереңнен толғаған ақиқаттың пайымдауына зер салайық: «Тек шын ақындық қана көңілге қона кететін теңеу, бейнелеумен сөйлейді. Айтқанының, ұқсатқанының дәлдігінен қашып құтыла алмайсың, жалтара алмайсың, тап басады... Біз көріп жүрген ақындарымыздың ішінде дәл осы жөнінде Жамбылдың теңдесі жоқ», деп ақындық дарынының ерекшелігін айқындайды да, сайқымазақта, әжуада, мысқыл қалжыңдағы ақын тапқырлығын даралайды. «Жамбыл суретші болса шар­ждың, пьеса жазушысы болса коме­дияның, гротесктің барып тұрған шебе­рі болар еді», деп қабілет-қарымын баға­лай­ды. Жай ғана бағаламайды, дәлелді де дәйекті тұжырым жасайды.

Жамбылдың ақындық талантын дә­лел­деу үшін ақын өмір сүрген екі ке­зеңдегі шы­ғармашылығын салыстыра саралаған ләзім. Алдымен, Қазақ елін патшалық Ресей отарлаған замандағы дүниеге келген өлеңдерін, айтыстарын талдамақпыз.

Жамбылдың суырып салмалық да­рын­дылығы халқымызды ғана емес, көз көрген басқа ұлттарды да таңдандырып, тамсандырып, ерекше әсер шаттығына шарпыған. Соның бір куәсі – соғыс жыл­дары Қазақстанға келіп, қазақ театр өнерін жандандыруға ерекше үлес қос­қан талантты режиссер, танымал өнер қай­рат­кері Н.Сац өзінің М.Әуезов туралы есте­лі­гінде Алматыдағы опера және балет театрын­да­ғы бүкілхалықтық мерекеге арналған айтыстағы әсерін, Жамбылдың суырып сал­малық өнерін сүйсіне сипаттайды.

«Жамбыл шығады» деп жариялаған кезде, залдың дүрлігіп кеткені сондай, егер жадырай күліп, қолдарын сермеп, бө­ріктерін бұлғап жатқан жұрт болмаса, «жер сілкініп жатыр ма екен» деп те ой­лап қалуға болатын еді. Ұлы ақын ол кез­де тоқсан бестер шамасында. Ала­са­лау келген, сергек қимылды, қағы­лез Жамбыл аттан жаңа ғана секіріп түс­кен кісі сияқтанып ширақ басады және қа­лың жұрттың қуана құттықтағанын бүйт­пе­ген­де қайтеді дегендей сол күйінде қа­был­дап жүре береді.

«Бис» деген айқай залды сілкіндіріп жіберді: Мен Жамбылдың көптеген өлең­де­рін білуші едім, (әрине, аударма ар­қы­лы) және оларды әсіресе «Бесік жырын» жақсы көретінмін.

Менің байқауымша, Жамбыл лирик болатын. Ал мына арада, айтыста, ол қаумалап келген халайықты қайтсе де қыран-топан күлдірмек болып, барын салатын, жанын салатын ел ішінің ерке тентегі сияқтанып көрінді. Оның не айтқанын білмеймін, әйтеуір зал ішін күл­кі көміп, жұрт мәз болысып, дүркіресіп жат­ты, әсіресе, еркектер жағы­ның есі кетіп, өз­геше күлісті-ай келіп».

Көз көрген осы бір көріністен-ақ Жам­былдың төкпе жырдың жүйрігі, тап­қыр ойдың алғыры, сөздің шебер ұстасы бол­ған­дығы тәнті етеді. Жамбыл­дың суырып салмалық ерекшелігі өз заманында да, кейінгі кеңестік кезеңде де лайықты баға­ланды.

Абайдай адамзат алыбы мұраларын зерттеп, қаншама кітап жазған ғұлама Қайым аға да көреген бе деп қаласың. Тоқ­сан тоғыз толғауын аузына құдай салды ма, ақын 100-не сәл ғана жетпей қалды.

