• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Әдебиет 12 Қазан, 2021

Дауылпаз жырдың додасы

305 рет
көрсетілді

Кеншілер астанасында дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың 110 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтілуде. Осы аптаның соңында республикалық деңгейдегі «Сен нет­кен бақытты едің, келер ұрпақ...» атты дәстүрлі Қасым оқулары ақталып, поэзия және вокал жанрлары бойынша өткен сайыстың жеңімпаздары анықталды.

Аталған іс-шара Қасым ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталғанын айта кеткен жөн. Бұл жерде жас ақындар өлең оқып, ақын рухына жырмен тағзым етті. Одан кейін күйші Қайрат Айтбаевтың құрас­тыруымен жарыққа шыққан, ішіне Қасымның өз әндері және оның өлеңдеріне жазылған әуендердің мәтіні мен нотасы енген «Бір нәзік сәуле» топтама кітабының тұсауы кесілді.

Жалпы, облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қол­да­уы­мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен бұл конкурста еліміздің түк­пір-түкпірінен, сондай-ақ, Польша елінен 118 үміткер шығармашылық шама-шарқын байқап көрген болатын.

«Дүниеге келер әлі талай Қасым...» ата­лымы бойынша ақындар арасындағы бай­қаудың бас жүлдесі қызылордалық Ақжол Дошановқа бұйырды. Қазылар алқасы бі­рін­ші орынға қарағандылық жас ақын Жә­лел Шалқар лайықты деп таныса, екінші жүл­денің иегері болып Балқаш қаласының ақыны Мақсат Күземханов атанды. Ал үшін­ші орынды Нұр-Сұлтан қаласы атынан қатысқан Айзада Рахымжанова, Алматы облысының ақыны Аршын Нұрбақыт және Шымкенттен келген Арайлым Мұраталиева өзара бөлісті.

«Жас дәурен» аталымы бойынша өт­кен өнер сайысында қарағандылық Айбек Рым­ғали бас жүлдені жеңіп ал­ды. Бірін­ші орынға елордалық Сырым Мұ­ха­метжанов иелік етсе, екінші жүл­де де бас қала атынан бақ сынаған Кәм­шат Тұ­рарбекованың еншісіне тиді. Павло­дар­лық Жанболат Байсолтан, Қарағанды қаласының өкілі Қуандық Төкенов және солтүстікқазақстандық өнерпаз Ерасыл Алпысбайға жүлделі үшінші орын қылдай бөлініп берілді.

Еске салар болсақ, Қасым Аманжолов оқулары алғаш рет Қарағандыда 2011 жылдың 11 қазанында ақынның 100 жылдық мерейтойын атап өту аясында ұйымдастырылған болатын.

Бұдан кейін кезек Қасым Аманжолов атындағы «Дүниеге келер әлі талай Қа­сым…» республикалық мүшәйрасына келді. Қара­ғанды облыстық әкімдігінің, об­лыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқар­маның ұйымдастыруымен өткен бұл әдеби байқауда 18-45 жас аралығындағы 100-ге жуық үміткер бақ сынады.

Ақындар жыр сайысына Қасымның өмі­рі мен шығармашылығын, ел тәуелсіз­ді­гін және еркін тақырыпты өзек еткен өлең­­дерін ұсынды. Құрамына Абай атын­да­ғы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Се­рік Ақ­сұң­­қарұлы, белгілі ақындар Ға­лым Жай­лыбай, Светқали Нұржан, «Қа­сым» респуб­ли­калық қоғамдық-әдеби жур­налының бас ре­дакторы Серік Сағынтай, Қазақстан Жазу­шылар одағы Қарағанды облыстық филиа­лының директоры Жанат Жаңқашұлы енген қазылар алқасы жүзден жүйрік шыққан 12 ақын­ды іріктеп алды.

Сонымен қазылардың шешімімен «Дү­ниеге келер әлі талай Қасым…» республи­ка­лық мүшәйрасының жеңімпазы болып Ғы­лымнұр Кәдірбай атанды. Бірінші бәйге Әсел Оспанға бұйырса, екінші жүлде Ege­men Qazaqstan газетінің мәдениет жә­не ру­ханият бөлімінің меңгерушісі Мирас Асанға берілді. Ал үшінші жүлделі орын үш ақынға – Есей Жеңісұлы, Айзада Ра­қым­­­жанқызы және Асыл Сұлтанғазыға берілді.

Сонымен қатар Дәуітәлі Стамбеков, Кә­рім Сауғабай, Бүркіт Ысқақұлы, Сай­лау­хан Нәкенов және Жеңіс Қашқынов атын­дағы арнайы жүлделерге бірқатар ақын ие болды.

Айта кету керек, биыл байқаудың жүлде қоры жылдағыдан екі есеге көбейген. Мы­салы, осы жолы бас бәйгені жеңіп ал­ған ақынға тігілген жүлде 1 млн теңгені құрады.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақша­лай сыйлықтар мен Қасым Аманжолов­тың сөзіне жазылған әндердің басын құ­раған «Қасымның әндері-ай» күйтабағы және ақын­ның сөзіне жазылған әндерден тұратын «Бір нәзік сәуле» кітабы тарту етілді.

Мұнан соң, дауылпаз ақынның ескерт­кіші орын тепкен Қасым Аманжолов атын­дағы көшеге 110 қайың шыбығы егілді. Бұл – Алаштың аяулы ұлы, ардақты ақынның 110 жылдық тойының құрметіне орайластырылып істелінген ізгі шаруаның бірі болды.