Бүгінде стартаптар мен IT компанияларға қандай мүмкіндіктер бар? Алматыда VC School венчурлық инвесторлар мектебінің бесінші кезеңінде жаңа жобаларға инвесторлар тарту жолдары талқыланды.
Demo Day алаңында стартаптар тың жобаларды таныстырып, инвесторлармен кездесу мүмкіндігіне ие болды. Табысты венчурлік инвесторлар, бизнес өкілдері стартаптар мен IT компанияларға инвестиция тарту тәжірибелерін бөлісті.
Осының алдындағы төрт кезеңде Astana Hub 100-ден астам кәсіпкерді, жаңадан бастаған инвесторлар мен компаниялар жетекшілерін инвестиция салу ісіне баулыды. Биыл білім курсына Алматыдан 20 қатысушы үшін офлайн және қалған өңірлер үшін онлайн оқу қарастырылған. Сонымен бірге VC School-ға қатысуға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Ресей, Беларусь, Ұлыбритания, Индонезия және Гонконг сияқты елдерден 200-ге жуық өтініш келіп түскен. Әлемде венчурлық инвесторлар, негізінен ер адамдар болса, VC School тыңдаушыларының 25 пайызын нәзік жандар құрады. Олардың арасында кәсіпкерлер, ірі ұйымдардың менеджерлері, инженерлер, талдаушылар, заңгерлер, жеке стартаптардың фаундерлері бар.
Astana Hub даму және экспорт жөніндегі басқарушы директоры Аркадий Селезнев Astana Hub-тың даму инс- титуты екендігін, ол стартаптардың пайда болып, даму мүмкіндігіне ие болулары үшін республиканың венчурлық жүйесін қалыптастыруға ықпал етіп жатқанын айтты.
Бұл іс-шараның мақсатты аудиториясы – стартаптар мен инвесторлар. Біріншісі – Smart citi Almaty, онда Алматының цифрландыру басқармасының мүддесіне сай бағдарлама жасайтын стартаптармен, екіншісінде жаңадан бастаған венчурлық инвесторлармен жұмыс істеу көзделген.
Стартаптар – жаңа инновациялық компаниялар һәм бұрын жүзеге аспаған жобалар. Мұндай жобаларда, әрине инвесторлар табысқа кенелмес бұрын тәуекелге де барады. Венчурлық инвесторлар дәл осындай тәуекелшіл топқа жатады. Алайда тәуекелдерді азайту үшін ақыл керек. Astana Hub инвесторларға тиімді жүзеге асырудың осындай мүмкіндіктерін ұсынып отыр.
Қазақстан және ТМД елдерінен келген VC School білім беру курсының тыңдаушылары жақын арада өз қаржыларын технологиялық жобаларға салудың тиімділігін қарастырды. Бәрі де – өз білімін, тәжірибесін және қаржысын стартаптармен бөлісуге дайын кәсіпкерлер мен өз машығын шыңдағысы келетін инвесторлар. Олар инновациялық экожүйенің ерекшеліктері, жобалардың пайплайнын қалыптастыру қағидалары және стартапты егжей-тегжейлі талдаудың қыр-сырын меңгеріп, ТМД-ның үздік инвесторларымен тікелей сөйлесу мүмкіндігіне ие болды.
YellowRockets Group компаниясының негізін қалаушы Сергей Богданов, YellowRockets.vc венчурлық қорының басқарушы серіктесі Дмитрий Сутормин және ФРИИ портфелінің басқарушысы Илья Королев венчурлық инвестициялар әлемінің ерекшеліктерін қамти отырып, қатысушылар үшін кеңейтілген бағдарлама ұсынды.
Astana Hub-пен ынтымақтастық барысы жайында айтып өткен Сергей Богданов акселерация бағдарламасына 3 жиынтық жасалғанын атап өтіп, стартаптармен жұмыс барысына тоқталды.
Дмитрий Сутормин өз кезегінде: «Қазақстанда венчурлік инвесторлардың экожүйесін дамыту мүмкіндігі жоғары. Бүгінде халықаралық нарыққа шығатын дамыған инфрақұрылым, мықты білім беру базасы венчурлық инвесторлардың жаңа отандық пулын құруға қолайлы», деп атап өтті.
VC School қатысушысы, мектептерге арналған OKOO жобасының негізін қалаушы Дінмұхамед Жүнісов өз бағдарламасының информатика мұғалімдерінің үй жұмысын тексеруін автоматтандырып жеңілдетуге арналғанын айтты. Сонымен бірге ол сабақтың интерактивті, қызықты болуын қамтамасыз етеді. Жобасы екі жылдан бері қолданыста. Нұр-Сұлтан, Орал, Ақтауда пайдаланушылары бар. Бұл жобаға алдағы уақытта Алматыдағы мектептер де қосылуы мүмкін.
Оқытушы болып жұмыс істеген Дінмұхамед Жүнісов мұғалімдердің жұмысын жеңілдететін бағдарламалар қажет екенін нарық өзі талап етіп отырғандығын айтты. Ерікті ретінде факультативтік сабақтар жүргізген ол мектептерде өзекті мәселелердің бар екендігіне көз жеткізген. Ал оларды шешуді технологиялардың көмегімен ғана жылдамдатуға болады. Алайда өнімді дамыту үшін инвестиция керек. Қазіргі кезде жоба жетілдіріліп, он адам жұмыс істеуде. Олардың көпшілігі шетелдің компанияларында тәжірибеден өткен.
Дінмұхамед Жүнісов Monolife компаниясында бағдарламашы болып істеген. Сонымен бірге жобаны әзірлеушілердің Facebook, Apple компанияларында жұмыс тәжірибесі бар. Бастапқыда қателіктердің болғанын айтып өткен маман жастармен өз тәжірибесін бөлісуге дайын. Айтуынша, елімізде IТ саласын дамыту үшін мектеп жасынан бастап балалардың тиісті білімін арттыру керек.
VC School мектебі аясында құқықтық мәселелер мен мәмілелерді құрылымдаудың танымал форматтары сөз болды. Қатысушылар «портфельді басқару» сияқты ұғымды зерттеумен бірге, венчурлық нарыққа қатысушылардың стратегияларымен танысты.