Көрнекті ғалым Қ.Мұхамедханов 1938 жылы Жамбылдың шығармашылық жо­лы­­ның 75 жылдық тойына ұзақ толғау ар­напты.

Бұл толғауды 20-22 мамырдағы Жазу­шы­лар одағы пленумында оқыған. Онда:

Домбырасын қолға алып,

Қырандайын қомданып.

Тоқсан тоғыз толғанып

Жырдан жібек есіліп,

Кең даламда көсіліп,

Тасыды, қарт, тасыды, –

деп келетін жыр жолдары ақынның қабі­ле­тіне құрмет белгісіндей көрінеді.

Тоқсаннан жасы асқанда,

Жүзге аяқ басқанда,

Жарқын жүзі жадырап,

Күлімдеп күні аспанда –

деген шумақтан дәл болашағын болжап сезгендей көрінеді.

«Ел қаһарын жырлаңдар» атты 1943 жылғы өлеңінде Нұрлыбек, Төлеу, Архам, Тәңірберген, Сапарғали сияқты халық ақындарын ерекшелей келе,

«Маршалдық ту ұстаған

Жамбыл алып,

Сарбазы өңшең саңлақ

соңына ерген»

деп Жамбылды ақындықтың маршалына теңеп, мәртебесін биіктете түседі.

Жамбыл Құдай берген жасын құрмет­пен лайықты өткерді. Қарттықтың құрса­уын­да қаусап қалмады. Қайраттанып, қуат­танып, домбырасын қолға алып жырын төкті. Оған дәлел тоқсанға келгендегі мы­на бір жан толғанысы:

Жамбылдың ардақталып бұлбұл сөзі,

Гауһардай нұрын төккен екі көзі.

Тоқсанда қайтып алып

жиырма бесті,

Жасарып қарт бабаның тұрған кезі.

Ақын Тәңірдің өзіне берген дарынын да, құрмет-қадірін де аялап, ардақтай білді. Қазақ халқының атынан сонау Мәс­кеуде ел басшылары алдында жырымен жұртының жүрегін баурады. Қа­зақ халқын қорлау мен кемсітудің шо­винистік шатпақтары шарықтап тұр­ғанда жат жұрттың назарын аудартты. Кең-байтақ жері бар халықтың кеңінен жыр толғайтын дарындарға дарқан екен­дігіне көз жеткізді.

Қазақтың белгілі жазушысы әрі кө­сем­­­сөз шебері, драматург Қапан Саты­балдин атақты ақын-жырау өмірінен көз көріп, куә болған жай туралы «Жам­былмен жиырма тоғыз күн» деген очерк жазған. Өкінішке қарай, очерк аяқ­талмай қалыпты. Сол очеркінде ақын­мен сапарлас кезінде жол бойы байқағандарын жазушы қаз-қалпында, еш әсірелеусіз, терең сезіммен, шынайы сүйсініспен білдірген.

«Жәкең екеуміз бір купедеміз. Қазақ өлеңінің қарт атасы Жамбылға қарай берем. Жәкең көбінесе терезеге қарап, жер көріп отырады. Жасы жүзді алқымдап жүрсе де, жай қарамайды, сергек, кейбір қарт­­тар секілді көп қисая бермейді. Қол­­мен ұстаған әсем таяғын ақырын ты­­­қыл­датып, ыңылдап өлеңдетіп отырады. Жамбылдың жаратылысынан ақын екені, өлеңсіз өмірі жоқ, күні жоқ еке­ні байқалады, ермегі де өлең екені байқалады. Ағып тұрған өлең. Бір минут өлеңсіз отырмайды. Оны-мұны өлең­де­тіп, қолма-қол ұйқастырып отырады. Аузынан өлең кетпейді. Әттең, жасы ұлғайып кеткеніне өкінесің. Әйтпесе, Жамбылдан лириканың жеті атасы шығар еді».

