Кеше Мәжілісте «Қазақстан Республикасындағы санитарлық-эпидемиялық жағдай туралы» деген тақырыпта Үкімет сағаты өтті. Іс-шараға Денсаулық сақтау, Ауыл шаруашылығы, Қаржы, Сауда және интеграция министрліктерінің өкілдері қатысты.
Отырысты ашқан Мәжіліс Төрағасының орынбасары Балаим Кесебаева қазіргі кездегі шынайы жағдайды ескере отырып, жаппай вакциналаудың маңызын халыққа дұрыс жеткізу қажеттігі туралы айтты.
Сондай-ақ вице-спикер санитарлық-эпидемиялық қызметтің әлсіз тұстары бар екенін және оның басқа бағыттары назардан тыс қалғанына назар аударды. Мәселен, аса қауіпті инфекциялар, вакцинамен еңсерілетін аурулар, жұмыстың цифрлы форматын қамтамасыз ету және ғылыми зерттеу мәселелері кейінгі орынға ысырылған.
Сонымен қатар жалақының төмендігі салдарынан, санитарлық-эпидемиялық қызметті кадрлармен қамтамасыз ету проблемасы сақталып отыр. Осы орайда, Балаим Кесебаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша атқарылып жатқан шаралар кешені және еліміздегі денсаулық сақтау саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы санитариялық-эпидемиялық ахуалды тұрақтандыруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Бұдан кейін сөз алған Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елдегі эпидемиялық ахуал туралы баяндап берді.
«2021 жылғы 8 айда оба, тырысқақ, іш сүзегі, паратиф, туляремия, дифтерия, қызамық, полиомиелит, сіреспе аурулары тіркелген жоқ. 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 23 нозология бойынша сырқаттанушылықтың, оның ішінде жіті вирустық гепатиттер бойынша – 3 есе, менингококк инфекциясы бойынша 2,6 есеге төмендеуі байқалды. Биыл қызылшамен ауырғандар саны бірлі-жарым жағдайға дейін төмендеді», деді А. Цой.
Ведомство басшысының айтуынша, Қазақстан аумағында аса қауіпті бірнеше инфекцияның табиғи ошақтары бар. Қазіргі таңда олар республика аумағының 39 пайызына таралған. Соған байланысты жыл сайын эпизоотиялық мониторинг жүргізіліп, табиғи ошақтар анықталған аумақтарда профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі.
«Кейінгі 3 жыл ішінде Конго-Қырым геморрагиялық безгегінің таралу деңгейі бұрынғы деңгейде тұр. Биыл 18 адамға жұққаны анықталды. Сондай-ақ жыл сайын сібір жарасының спорадикалық жұғуы тұрғындар арасында тіркеледі. 2021 жылы 6 облыста 17 адамға жұққан», деді министр.
А.Цойдың айтуынша, вакцина арқылы таралуы тежелетін індеттерді министрлік әрдайым бақылауда ұстайды. Жалпы, мұндай аурулар саны азайып келеді. Мысалы, биыл менингок жұқтырған 12 жағдай анықталған. Бұл былтырға қарағанда 2,7 есеге аз. Сонымен қатар көк жөтел, паротит және сіреспенің де төмендегені байқалады. Қызылша жұқтырғандар саны да азайған.
«Республикада вакцина салынатын инфекциялардың эпидемиялық қауіпсіздігін одан әрі қамтамасыз ету мақсатында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған профилактикалық екпе салуды қамту деңгейін ұстап тұру жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар былтыр вакцина салдыру деңгейі төмендеп кетті. Бұл коронавирус пандемиясына байланысты 2020 жылдың наурызынан мамырына дейін төтенше жағдай режімінің енгізілуіне байланысты», деді А.Цой.
Министрдің айтуынша, биыл аймақтарда инфекциялық ауруларға қарсы вакцина жоспарға сай жүргізіледі. Сондай-ақ вакциналаудан бас тарту мәселесі әлі де өзекті болып тұр.
«2013 жылдан бастап қазіргі дейін вакцина алуға тиіс тұрғындардың арасында профилактикалық екпеден 24 976 адам бас тартты. Оның ішінде 58 пайызы жеке себепке, 23,2 пайызы діни сенімі, 12,8 пайызы вакцинаға сенімсіздік танытқандықтан, 6 пайызы бұқаралық ақпарат құралдарындағы негативті ақпарат салдарынан екпе алмаған», деді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, биылғы жылдың бірінші жартысында 3417 адам вакцинадан бас тартқан. Тұрақты түрде жүргізілген түсіндіру жұмыстарына байланысты вакцинаға қарсы пікірдегі 197 адам ойын өзгертіп, екпе салдырған.
Бұдан бөлек, министр елдегі ауруханалардағы ахуалға тоқталды. Биыл уақтылы медициналық көмек көрсету үшін 16 модульдік аурухана салынды. 3 жұқпалы аурулар ауруханасы қайта жөнделіп, 63 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілген.
Сондай-ақ 64 оттегі стансасы жұмыс істей бастады. Осылайша, медициналық ұйымдардағы өкпені жасанды тыныстандыру аппаратына қажеттілік толықтай қанағаттандырылды. 185 аудандық аурухананың бәрі рентгенді диагностикалық қондырғылармен жабдықталған.
Жедел жәрдем қызметіне 1367 автокөлік сатып алынған. Жылжымалы медициналық кешендер паркі 100 пайызға қамтылған. Эпидемияға қарсы шаралармен айналысатын медицина қызметкерлеріне материалдық қолдау көрсетілді. Мәселен, коронавируспен күрескен медицина қызметкерлеріне 116 млрд теңге сомасында сыйақы төленді.
«Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиялық ахуалды бағалауды болжам мен матрица негізінде жүргізеді. Осы орайда шектеу іс-шараларын күшейту мен жеңілдету бойынша шешім қабылданады.
Қазіргі кезде Қазақстанның өзі және еліміздің 6 өңірі (Алматы, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Батыс Қазақстан және Шығыс Қазақстан) «сары аймақта» тұр. «Жасыл аймақта» да 6 өңір (Шымкент қаласы, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау, Атырау және Қызылорда облыстары) қамтылған. Ал «қызыл аймақта» 5 өңір (Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары, Павлодар, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары) орналасқан.
Қазақстан індет жұқтырудың төрт толқынынан өтті. Бұл өз кезегінде коронавирус инфекциясының жаңа штамдарының пайда болуына қатысты. Соңғы рет індет жұқтыру деңгейі артқан кезеңде тәулігіне 7800 жағдай тіркелді. Коронавирус бойынша профилактикалық және эпидемияға қарсы жұмыстарды уақтылы жүргізу індеттің таралу қарқынын тежеуге әрі елдегі эпидемиялық ахуалды тұрақтандыруға ықпал етті», деді министр.
Ведомство басшысының айтуынша, бүгінде елдегі эпидемиялық ахуал тұрақтандырылған. Тәулігіне шамамен 2 мыңға жуық адамнан вирус анықталады. Осылайша, инфекцияның таралуы бәсеңдеп, 1 тамыздан бері репродуктивті көрсеткіші 1,2 есеге төмендеген.
А.Цой келтірген деректерге сүйенсек, эпидемиялық ахуалдың тұрақтануы ауруханаға жатқандар санынан да байқалады. Мәселен, қазір елдегі инфекциялық орындардың 36 пайызында, реанимациялық орындардың 33 пайызында ғана науқастар ем алып жатыр. Жалпы, 22 мыңға жуық орын бар.
«Министрлік вирустың елге кірген жағдайы мен мутациялық өзгеруіне мониторингті қамтамасыз ету үшін тұрақты түрде вирустарды генетикалық зерттеп жатыр. 2020-2021 жылдары 1407 сынама зерттелді. Осының нәтижесінде наурызда «британдық» Alpha штамм, «оңтүстікафрикалық» Beta штамм, маусымда «үнділік» Delta штамм, тамызда «нигериялық» Eta штамм анықталды. SARS-CoV-2 вирусының түрлі нұсқаларының таралуын анықтау мен мониторингілеу жұмыстары жалғасып жатыр», деді министр.
Бұдан кейін А.Цой коронавирусқа қарсы бірден-бір қару вакцина екеніне тоқталып, қолда бар екпелер туралы айтып берді. ДДҰ-ның мәліметіне сүйенсек, жыл аяғына дейін халықтың 40 пайызы вакцина алуға тиіс. Ал келер жылы бұл көрсеткіш 70 пайызға жетуі қажет. Қазіргі таңда республика азаматтарына «Гам-КОВИД-Вак» (Спутник V), QazVac, Hayat-Vax, «КоронаВак» және Sinopharm вакциналары қолжетімді.
«11 қазандағы жағдай бойынша елімізде қамтылуға тиіс контингенттің 78 пайызы немесе халық санының 41 пайызы бірінші компонент салдырды. Сонымен қатар екінші компонентті вакцина алуға тиіс тұрғындардың 69 пайызы салдырды.
Pfizer компаниясының вакцинасы 12-17 жас аралығындағы балалар мен жүкті әйелдерге рұқсат етілген жалғыз екпе болып тұр. Осыған байланысты министрлік Pfizer компаниясымен келісімге қол қойып, 2021 жылдың соңына дейін 4 млн доза Comirnaty вакцинасы жеткізілмек», деді министр.
Бұдан кейін А.Цой санитарлық-эпидемиялық қызметтің мәселелері туралы айтып берді. Сондай-ақ биологиялық қауіпсіздікті сақтау бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Жәмилә Нұрманбетова пандемия жағдайындағы санитарлық-эпидемиялық қызмет саласындағы проблемалар кешенін атап өтті.
Атап айтқанда, аталған қызмет өзінің ескерту қадағалауын қамтамасыз ету функциясын жоғалтқанына байланысты өз дербестігінен де айырылған. Осыған байланысты депутаттар тарапынан санитарлық-эпидемиялық қызметті жаңғыртудың жол картасын әзірлеуді ұсынды.
Отырыс барысында депутаттар сапалы мамандандырылған көмек көрсету үшін дербес инфекциялық стационарлар қажеттігіне тоқталды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова бүгінгі күні инфекциялық ауруханалар инфекциялық бөлімшелер ретінде 10 өңірдегі көпбейінді ауруханалардың құрамына кіргенін атап өтіп, халықтың аса қауіпті және инфекциялық ауруларды жұқтыру қаупі жоғары болып қалып отырғанына қатысты сұрақ қойды.
Сонымен қатар Үкімет сағатында Елнұр Бейсенбаев, Ғалымжан Елеуов, Сергей Симонов, Ирина Смирнова, Асқарбек Үйсімбаев, Бекқали Торғаев және басқа депутаттар қазіргі елдегі эпидемиялық ахуал туралы бірқатар мәселені көтеріп, жауапты мемлекеттік орган басшысына сұрақтар қойып, пікір алмасты.
Талқылау қорытындысы бойынша Мәжіліс депутаттары санитарлық-эпидемиялық қызметті жаңғыртуға, санитарлық-эпидемиялық қадағалау саласының мамандарын даярлауға, ветеринарлық іс-шаралардың сапасын бақылауды арттыруға бағытталған ұсыныстарды қабылдап, Үкіметке жолдады.