Кеше Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар ТМД-ға мүше мемлекеттер Қарулы Күштерінің қызметіне қатысты келісімді ратификациялады.
Атап айтқанда, отырыста «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Қарулы Күштерінің бірлескен гуманитарлық минасыздандыру инженерлік бөлімшесі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қаралып, қабылданды.
ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Қарулы Күштерінің бірлескен гуманитарлық минасыздандыру инженерлік бөлімшесі туралы келісім 2020 жылғы 18 желтоқсанда жасалған.
«Келісімнің мақсаты – гуманитарлық минасыздандыру міндетін орындау үшін бірлескен бөлімшені құру, қолдану, оның мәртебесін айқындау. Бірлескен бөлімшенің негізгі міндеттері – мина алаңында, нысандарда мина жарылу қаупі бар заттардың болуына техникалық барлау, сондай-ақ оларды минасыздандыру, жауынгерлік іс-қимыл болған ауданды минадан және жарылу қаупі бар заттан тазарту», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Қорғаныс министрінің орынбасары Дарын Тұяқов.
Вице-министрдің айтуынша, гуманитарлық минасыздандыру операцияларына қатысу үшін ұлттық инженерлік бөлімшені жіберу туралы шешімді жіберуші тарап өзінің ұлттық заңнамасына сәйкес қабылдайды. Келісімде бірлескен бөлімшені ТМД-ға қатысушы мемлекет болып саналмайтын ел аумағында гуманитарлық минасыздандыру міндеттерін орындауға тарту мүмкіндігі көзделген.
Мемлекеттердің гуманитарлық минасыздандыру бойынша өзара іс-қимылы әскери ынтымақтастықтың маңызды тетігі болып саналады. Бұл құжат мина алаңдарын техникалық барлаумен және оларды минадан тазартумен айналысатын бірлескен бөлімше қызметін қалыптастыру, қолдану және аяқтау тәртібін анықтайды.
Осы ретте келісімге БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мандатына сәйкес біздің еліміз ТМД-ға мүше емес үшінші мемлекеттің аумағына ұлттық инженерлік бөлімшені жіберу туралы мәселені қарайтын ескертпемен қол қойылғанын атап өткен жөн.
Сенатор Нұржан Нұрсипатовтың айтуынша, мемлекеттердің гуманитарлық минасыздандыру саласындағы өзара іс-қимылы әскери ынтымақтастықтағы аса маңызды аспект болып саналады.
«Қазақстанның ТМД құрамына кірмейтін мемлекетке гуманитарлық минасыздандыруды атқару үшін Ұлттық бөлімшені жіберуді көздейтін ескертпе мемлекетіміздің мүдделеріне жауап беретінін атап өткен жөн. Миссияны халықаралық қоғамдастықтың мойындауы Қазақстан Республикасы үшін сыртқы саяси тәуекелдерді болдырмайды. Келісім айқын гуманитарлық бағытқа ие, ал оны іске асыру ТМД кеңістігіндегі қауіпсіздікті, Қазақстан Қарулы Күштерінің машығы мен кәсіби деңгейін арттырады», деді депутат.
Сонымен қатар отырыс барысында депутаттар «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттер Қарулы Күштерінің бірлескен (біріккен) байланыс жүйесі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын қабылдады.
ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Қарулы Күштерінің бірлескен байланыс жүйесі туралы келісім 2020 жылғы 29 мамырда жасалды. Құжатта қарастырылған негізгі міндеттерге Қарулы Күштерді басқару жүйесінде және олардың арасында талап етілетін байланыс қызметтерін ұсыну әрі ақпараттың барлық түрімен алмасуды қамтамасыз ету кіреді.
Сондай-ақ Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы форматында құрылған әскери саладағы өзара іс-қимылдың біріккен жүйелерінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету көзделген. Бұдан бөлек, байланысқа, ортақ пайдаланылатын ұлттық байланыс желілері мен арнайы мақсаттағы байланыс желілерімен қажетті үйлесімділікке қойылатын талаптардың орындалуын қамтамасыз ету қарастырылған.
«Өкілетті орган өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес, Бірлескен байланыс жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында өзінің байланыс желісі ресурсын пайдалана алады. Бірыңғай техникалық тәсіл, қазіргі заманғы әскери техникамен, байланыс жабдығымен басым түрде жарақтандыру негізінде құрылатын Бірлескен байланыс жүйесі мемлекеттер Қарулы Күштерінің жауынгерлік қабілетін арттырады», деді Дарын Тұяқов.
Сенатор Нұржан Нұрсипатовтың сөзіне сүйенсек, келісім Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңнамасына, Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттарға және Қазақстан қатысушысы болып саналатын халықаралық ұйымдардың шешімдеріне қайшы келмейді.
Сенаторлар байланыс жүйелерінің кепілдендірілген және тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету жолында күш біріктіру ТМД-ға мүше мемлекеттердің Қарулы Күштеріндегі басқарудың маңызды тетігі екенін айтты.
«Бүгін қабылданған екі заң Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер арасындағы қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтың жекелеген мәселелерін реттеуге бағытталған. Бұл келісімдер ТМД шеңберінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлесін қосады деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.