Өткен ғасырдың орта шенінде бүкіл КСРО назарын Қазақстанға аударған тың және тыңайған жерлерді игеру ел тарихында мәңгілік өшпестей болып соқамен жазылып қалды. Дәуір науқаны кезінде Қазақстанда 25 млн гектар жайылым астық алқабына айналды. Соның 4 млн гектары Қостанай облысына тиесілі еді. Облыстың бүгінгі инфрақұрылымдық негізі де осы тың игеру науқанынан басталады. Бұл жылдары өңірде 140 кеңшар пайда болып, мыңдаған агронысандар бой көтерді.
Тың игеру жылдары жоғарғы жетістікке жеткен 27 мың адам кеңестік ордендер мен медальдарға ие болды. Ал табандылық пен еңбектің ғажайып үлгісін көрсеткен 117 қостанайлық Еңбек Ері атағына лайық деп танылды. Олардың ішінде бүгінде есімі аңызға айналған еңбек қаһарманы Жансұлтан Демейұлы да бар.
Жансұлтан Демеев 1928 жылы Қостанай облысына қарасты Федоров ауданының Жыланды елді мекенінде дүниеге келді. Ата-анасынан ерте айырылып, жастай жетімдік тақсіретін тартқан бала Жансұлтан ағайыны Шәйкеннің қолында ес біліп, ер жетеді. Оның ерте есейіп, еңбекқор әрі табанды азамат болып қалыптасуына Шәйкен ақсақалдың тәрбиесі зор ықпал етті.
Балалық шағын сұрапыл соғыс жалмаған Жансұлтан Демейұлы тым ерте есейді. Оның еңбек жолы 1942 жылдан басталады. 14-ке енді толған бозбала соғыс жылдары Қостанай ауданына қарасты «Қызыл қорған» ұжымшарында қой бақты. Кейін Қостанайдағы механизаторлар даярлайтын мектепке оқуға қабылданады. Механизаторлықтың қыр-сырын үйрене жүріп, жер жырту, дән егу жұмыстарына белсене араласты. Бұл елге тұтқа боларлық ер-азамат бірі қалмай майданға кетіп, бар ауыртпалықты әйелдер мен әлі буыны қатып үлгермеген жасөспірімдер арқалаған жанкешті кезең еді. Белгілі журналист Геннадий Терец атақты механизатор туралы мақаласында: «Соғыс кезінде егін алқабындағы жер жыртатын ерлердің орнын 14-15 жастағы балалар ауыстырды. Үш түренді соқа сүйреген трактор иінтірегінен өздері көрінбейді» деп жазады. Темір техника сынып, істен шығып қалғанда қажетті қосалқы бөлшек жеткенше, өндірдей жас еңбеккер трактор орнына өгізбен жер жыртып, дән екті. Мектептен комбайншы куәлігін алып шықан ол 1944 жылы Александров ұжымшарының машина-трактор стансасына жұмысқа кірді. Алғашында комбайншының көмекшісі міндетін атқарып жүрді. Әр іске тиянақты, өзіне жүктелген міндетке аса жауапкершілікпен қарайтын талапты жасқа көп кешікпей жеке комбайн сеніп тапсырылды. Ол 1949 жылы орақ науқанында белгіленген міндетті 150-180%-ға асыра орындап, еңбек озаттарының қатарына ілігеді. Озат комбайншы 1952 жылы Щучинск механика мектебінде білімін жетілдіріп, біліктілігін арттырды. Ал 1954 жылы Қазақстанның ең алдыңғы қатарлы ауыл шаруашылық еңбеккерлерімен бірге Мәскеуде өткен бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмесіне қатысады. Жансұлтан Демейұлы 1954 жылы Павлов атындағы кеңшарға механизатор болып келеді. Мұнда да жоғарғы нәтиже көрсетіп, есімі кеңшардың Құрмет кітабына жазылады. Аты аңызға айналған еңбеккердің тың төсін дүбірлеткен диқан даңқы осылай басталған еді.
Тың науқаны шарықтау шегіне жеткен тұста одақтық бұқаралық ақпарат құралдары даңқты механизатор жайлы жарыса жазды. «Жансұлтан – мақтанышым менің», «Орақшылар тәлімгері», «Өз дәуірінің қаһарманы» деген тақырыптағы жерлесіміздің еңбек жолын дәріптеген мақала-очерктер жиі жарияланып жатты. Бұл жай ғана дақпырт емес еді. Сол дәуірдегі еңбек жетістіктері жайлы дерекке сүйенсек, 1956 жылы Ж.Демейұлы орақ науқанының 9-шы күні 6 мың центнер, ал 15-ші күні 10 мың центнердің үстінде астық орып, орақшылар көшін бастаған. Осы орақ науқанында атақты комбайншы 22 мың центнер астық жиып, ерен еңбектің үлгісін көрсетеді. Озат диқан сол жылы еңбектегі жоғары көрсеткіші және шеберлігі үшін «Қазақ КСР-нің таңдаулы комбайншысы» деген құрметті атаққа ие болды. Жансұлтан Демейұлының 44 жасындағы механизаторлық еңбек өтілі 29 жыл екен. Бұл жылдары ол бастырған астық 250 мың центнер болыпты, бұл деген 9 теміржол эшелонына тең. Өз өміріндегі отызыншы егін ору науқанына дайындық үстіндегі Демеев комбайнының бункерінде ақ жұлдызшалардың суреті салынған. Әрбір жұлдызша – мың центнер астық орғаны үшін берілген.
1957 жылғы 11 қаңтарда Ж.Демейұлына Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі. Оған қоса даңқты жерлесіміздің омырауына Ленин ордені мен «Балға мен орақ» алтын жұлдызы қатар тағылады. Бүкіл саналы ғұмыры мен жастық қайрат-жігерін өңірдің ауыл шаруашылығы саласының өркендеуіне арнаған еңбек майталманы 1982 жылы денсаулығына байланысты зейнетке шықты. Араға алты жыл салып аты аңызға айналған дәуір еңбеккері бұл дүниенің бейнет-рахатымен қош айтысып, бақилыққа аттанды.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттерін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» екенін қадап айтқан болатын. Елбасының тарихи мақаласы өңірдің рухани-мәдени өміріне ерекше серпін әкелді. Тобыл-Торғай топырағынан өсіп-өнген бірталай біртуар азаматтардың елге сіңірген еңбегі қайта зерделеніп, өнегесі ұрпаққа аманат етілді. Өлкетану, тұлғатану саласында қыруар іс тындырылды. Осы орайда, небәрі 29 жасында Еңбек Ері атанған жерлесіміз Жансұлтан Демейұлы есімінің ескерусіз қалып бара жатқаны жанға батады. Биыл туғанына 90 жыл толған толағай тұлғаның ерлікке толы еңбек жолы мен өнегелі өмірі өскелең ұрпақтың жадында мәңгілік сақталуы тиіс. Бүгінде Жансұлтан Демейұлының артында қалған ұрпақтары, оның көзін көріп, тәлімін алған бір қауым өңір азаматтары осыны айтып қынжылады. Еңбек қаһарманына туған жерінде де, өмірінің соңғы кезеңін өткізген Қостанай қаласында да еш белгі қойылмаған. Сондықтан облыс орталығындағы көшелердің біріне Жансұлтан Демейұлының есімі берілсе игі болар еді. Көпшілік көкейінде жүрген ой – осы.