Дәстүрлі өнердің дәуірі өткенін сұңғыла суретші Джон Эверетт Милле осыдан екі ғасыр бұрын ескерткен еді. Ашық аспан аясында табиғат пен адамның жан толғанысын бір-бірімен байланыстыра отырып жеткізген қылқалам шеберінің ой-өрісі қалыпқа сыймайды. Сонысымен замандастарынан ерекшеленіп тұратын да. Әйтпесе, есі дұрыс адам империяға қарсы келе ме? Сенбесеңіз, Отанының гүлі мен құсын сөйлеткен ағылшын перзентінің осы бір шығармасына ойлы көзбен қарап көріңізші?!
Суретші Джон Милле «Офелия» картинасына негіз ретінде Уильям Шекспирдің «Гамлет» пьесасынан сюжет алады. Бұл – сүйіктісі әкесінің қолынан өлгенін біліп, өз-өзіне қол жұмсаған қыздың ажал құшағындағы бейнесі. Мұнда оның өзенге құлаған сәті берілген. Ару мұңлы әннің ырғағына тербеліп бара жатқандай. Екі қолын құс қанатындай жайып жіберіп, көз жанарын аспанға қадайды. Сондықтан оның қалыбын көптеген оқырман айқышқа шегеленген Иса Мәсіхпен байланыстырады.
Офелия бірте-бірте ерекше түстермен таралған тұмса табиғаттың қойнына сүңгіп бара жатқандай. Сүйгенінен айырылған сұлудың жүзінде қорқыныш та, уайым да жоқ. Ол өмірмен тезірек қоштасып, өліммен кездесуге асығатын секілді.
Ағылшын суретшісінің бұл туындысы тек қана қыз тағдырынан хабар бермейді, онда табиғат та егжей-тегжей суреттелген. Сан алуан бояуға оранған өсімдіктер белгілі бір символдар ретінде әрекет етеді.
Қараңызшы, сары майлы түс – адалдықты білдіреді. Офелияның бетіне иілген тал жапырақтары – махаббаттан баз кешкен мезеті, қалақай – ауырсыну, ал түймедақ – қыздың кінәсіздігінің көрінісі.
Суда жүзген раушандар – дәстүрлі түрде махаббат символы. Картинаның бұрышына орналастырған шалғын – нонсенс, мағынасыз жас қыздың өлімі. Су бетінде қалқып жүрген қызыл адонис – жанның мұң-зары, көйлегінің етегіндегі өрнектер жауапсыз махаббаттың белгісі іспетті.
Милленің картинасында қолданған реңктер өте терең мағынаға ие. Өзеннің батпақ тәрізді көрінуі ертеңгі күндерінің қараңғылыққа толы болатынын сипаттап тұр. Ал оның ағысы о дүниеден хабар береді.
Суретші өз туындысын қалай жазғаны қызық. Біріншіден, ол фон таңдаған, табиғат аясында бірнеше сағат бойы пейзаж сызады. Содан кейін шеберханаға ауысады. Арнайы шақырылған модель суыққа төзе отырып, ваннада Офелия күйінде ұзақ жатқан екен. Бұл ауыр да ұзақ шығармашылық процестің бергі беті ғана. Ал оны жеткізудегі автордың жан күйі мен сезімі құпияға толы мұхит тәріздес. Тек оны өзінен басқа ешкім сезіне алмайды.