Очерктегі осынау жолдардан қарт ақынның кәрілікке қарамастан, сүйікті өлең-жырына деген ыстық сезімінен айны­мағанын аңғарамыз. Жамбылға жырды Жаратқан ием жанының қуаты деп дарытқандай. Ақын жырдан бойына жігер, ойына шуақ алды. Бір минут өлеңсіз отырмауы да осыдан болса керек «Оны-мұны өлеңдетіп, қолма-қол ұйқастыруы да» – еріккеннен ермек ету емес, бұл ақындық машық. Атақты жырау өмір дағдысына өлеңді рухани серік етумен бірге, оны баласындай күтіп аялады. Аузынан өлең кетпеуі де өлеңге, өнерге деген қуат­ты құштарлығын, іңкәр ілтипатын ай­қын­дай­ды. Жамбылдан ли­риканың жеті атасы шығар деген ма­­дақ­тауы да көз көрген шындықтан, ақын­­ның шабытты шағынан алған әсер­ден туындаған ізгі ойы. Ақиқат сыр өлеңмен өмірін өрнектеген жыр алыбының әрбір сәті – ағындаған поэзия. Бейне қантамырының соғысындай жырмен тыныстаған, жырмен бақытын тапқан Жамбыл бабамыз халық сүйген дара дарын, арқалы ақын ретінде ардақталды.

Жетісудың танымал ақындарының бірі Үмбетәлі Кәрібаев та жасынан талантына куә болған Жамбыл ақынға ұзақ өлең арнаған. Күрең жорғаға мініп алып, тау-қырды шабыттана аралап жүрген ақынның шат көңіл күйін тұлпарының сұлу түр-тұрпатымен, әдемі жүрісімен шендестіре бейнелеген.

Дарынды Жамбыл сен едің,

Өлеңге дарқан кең едің.

Қадіріңді білгенге,

Асқар таумен тең едің.

Айналаңда біз қайық,

Сен бір үлкен кеме едің, –

деп ақынның тұлғасын асқар Алатау биігіне өрлетеді. Өлеңге дарқан, кеңдігі де ша­бытының жүйріктігін, ойының шалқарлығын, ақындық жүйріктігін ерек­ше­лігін айқындайды.

Ақындар Жамбыл тұлғасын асқар Ала­тау­ға теңеп асқақтата жырлады. Кезінде хатшысы болған, ақын інісі Ғ.Орманов та очеркін «Алатау сынды ақсақал» деп таумен астастыра атады. Жамбыл ақын өзінен кейін Кенен, Үмбетәлі тәрізді бір шоғыр дарынды ақындарды баулып өсірді. Өлең өнерінде ақындық-жыршылық мектептің негізін қалап кетті. Сол кездегі халық ақындарының бәрі де Жамбылды аса қадірлеп, ұстазы санады.

Қазақстанның халық жазушысы Ә.Нұр­­шайықов мақаласында соғыс жылдары майданда жүрген кезін еске алып, «Шұ­ғылалы шумақтар» газетке басыла­тын патриоттық өлеңдерді Жамбыл үлгі­сі­мен жазып, солдат мұңын, оның ішкі жан сырын айтуға келгенде Абайды алға ұс­таған, соған еліктеген сияқты», деп ағынан жарылады.

Расында да Абайдың классикалық поэзиясы жалпы қазақ әдебиеті көркем­ді­гінің үлкен үлгісі болса, жыр алыбы Жам­былдың халық ауыз әдебиетінің бай дәстүрлерін жинақтаған жыр дас­тан­дары да суырыпсалмалық қабілеттің ерек­шеліктерімен әдебиетшілерді де, оқыр­ман­дарды да қызықтыра тартқаны белгілі.

Жамбылдың даңқы дүрілдеп тұрған кезде көре алмас, қызғаншақ зиялы – сымақтардың оны әртүрлі сылтаумен даттап, айыптауына қарсы тұрған. Ақын-жыраулар туралы зерттеуінен де, жекелеген мақалаларынан да Жамбылдың ерекшеліктерін жарқырата көрсеткен. Жамбыл туралы орыс жазушысы, аудармашысы П.Кузнецов та шығарма жазды. Д.Снегин де романдарында көз көрген жайларды шынайылықпен бейнеледі.

