• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әдебиет 12 Қазан, 2021

Таңғы шықтай шынайы талант

524 рет
көрсетілді

Жазушы Сайын Мұратбековтің қазақ прозасының алтын қорына енетін санаулы саңлақтардың бірі екендігі қашанда ыстық ықыласпен, мақтаныш сезімімен айтылады. Әдебиеттің өркендеуіне қомақты үлес қосқан қаламгерді ұлттық өнердің тұнығынан қанып ішкен сәулелі жанның бірі ғана емес, бірегейі деуге лайықты. Сайын Мұратбеков қазақ прозасындағы Бейімбет салған мектепті жаңа бір көркемдік биікке көтерген хас суреткер екені аян.

Сайын Мұратбековтің қала­мынан туған шығармаларының қай-қайсысын алыңыз, оқыр­манын өзіне тартып, оқуға құмар­лығын арттыра түсетіндігімен ерекшеленеді. Тумысынан талантты, содан кейін де әдебиет айдынына еркін құлаш сермеген Сайын қаламгерлік қарымы­ның қуаттылығымен әуелден-ақ назарға іліккен еді. Жас жазу­шының қаламгерлік қарым-қабі­летін әдепкі аяқ алысынан-ақ та­нып-білген Ғабит Мүсіреповтің: «Көпұлтты әдебиетіміздің гүлдеп тұрған мәуелі бағында Сайын Мұратбековтің жас талдай жел­кіл­деп бой көтерген тамаша прозасы бітік шығып, алыстан көзге түсіп, көз тартары сөзсіз», деп жылы лебіз-пікір білдіруі дара дарынды жазбай танығандығы десе болады. Сөз зергері атан­ған суреткердің балауса талантқа айтқан тілегін құп көрген Сайын өзіндік болмыс-бітімімен оқыр­манын бірден құшағына алды. «Менің қарындасым» хикаятынан басталған шығармаларын оқырман жата-жастана, таласа-тармаса оқып, кейіпкерлерін әркім өзіне ұқсатып, өмірдің өзін­­дей әңгімелері көпшілікті шы­­найылығымен таңғалдырып, там­сандырған-ды. Олай болатын себебі, нәзік сезімдерді үл­піл­детіп, жүрек қылын шер­тетін шынайы көріністер көз алды­ңа көлбеңдей елестеп тұра­тындығымен тәнті ететін-ді. Еліт­тіретін-ді. Еліктететін-ді.

Сайынның «Жабайы алма», «Жусан иiсi», «Кәментоғай», «Қа­лың қар», «Дос iздеп жүрмiн» атты тамаша хикаяттары нақты өмірді өзгеріссіз жеткізіп, тiлiнiң көркем өрнектелуiмен құнды. Табиғи нанымдылығының арқа­сында олар оқырманын баурап, қызушылығын арттыра­ды. Кейіп­керлердің іс-әрекеті ар­қы­лы өткен балалық шақтың қы­зық-дәуренді күндері қаз-қал­­­пында әсерлі әңгімеленеді. Аулақ­та қалып, сарғайған елес­тер са­нада сапырылысып, аң­сау сезімді оятады. Кейіп­кер­лерінің сезім бұлқыны­сы оқыр­­ман жанына буырқанды­рар күш-жігер береді. Адамның ­жан жүрегін шымырлатып, жүрек­ті тербер тебіреніске жетелейді. Қа­ламгердің ауыл тұрмысын, күй­бең тіршіліктерін баяндау­да­ғы тә­сілі, әңгіме желісін өрістету­­дегі үлгісі, көркемдеп жеткізу мә­не­рі, тілдік қорының шұрай­лы­лы­ғы кімді болса да сүйсін­ді­ріп, тұ­шындырады. Кейіпкер­лері ке­лісті сомдалады. Замана тыны­сын тап басып білетіні, оқи­ға көріністерін мөлдіретіп бейнелейтін суреткерлігі хас ше­бер­дің қабілетін даралай­ды. Сайынның және бір өзін­дік ерекшелігі – таптаурын тақы­рыпты қайталай бермейді. Та­қы­рып таңдаудағы талғамы жо­ғары. Ешкім қалам тартпаған, аяқ баспаған соны соқпақтарды сонарлайды. Тапқанын таразылап шеберлік шеңберінде тап-тұйнақтай етіп ұсынатыны, оны өз дәрежесінде жеткізе білетіні әр туын­дысынан көрініс табады. Шы­ғармаларындағы адамдардың мінез-құлқы мен тағдыры бір-бі­ріне ұқсамайды. Әрқайсысы­­ның өзіндік бағыты бар, адамгер­­ші­лік қасиеті, мінез-құлқы, жү­ріс-тұрысы, өмірлік ұстанымы, маң­дайға жазылған тағдыры әрқи­­лы болып келеді. Бұл бағытта ж­азу­шының көргені көп, ауыл­дың жағ­дайын жетік білетіндігі, жай-жапсарды саңлақтықпен сара­лайтыны айқын байқалып тұра­­ды. Сол себепті де қарапайым ауыл адамдарының тірліктерін тәп­тіш­тейтін әңгімелерінің бәрі кө­ңіл пернесін дәл басады, жарасым­ды үйлесім тауып жатады.

