Қазір әлеуметтік желінің саны көп. Ал оларда таралған ақпараттың санын есептеу және оқып-игеру тіпті мүмкін емес. Алайда жаңа медианың дамуымен жалған ақпарат тарату мәселесі де қосамжарланды. Енді Google, YouTube, Facebook секілді ең ірі компаниялар онлайн кеңістікті кейбір заңсыз, жалған ақпараттан тазартуды қолға ала бастады.
Шынында да, соңғы уақытта жаңа медианың ең басты қозғаушы күштеріне айналған технологиялық компаниялардың жалған ақпаратпен белсенді күресе бастағанын байқадық. Әсіресе, пандемия кезінде тараған алып-қашпа әңгіме мен конспирология жағдайдың қаншалықты ушығуы мүмкін екенін көрсеткендей. Бір жағынан коронавирус, карантин, вакцина тақырыптары баршаны алаңдатты. Екіншіден, бізге бұрын таныс емес жаңа құбылыс жайлы баршаның айтары болды. Осылайша, желілерде тараған түрлі мәліметтің дұрыс-бұрысын ажырату қиындап кетті. Кей жағдайда тіпті сөзіне халық құлақ асатын мамандардың өздері де ақылға сыймайтын, кәсібилігіне күмән келтіретін мәлімдемелер жасай бастады. Осылайша, жалған ақпаратпен дәл қазір, осы арада күресу қажеттілігі туды. Бұл, әрине, дұрыс-ақ.
Осы тұста Facebook, Google, YouTube секілді алпауыт компаниялардың мәселені өз қолдарына алғанын байқадық. Олар кейбір тақырыптағы ақпаратты бұғаттайтынын айтып, ескертіп жатты. Компания деп әдейі айтып отырғанымыз, бұл алып желілердің бизнес екенін, яғни біреудің қалтасын толтыратын кәсіп екенін естен шығармау керек. Жаңа медиадағы монополист, әрі аса құнды жеке деректерге ие фирмалардың ықпалы онсыз да аз болғандай, енді ақпараттың мазмұны мен мәнін де басқара бастағаны алаңдатады.
Соңғы уақытта YouTube-тың коронавирус, вакцина туралы шындыққа негізделмеген контентті жарияламай, бұғаттап отыратынын көріп жүрміз. Бұл, әрине, құптарлық. Алайда бұл мәселені басқа қырынан қарап көрейік. «Жалған ақпарат» деген желеумен жасалған бұл әрекеттер сөз бостандығы мен еркіндігін шектеу болмай ма?
Жақында осындай дауға қалған Ресейдің екі немістілді арнасы бұғатталды.
Ресейдің RT мемлекеттік медиакомпаниясы басқаратын арналар қалпына келтірілмесе, Ресей тарабы елде YouTube платформасының жұмысын шектейтінін айтып, талап қойған. Бұл Ресейдің жалған ақпаратқа қатысты алғашқы айыпталуы емес. Осыған дейін Facebook вакцинаға қатысты жалған мәлімет таратқан көптеген ресейлік парақшаларды жойғаны белгілі.
Әлбетте, жалған ақпаратпен күресу қарқынды жүріп жатқаны қуантады. Алайда осыған дейін саяси ойындардың қақ ортасында жүрген, онсыз да сенімнен айырылған Facebook-тің кез келген әрекетін сұраққа алу заңды болар. Бұл қадамның да көпшілік білмейтін саяси астары бар ма деген күмән сейілмей тұр. Мәселе жалған ақпаратқа жол беруде емес, оның жалған екенін анықтайтын тараптың сенімнен шығып қалғанында болып тұр.
Ресейден бөлек, Аустралияның Sky News Australia YouTube арнасы да індеттің барына күмән келтіремін деп жеті күнге жазаланған. Google да климаттың өзгеруіне қатысты ғылыми дәлелденбеген, оны жоққа шығаратын контент жарық көрмейтінін хабарлады. Мұның барлығы қоғамда фейк, яғни жалған ақпараттың таралуын азайтуға тиіс. Дегенмен, қабылданған бұл шешімдер қаншалықты тиімді, әділ? Бәлкім, қандай ақпараттың шығу-шықпауын анықтауды бизнес иесіне емес, сырттан құрылған, еш тараптың мүддесін қорғамайтын, тәуелсіз ұйымға тапсыру керек болар. Біздіңше, ең дұрысы сол. Бірақ әлемдегі барлық дерекке иелік етіп отырған Facebook, Google cекілді алып компаниялар өзгелерді өз жұмысына араластырсын ба? Осыған дейін біз туралы барлық ақпаратты біледі деп қорыққан желілер енді біздің не көріп, не оқитынымызға дейін таңдай алады. Бұл алпауыт технологиялар біртіндеп бір мемлекеттің деңгейінде идеология жүргізіп, ықпал ете алатындай күшке ие болмасына еш кепіл жоқ. Сол себепті оқырманға ақпарат тұтынуда бір ғана дереккөздің, желінің жаңалығымен шектелмей, жан-жақты зерттеп, оқып барып, сараптай алатындай деңгейге жетуді, жаңа медианы дұрыс тұтыну дағдыларын барынша үйрету маңызды.