Жақында Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданында Сәрсенғалиевтар отбасында егіз ұл дүниеге келді. Мұратсайлық Ернар мен Ботакөздің бұған дейін екі қызы, үш ұлы болған екен. Қазір анасына бірден «күміс» және «алтын» алқа тақтырған қос перзенттің жағдайы жақсы.
Алайда егіз ұлдың дүниеге аман-есен келуі оңай болған жоқ. Облыс орталығынан 600 шақырымдай қашықта жатқан шалғай аудан. Жол қатынасы жоқ деуге болады. 2018 жылы Елбасының өзі келіп, «2021 жылдың соңына дейін салып бітіріңдер» деп тапсырған тас жол әлі салынбаған. Ауданда жоғары білімді дәрігер жетіспейді. Ең керекті мамандардың 70 пайызы – зейнет жасындағы қариялар. Олардың өзі амалдың жоқтығынан жүр...
...Бөкей ордасы ауданының орталығы Сайхын кентіндегі аудандық ауруханада толғағы басталған жүкті әйелдің өздігінен жеңілдене алмайтыны белгілі болған кезде облыстағы денсаулық сақтау саласының бүкіл басшылары аяғынан тік тұрған. Ауданда ота жасайтын дәрігер де, анестезиолог маман да жоқ. Ауа райының қолайсыздығынан Оралдан санавиация алдыру да мүмкін болмады. Сөйтіп, Бөкей ордасы ауданымен көршілес жатқан Жаңақала ауданының дәрігерлері жедел көмекке аттанды.
Көрші аудан деп айтуға ғана оңай. Екі арада 280 шақырым кедір-бұдырлы үйген топырақ жол жатты. «Жедел жәрдем» дегенмен, «УАЗ» көлігінің жүрісі белгілі ғой. Жаңақаладан сағат 22.00 шамасында шыққан топ Сайхынға түнгі 02.00-де ғана жеткен. Жаңақала аудандық ауруханасының бас дәрігері Сержан Серікұлы бастаған дәрігерлер бірден отаға кіріскен. Сөйтіп, хирургтер Сержан Есенгөбеков пен Азамат Дияров, анестезиолог Дәурен Көкенов, анестезиологтің көмекшісі Қожамберді Жұмагелдин жолдан шаршап келгеніне қарамастан екі сағатқа созылған күрделі отаны сәтті жасап шықты. Қос сәби кесарь тілігі нәтижесінде дүниеге келді. Анасы да аман қалды.
Осы оқиғадан хабардар болғандар жаңақалалық дәрігерлердің еңбегін ерлікке балап, ризашылық білдіріп жатыр. Түн ішінде, күзгі лайсаңда уақытпен санаспай жолға шығып, ана мен балалардың өмірін құтқарып қалған ақ желеңді абзал жандарға қандай алғыс та артық емес.
– Кеше жанымызды шүберекке түйіп отыр едік. Алла қолдап, жарым да, егіздерім де аман қалды. Жеңілденгенге дейін Ботакөз Жәнібек аудандық ауруханасының бас дәрігері Сәуле Исмағұловаға қаралып келді. Ботагөздің толғағы басталған сәтте Оралға, облыстық перинатальдық орталыққа, жедел жәрдем жүйесіне хабарласып, дабыл қаққан да осы кісі. Таңғы алтыға дейін жақын жанашырымдай телефонмен хабарласып, қолдау білдіріп отырды. Сәуле Мұғаятқызына және жаңақалалық дәрігерлерге әулетімнің атынан ризашылығымды білдіремін. Алғандары алғыс болсын әр кезде, – дейді егіздің әкесі Ернар Сәрсенғалиев.
* * *
Бір ақиқат бар: Бейбіт замандағы ерлік көбіне жауапты мекемелер мен жауапты адамдар өз қызметін толық атқармаған кезде, жұмыс дұрыс ұйымдастырылмаған жерде туындап жатады. Мәселен, Бөкей ордасы ауданында аурухана мамандары түгел болса, түн ішінде алыстан дәрігер алдырудың қажеті болар ма еді?! Ана мен баланың тағдыры қыл үстінде тұрар ма еді?! Біз қысылтаяң сәтте өз басын қатерге тігіп, ерлік жасаған батырларды қанша ұлықтасақ та, оны осындай ерлік жасауына мәжбүрлеген жағдайды ашық талқылап, болашақта қайталамауға тырысуымыз керек-ақ. Жақында ғана «Атамекен» экспедициясымен Бөкей ордасында болып, жергілікті қауыммен кездескен кезімізде дәл осы мәселе сөз болған еді. Ол мәселе – шалғай аудан тұрғындарының басынан кешіп отырған қиын халі.
Бөкей ордасы – тарихы терең, қасиетті өңір. Бөкей хан Нұралыұлының Еділ мен Жайық арасын қоныс етіп, Бөкей хандығын құрғанына биыл 220 жыл толды. Қазақ даласындағы тұңғыш жүйелі білім ордасы – Жәңгір мектебінің ашылғанына биыл – 180 жыл. 1952 жылы әскери полигон құрылып, Орда ауданы таратылғанға дейін мұнда 44 колхоз, асыл тұқымды екі мал зауыты болды, 66 мың халық тұрған. Қазір 16 мыңға жетер-жетпес тұрғын аудандағы 7 ауылдық округтегі 20 елді мекенде тұрып жатыр.