Сырдың жырдағы дара жүйрігі Нар­тай Бекежановтың жаңадан табылған өлеңі Жамбыл дүниеден қайтқан кезде, қырғыздың қос ақыны Оспанқұл мен Әлімқұл жырмен көңіл айтқанда Мұхтар Әуезов оған жырмен жауап беруін өтінуден туған. Алдымен Кенен мен Үмбетәлі жырмен Жамбылды жоқтаса керек. Бәрін үнсіз байқап отырған Нартай ақын сырнайлата екі ақынның жұбату жырларына өз ниетін білдірген. «Жүректі шемен шер басқан» шақта, Алатау асып, ағайындық бауырмалдығын көрсеткен, «жырымен медет берген» қырғыз хал­қына, ақындарына ризашылығын жет­кіз­ген.

Құрманбек Бекпейіс аузынан жазып алынған бұл жырда халық таланттарының бір-біріне деген сыйластығы, көңіл жарас­ты­ғы, ақындық өнерді, халықтық дәстүрді құрметтеуі сезілді. Сонымен бірге Нартай ақын­ның Жамбылдай жақсыны бағалап, ардақтауы, аруағына тағзым танытуы азалы жырдан аңғарылады.

Қасиетті еді қара нар,

Көшіңді еркін бастаған.

Асқартау еді айбынды,

Асулап әркім аспаған.

Ғажайып мына заманның,

Жүйрігі еді баптаған.

Абдырап қалды қалың елі,

Жақұтын жырдың жаттаған.

Қазалы болдық, қайтейік,

Келмеске кетіп қарт бабам.

Ақын Жамбылды қазақ жырының көшін еркін бастаған қара нарға теңеген. Асулап әркім аспаған, айбынды асқартау деп атақ-абыройын Алатаудан аспанда­тып асырады. Ғажайып заманда хал­қы баптаған жыр жүйрігіне балайды. Ақы­ны­нан айырылған қалың елдің қай­ғыдан абдырап қалғанын уайымдайды. Ақынды ақыннан артық бағалау қиын. Ақын аузынан шыққан шынайы лебізі, тәтті тілекке не жетсін! Нартай ақынның Жам­был­дың поэзиясын бір ғана «Жақұтын жыр­дың жаттаған» деп мадақтауы халық таланттарының бір-біріне деген ыстық ықыласын, аға­лы-інідей сыйластық сүйіс­пен­шілігін сез­діртеді.

«Болашақ күнді болжаған, көреген еді кемеңгер» деген Нартай ақынның кең көңілінен ұшқан тілеулестік бағалаулар керемет-ақ. Ел қамы үшін елеңдер көсемге теңеуі де тосын әрі таңдай қақтырады. Неге дейсіз бе? Әдетте ақындарымыз көреген күн көсем деп социализм заманында Ленинді жырлап дәріптеді. Небір мықты, әдемі де тапқыр теңеулерді пролетариаттың ұлы көсемінің келбетіне теліп, түйдектете жыр төкті. Нартай ақын осындай керемет халықтық бейнелеу үлгілерін Жамбылдың болмыс-бітіміне арнады. Кезінде өлең жарияланған күнде де ақынның маңдайынан сипамас еді. Екі ғасырды өткерген ұлы дарынның зор атақ-абыройға кенеліп, халықтың құрмет-сыйына бөленгенін, елінің мерей-мақтанышына айналғанын қастерлеп еске алады. Ұлы Абай бойындағы әулиелік, болжампаздық қасиеттерімен көрінсе, Жамбыл да бұл ерекшеліктен кенде емес. Ел арасындағы әңгімелерде көрегендігі, көріпкелдігі де айтылады.

Сырдың жыр саңлағы Нартай Жам­был­ды заманындағы ақындық көштің көреген көсемі, көшбасшысы, ұстазы ретінде дәріптейді. Әрине, жоқтау, жұбату жырының мазмұны елде қадір-құрметке кенелген танымал тұлғалардың аруағын ардақтауға құрылады. Жырда шалқар шабыттан төгілген, шынайы жүректен шыққан бағалаулар мол. Нар­тай ақын жырлағанда жанында бол­ған Мұхтар Әуезов, Әбділда Тәжібаев сияқты та­лант­тар тамсана тыңдап, риза­лық ние­тін біл­дір­ген.

