• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 06 Қазан, 2021

Бірнеше Еуропа елі Қазақстанға сенім грамотасын табыстады

205 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ерлан Әлімбаев еуропалық елдердің Қазақстанға жаңадан тағайындалған елшілері – Албаниядан Кастриот Робо, Ирландиядан Брайан Макэлдафф, Норвегиядан Джон Микал Квистад пен Швейцариядан Дэвид Грихтингтен сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдады, деп жазады Egemen.kz.

Рәсімнен кейін Е.Әлімбаев жаңадан тағайындалған елшілермен жеке кездесу өткізді.

Елші К.Робомен кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Албания арасындағы негізгі құжаттар – сауда-экономикалық ынтымақтастық, қосарланған салық салуды болдырмау, құқықтық көмек көрсету және визасыз режим туралы келісімдерге қол қою мәселесін жеделдетуге уағдаласты.

Елші Б.Макэлдаффпен сұхбат барысында 2022 жылдың басында екі елдің дипломатиялық қарым-қатынасының 30 жылдығы мерейтойына арналған бірқатар мәдени іс-шара өткізуге келісті. Қазақстанның AIFC және Ирландияның IFSC арасындағы қаржылық ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Тараптар пандемиядан кейінгі өзара туризмді дамыту маңыздылығына баса назар аударды.

Елші Дж.Квистадпен Қазақстан - Норвегия қарым-қатынастарын дамыту мәселелерін талқылау аясында тараптар парламентаралық және мәдени диалогты нығайту жөніндегі жұмысты жалғастыруға келісті. Ослоның Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетудегі маңызды рөлін ескере отырып, норвегиялық тарап KazAID-пен ынтымақтастықты жолға қоюға, оның ішінде ҚР аумағында «Гуманитарлық хаб» жобасын іске асыруға қызығушылық білдірді.

Елші Д.Грихтингпен келіссөздер барысында тараптар ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Дүниежүзілік сауда ұйымының 12-ші министрлер конференциясы жұмысына қатысу және Швейцария Президенті Г.Пармеланмен келіссөздер өткізу үшін осы елге жоспарланған сапарының маңыздылығын растады.

«Жалпы, сұхбаттастар екіжақты қарым-қатынастардың барлық салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделілігін білдірді», деп жазады ҚР СІМ баспасөз қызметі.