– Соңғы кезде елімізде транзиттік аудандарға көбірек көңіл бөледі. Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Үкімет шалғай өңірлерге, соның ішінде шекаралық аудандарға барынша назар аударуы керек қой. Осы кезге дейін туған жерінен кетпей, шекаралық аймақты жалаңаш тастамай отырған ел бар мұнда, – деген еді Бөкей ордасы аудандық мәслихатының хатшысы Лариса Қайырғалиева.
Шынында да облыс орталығынан 600 шақырымға дейін қашықта жатқан, тасжол түспеген, көктемгі-күзгі лайсаңда, қысқы боранда қарым-қатынас қиындап, жол азабы – көр азабына айналатын өңір тұрғындарының өкпелейтін жөні бар. Бұрын күнделікті азық-түлікті іргеде жатқан Ресейдің Астрахань, Волгоград қалаларынан ала қоятын ағайын пандемия басталып, шекара жабылғалы амалсыз алысқа сабылатын болды. Алыстан тасып әкелген тауардың өзіндік құны да қымбат. Мысалы, қыркүйектің басында Сайхында бір бөлке нан – 210 теңге, АИ 92 бензиннің бір литрі – 210 теңге, дизель отыны 260 теңгеден сатылып жатты.
Енді сөз басында айтылған маман мәселесіне келейік. Қазақстанда ауылдық елді мекендерге жас мамандарды тарту үшін қабылданған «Дипломмен – ауылға» атты жақсы бағдарлама бар. Бірақ мұнда шалғай ауылдардың жағдайы ескерілмеген. Оралдың іргесіндегі Теректі, Бәйтерек аудандары мен жердің түбіндегі Бөкей ордасы бірдей. Жас мамандарға бірдей қаражат бөлінеді.
– Менің ойымша, бұл жерде қаржы коэфициент бойынша берілуі керек еді. Мысалы, қазір біздің ауданда қызмет етіп жүрген дәрігерлердің 70 пайызы зейнет демалысында. Кардиолог – зейнеткер, екі хирургтің біреуі – зейнеткер. Олар кез келген уақытта ауырып қалуы, жұмысқа шыға алмай қалуы мүмкін. Ауданда анестезиолог мүлдем жоқ. Аяқ асты ота жасау керек болса, науқасты не Жәнібекке, не Жаңақала ауданына жібереміз. Лайсаң, боран, жаңбыр кезінде өте қиын. Осындай жағдайға жиі тап боламыз, – деп еді Лариса Тельманқызы.
Осы ойды Бөкей ордасы ауданының қоғамдық кеңес төрағасы Тілеген Арыстанбеков ағамыз өңірге келген Мәжіліс, Сенат депутаттарына да талай айтты.
– Ойлап қараңызшы, Орал қаласының іргесіндегі Шапов ауылына бару үшін таксиге 500 теңге төлейсіз, ал Сайхынға жету үшін 6 мың теңге керек. Жолға кететін уақыт пен көретін бейнетің бар. Бірақ «Дипломммен – ауылға» бағдарламасында екеуі де бірдей ауыл саналады. Бұл жерге баратын жас мамандарға бірдей жәрдемақы төленеді. Сондықтан жас маман қалаға жақын, бейнеті аз мекенді таңдайды. Жас маманды шалғайдағы елді мекенге қызықтыру үшін қаражатты қашықтыққа байланысты пропорционалды бөлу жөнінде талайдан бері айтып келеміз. Бөкей ордасында дәрігерлер де, мұғалімдер де жетіспейді. Сондықтан «Дипломмен – ауылға» деген бағдарламаны жетілдіру керек. Шекараның өтінде тұрған біз секілді аудандарды дамытудың жолдары қарастырылуы тиіс, – дейді Тілеген Керейұлы.
Шалғай аудан үшін шатақ түйін болып тұрған тағы бір мәселе – аудандағы білім мен денсаулық сақтау мекемелерінің орталықтандырылып, тікелей облыстық басқармаларға қарауы. Мәселен, соңғы екі жылда аудандық бюджет қаражаты есебінен 12 медициналық пунктке газ жүргізілген. Ол үшін бұл ғимараттарды аудан әуелі өз балансына алып, табиғи газ құбырын орнатқан соң қайтадан денсаулық сақтау басқармасына қайтарып берген. Өйткені тікелей қаржыландыруға болмайды.
Мектептердің мәселесі де солай. Мысалы, биыл Хан ордасы ауылындағы Жәңгір хан атындағы мектепті күрделі жөндеу үшін қаржы бөлінген. Бірақ қаржы қыркүйекте сабақ басталғанша түспеген. Өйткені облыстық білім басқармасы өз балансындағы бүкіл мектептің қаржысын үйлестіріп үлгермеген. Нәтижесінде, жаңа оқу жылында оқушылар өз мектебінде, өз сыныбында оқи алмай, білім сапасына зиян келеді.
«Мектептерді орталықтандыру, облыстық білім басқармасына беруі дұрыс емес. Бұл жүйе мүмкін қала маңындағы аудандар үшін тиімді шығар. Ал біз секілді шалғай аудандарда мектеп басшылары қандай да бір мәселе болса, маңдай тіреп аудан әкімдігіне, аудан басшыларына келеді. Ал қазіргі жүйе бойынша аудан әкімдігі мектепке көмектесе алмайды. Бұл дұрыс емес. Коммуникация, қашықтық мәселелері ескерілуі керек» дейді Тілеген Арыстанбеков.