«Мұны естіген Мұқаң бастаған қазақ зиялыларының үстінен ауыр жүк түс­кен­дей болады. Бауырлас екі елдің азаматтары қайта көрісіп, Нартайға риза болған. Әуезов «Келші, нарым, нағыз ел үшін жаралған жан екенсің», деген екен»,  деп қорытындылайды автор. Әлбетте, ағайын елдің ақындары алдында Жамбылдай ұлы дарынның абыройын асырып, аруағын ардақтаған, ақ жүрегінен алқалап асыл жырын ақтарған Нартай Бекежанұлы да текті талант екенін танытқан.

Абайға да, Шоқанға да жасалған қиянат-қорлық, көреалмастық Жамбылды да айналып өтпеді. Есімі Одаққа таныла бастаған шақта қызғаныш қоламтасын қоздатқан рушыл есерсоқтар, сонау Мәскеуге, Кремльге хат жазып, мұн­дай ақын жоқ деп көкісе керек. Оған Л.Со­бо­левтей қазақ әдебиетінің білгі­рін жі­бергенде, ақынмен кездесіп, әңгі­ме­ле­сіп, өлеңін тыңдап, сүйсінген жазушы қайтарында толқып тебірене көкейдегі ойын маздатыпты.

«Бізге импровизациялық өнер өткен­нің романтикасы тәрізді ғой. Менің жеке басым «Сирано де Бержеракты» сахнадан он рет көруге әзірмін... Бірақ қазір де сондайлар бар деушілерге, өмір бойы өлеңмен, өлең болғанда қандай, классикалық өлеңмен сөйлейтін адам болады дегенге сенбеген болар едім. Ал Жамбыл «Манасты» он жеті күн, «Көрұғылыны» он бес күн айта алады, барлық қазақ эпосын, өзіне дейінгі ақындар айтысын жатқа біледі, бір басында миллионнан астам ұйқас бар дегенге енді сенбеске шарам жоқ. Жамбыл түсінде де өлең шыға­ра­тын болу керек, бұл ғажап екен! Мен үшін күнде Жамбыл университетінен өттім».

Міне осылай Жамбылды жоқтан бар жасағандай, жасанды бейнеде көрсеткісі келген кесірлі күл шашқыштардың шат­па­ғы батпаққа батқан. Ең бастысы Леонид Соболевтің ақынның суырып салмалық дарындылығына әрі көптеген қисса-дастандарды, эпикалық мұраларды жатқа білетін сұңғылалығына мәнерлеп, келтіре жырлайтын жыршылдығына, ол аз десеңіз әңгімешілдігін, айтқыштығын, көңілі көлдей шалқығанда әзіл-қалжыңмен айналасын қыран топан күлкіге, думанға бөлейтін сан қырлы ерекшеліктің бір бойында тоғысқанына көзі де жеткен, көңілі де сенген.

Ақиқат қашанда адалдық жолында жарқырайды. Жамбыл ақынға бұ­дан кейін де, күні бүгінде алғыр ақын­дығына, ғаламат адамгершілік болмысына көлеңке түсіріп, неше түрлі құйтырқы қиянатпен қорлағысы келетіндер де бар. Бірақ ондайлар Жамбылды жан-жақты оқып, білмек түгіл, жауыз пи­ғылдылардың жымысқы жолын жал­ғағысы келеді. Жасампаз жыр жам­позының жарқын тұлғасы, есімі жү­ре­­гінде жатталған елі барда ешқашан қор­ланбайды, аласармайды. Абаймен қатар домбыраның қос ішегіндей ұлттық поэзиямыздың екі ғасырдағы асыл алыптары, ұлы есімдері халық жүрегінде асқақ ардақтала береді.

 

Әнуар Тарақов,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология және әлем тілдері факультетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы