ТАБЫС КӨЗІ – ТИЯНАҚТЫЛЫҚТА
Ақмола облысы тәуекелді егіншілік аймағында орналасқандығы және болашақ өнімнің тағдыры алдымен топырақтың ылғалмен қаншалықты қамтамасыз етілгендігіне байланысты болып келетіндігі белгілі. Осыған орай, агротехникалық шараларда қателіктерге жол бермеу үшін әр шаруашылықта, әр алқапта қанша ылғал барын дәл анықтап, біліп отырудың маңызы зор. Облыс аудандары бойынша тұтастай алғанда, күзгі-қысқы кезеңдерде орта есеппен 111 миллиметрден 223 миллиметрге дейін ылғал жинақталды. Сөйтіп, өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда ылғал қоры жоғары болуымен ерекшеленді. Оның үстіне, 1,2 миллион гектар алқапта қар тоқтатылды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 26 пайызға артық.
Биыл да бұрынғысынша егіс алқаптарының құрылымында азық-түліктік бидай жетекші орын алады. Оның үлес салмағы 90 пайыздан асқалы отыр. Көктемгі егісті ойдағыдай өткізу үшін облыс тұқым қорымен толық қамтамасыз етілген. Тіпті, жекелеген сорттары бойынша артық тұқым қоры да бар. Барлық тұқым тиісті себу кондициясына жеткізілген. Олардың 83 пайызы бірінші, екінші класты тұқым.
Әлемдік рыноктағы астық бағасы тек қана дәнді дақылдармен шектелуге болмайтындығын көрсетуде. Яғни, егіншілік саласын әртараптандыру уақыт талабына айналды. Биыл майлы дақылдар 86 мың гектар алқапқа себіліп, екі есе өспек. Нақты табиғи-климаттық жағдайларға қарай оны өсіру технологиясы да игерілген. Осы бағалы дақылды қабылдап, өңдейтін кәсіпорындар қатары өскендігін айтқым келеді. Олардың өндірістік қуаттары өздерінде өндірілген майлы дақылдарды ғана емес, сонымен бірге, әріптестік ынтымақтастықтағы шаруашылықтарға қолқабыс жасауға да мүмкіндік береді.
Ағымдағы жылы картоп өсіру 19 пайызға және көкөніс көлемі 13 пайызға артатын болады. Өйткені, өңірлік даму бағдарламасында ақмолалықтар Щучье-Бурабай курортты аймағы мен Астана қаласын азық-түлікпен жабдықтаушылардың бірі екендігі атап өтілген. Биыл картоп өндірісін ынталандыру мақсатында қаржы көлемінің арттырылғандығы жұртшылықты серпілтіп отыр.
Көктемгі егіс алқаптарының құрылымында малазықтық дақылдар 61 мың гектарды құрайтын болады. Бұл мал шаруашылығын өркендету арқылы жаңа тұрпатты аграрлық-индустриялық өндірісті құруымызға жол ашатыны сөзсіз.
Соңғы үш жылда облыстың ауыл шаруашылығы кәсіпорындары жалпы құны 45 миллиард теңге құрайтын 696 трактор, 1030 астық жинау комбайнын, 600 тұқымсепкіш, 390 бірлік жоғары өнімділіктегі егістік кешендерін сатып алды. Бұл ауыл шаруашылығын құралдармен жабдықтауды нормативтік деңгейге жеткізді.
Ағымдағы жылдың кешенді жоспарларына сәйкес, тағы да 156 астық комбайны мен 46 егіс кешендерін сатып алу көзделіп отыр. Олардың барлығы көктемгі егіс және астық жинау жұмыстарына қатыстырылатын болады. Мұнымен қоса, шаруа қожалықтарында 4 мың техника бар. Бұл облыстың егістік алқаптарының 23 пайыздық үлесін иеленеді. Бірақ, мұнда мәшине-трактор паркін жаңарту қолға алынбай отырғанын айтуға тиіспіз.
Қазір қолда бар техникаларды жөндеу жұмыстары еңсеріліп қалды. Сондай-ақ, мемлекеттің қатысуымен құрылған 6 мәшине-технологиялық стансаларының техникаларын тиімді пайдалану міндеті қойылды. Олардың барлық қуаты ең алдымен шаруа қожалықтарына қызмет көрсетуге бағытталатын болады.
Көктемгі егіс науқанын ойдағыдай өткізуде жанар-жағармай материалдарымен жабдықтау айрықша маңызды. Ағымдағы жылы дизель отынының қажеттілігі 72 мың тоннаны құраса, бүгінгі күнге дейін оның 52 пайызы сатып алынды.
Орын алған фитосанитарлық жағдай өсімдіктерді зиянкестерден, арамшөптер мен аурулардан қорғау бойынша шаралар өткізуге ерекше назар аударуды қажет етеді. Биылғы жылы дәнді дақылдар тұқымының 90 пайызын немесе 512 мың тоннасын дәрі-дәрмекпен залалсыздандыру жоспарлануда.
Облыс бойынша тыңайтқыш қолданудың ең төменгі деңгейі 120 мың тоннаны құрайды. Минералды тыңайтқыштардың арзандауына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Биыл 23 мың тоннадан астам минералды тыңайтқыштарды қосымша қаржыландыруға 701 миллион теңге бөлінді. Атаулы мемлекеттік қолдау тыңайтқыш бағасын 50 пайызға арзандатуға мүмкіндік береді. Мұндай көмектің кең тармақтылығы байқалуда.
Үкіметтің арнайы шешімімен жанар және жағармай, гербицидтер бағасының арзандауы үшін біздің облысқа бюджеттік қаражаттан 2,2 миллиард теңге бөлініп, егістік алқаптарының құрылымы мен көлеміне байланысты аудандарға таратылды.
Жалпы, облыстың егістік алқабын субсидиялаудың барлық бағдарламасы бойынша 3,6 миллиард теңге қаражат бағытталды. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы көктемгі егіс пен орақ жұмыстарын өткізудің қаражат айналымын толтыру мақсатында “КазАгро” ұлттық холдингі “Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы” және “Аграрлық несиелеу корпорациясы” АҚ-тар арқылы бөлінген несиелік қаражаттың жалпы сомасы 34 миллиард теңгені құрайды. Қазір аталған көлемнен 20 миллиард теңге несие қолға тиді. Өтінім қабылдап, оларды қарау жалғасуда.
Кез келген салада білікті мамандар даярламай, белгілі бір нәтижеге жету мүмкін емес. Бұл бағытта айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Біліктілікті арттыру курстарында 300 механизатор оқытылды. Сондай-ақ, 50 шаруа қожалығының жетекшісі қайта даярлықтан өтіп, 100 агроном арнайы емтихан сынақтарын тапсырды.
Механизаторларды даярлау бойынша “Агромашхолдинг” филиалы және “Джон Дир”, “Клаас” компанияларының филиалдарымен мүдделі жұмыстар жүргізілуде. Сонымен бірге, Шортанды ауданындағы Бараев атындағы ғылыми-өндірістік орталық базасында былтыр ұйымдастырылған “Казагроинновация” акционерлік қоғамының оқыту орталығы белсенділік танытып отырғанына ризамыз.
Диқандарымыз 2010 жылды “Сапа мен өнімділікті арттыру жылы” ұранымен бастағалы отыр. Уақыт молшылықты ғана емес, тиімділікті де алға тартып отырғаны осыдан-ақ аңғарылады. Бұл орайда ақмолалық диқандардың жүзі жарқын болатындығына сенімдіміз.
Қадырхан ОТАРОВ, Ақмола облысы әкімінің орынбасары.
Ақмола облысы.