Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған жылдар ішінде экономикасы қарқынды дамыған, рухани дүниесі берік орныққан, саяси бағдары айқындалған, өркениеттік демократиялық жолмен дамып келе жатқан жасампаз мемлекеттің іргесін қалады.
Қазақстан Республикасының тұрақты және өркениетті дамуына серпін берген Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1997 жылы қабылданған «Қазақстан-2030» Стратегиялық даму бағдарламасынан кейінгі биылғы 18-Жолдауының маңызы өте ерекше.
Елбасымыздың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауынан қоғамдық дамудың экономикалық, әлеуметтік, рухани байланысының негізі көрініп тұрғандай.
Жолдауда Елбасымыз Үкіметке 2014 жылдан бастап еліміздің әлемнің дамыған 30 елі қатарына енуінің негізгі 15 бағыты бойынша нақты тапсырмалар жүктеді. Бұл бағыттардың барлығы да уақыт талабымен үндескен, өте маңызды, сонда да елімізде ішкі жалпы өнім көлемінің өсімін 4 пайыздан түсірмеу, жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемін 13 мыңнан 60 мың долларға дейін, яғни 4,5 есеге арттыру, ғылымды қаржыландыру өсімін ішкі жалпы өнімнің 3 пайыздық деңгейінен төмендетпеу, қазақстандықтардың өмір сүру жасын ұлғайту, алдыңғы қатарлы және бәсекеге қабілетті ұлттық білім беру жүйесін қалыптастыру міндеттерінің маңызын ерекше атап өткім келеді.
2050 жылға қарай ғылымға бөлінетін қаржы еліміз ІЖӨ көлемінің 3%-ын құрайтын болса, бұл өте үлкен қаржы, сондықтан отандық ғылым өндіріс өнімдерінің құнын арзандатып, өндірілетін тауарлардың сапасын арттыратын болады.
Елбасымыздың «университеттердің дербестігін қамтамасыз ету керек» деген ойы жоғары білім саласы үшін өте маңызды. Бұл орайда еліміздің жоғары оқу орындары өз мәселелерін дербес шешіп, «Қазақстан-2050» Стратегиясы аясында алға қойған міндеттерін жүзеге асырып, академиялық еркіндікті айқындайтын болады.
Алдағы үш жыл ішінде еліміздің мектептерінде орын тапшылығы мәселесінің толық шешімін табатыны, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап білім алушылардың стипендия көлемінің 25 пайызға көбейетіні барша жас ұрпақ өкілдерімен қатар, педагогтар қауымын қуантып отыр.
Саламатты өмір салтын және медициналық-технологиялық дамудың арқасында қазақстандықтардың өмір сапасын арттыру, сол арқылы өмір сүру жасын 80 жасқа дейін ұзарту мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған әлеуметтік-экономикалық бағдарламалардың жасампаздығына көз жеткізіп келеді.
Бүгінгі күні елімізде инновациялық жобаларды дамыту, жүзеге асыру өзекті мәселеге айналды. Осыған байланысты баламалы энергия көздерін пайдалану, оны өмірге енгізу жұмыстары нақты қолға алынуда. Жолдауда елімізде мобильді және мультимедиялық, нано және космостық технологиялар, робот техникасы саласын, гендік инженерияны дамыту, болашақтың энергиясын жасау міндеті өмірлік маңызы зор міндет ретінде ерекше атап өтілді.
Мұндай күш-қуатымыздың салмақтылығы бізге бәсекелестік артықшылық мүмкіндігін бере отырып, елімізді жаһандық экономикаға еркін кірігуге жағдай жасайтын болады.
Жолдауда көрсетілген маңызды идеяның бірі Елбасымыз Мәңгілік Ел болудың 7 басымдығын атап көрсетті. Бұл жасампаз идея біздің ортақ тағдырмен, жалпықазақстандық шаңырақтың ұлттық идеясы аясында ел болашағының іргетасы мен барша қазақстандықтарды біріктіретін басты құндылық екендігі ақиқатқа айналған шындық.
Биылғы Жолдауда белгіленген басым бағыттар мен міндеттерді жүзеге асыру, еліміздің баянды болашағы жолында аянбай бірлесе еңбек ету, еңбектің берекелі зейнетін көру бүгінгі күні әрбір қазақстандық азаматтың қасиетті парызы болып қала бермек.
Алаштың анасы атанған қасиетті Сыр өңіріндегі іргелі оқу орны Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ұжымы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енудегі ұлттық стратегияның даму жолдарының, қазақстандықтардың өмір сүру деңгейінің және экономикалық сапаның қалыптасуына зор серпін беретін өз уақытының өскелең құжаты деп қабылдайды.
Қылышбай БИСЕНОВ, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қорқыт ата атындағы ҚМУ ректоры.