Сонау сұрапыл соғыс жыл­да­рындағы қабырғасы қайысқан балалық шақ пен бүгінгі балалар мен үлкендердің тұрмыс-тір­шілігіндегі ұқсас жайттарды сомдайтын шығармалары көзі­карақты, зерделі оқырман көңі­лін тап баса қоятыны да ақиқат. Сайынның барша шығармасы бүгінгі кезең мен өткен өмір шын­дығымен астарласып-сабақта­сып жататынымен құнды. Бұл тұрғыдан алғанда жазушының «Жусан иісі» атты әңгімесі Екін­ші дүниежүзілік соғыс жыл­да­рындағы ауыртпалықтарды ке­лістіре суреттейтін бірегей туынды. Мұнда оқиғаның өрбуі мен құрылымы да қисынды, логи­калық ақыл-ойдың дара сабақ­тастырыла дамуы да, адамның ішкі жан дүниесі де жан-жақты қамтылады. Осы шығарманың қалай жазылғаны туралы жазу­­шының жары Мәриям өз естелік­терінің бірінде: «Сайын көбіне түнде жазатын. Күзде қарлы жауын жауады ғой. Әсіресе сол кез­ді қатты жақсы көретін. Он­дай уақыттарда жұмыстан келе сала жа­зуға отыратын. Әуежай ма­ңын­дағы үйден қаладағы пә­тергекөшкенде Сайынның «Көк­­орай», «Күсен-Күсеке», «Жа­­байы алма», «Жусан иісі», «Ба­­сында Үш­қа­раның» сынды шы­ға­р­ма­лары дүниеге келді. «Жу­сан иісін» жа­зып біткен соң ол ке­ре­­мет кө­ңіл күйде жүрді. Сірә, оқыр­­­­ман қауымға, балаларға ұнай­­тынын сез­ген шығар», деп жазады.

...Өткен ғасырдың сексен бе­сінші жылының мамыр айы­ның соңғы күндерінде Сайын Мұ­рат­­бекұлымен сапарлас болу­дың сәті түскені бар. Сәкең «Қа­пал-Арасан» шипажайында бір апта демалмақшы болып, жол-жөнекей Талдықорғанға ат басын бұрады. Облыстық «Ок­тябрь туы» газетінің редакция­сына келіп, ондағы журналис­термен емен-жарқын жүздесіп, бірсыпыра әңгіменің бетін қа­йы­рып, кеңінен пікірлесе­ді. Газет­тің редакторы Ғайыс Егем­­­бердиев жиын соңынан мені ша­қырып алып: «Сәкең, Сайынды айтамын, Жетісу же­рі­нің талант­ты түлектерінің бірі ғой, демалуға бара жатыр екен, жал­ғызсырамасын, бірге барып, қасында болып қайт» деп жол­серіктікке жіберді. Сайын: «Ре­дак­тордың бірінші орынбасарымен үзеңгілес жолдас болатыным қандай жақсы?! Зерікпейтін шығармыз», деп Ғайсекеңе рия­сыз ризалығын білдіріп жатты.

Мен Сайын ағаны бұрыннан білетінмін. Енді тіпті жақын та­ны­­сып, бір апта иықтаса жү­ріп әңгіме-дүкен құратын мүмкін­дік­тің күтпеген жерден туғанына қуанып та қалған едім. Көп бөгел­мей Қапал жаққа қарай бет түзедік. Үзік-үзік әңгіме шертіп, белестен белес асып келеміз. Қапал ауылынан асыңқырап барып дөңестеу жон үстіне жеткенде Сайын аға машинаны тоқтатқызып, сыртқа шықты. Бойын жазып, қос қолын қыран қанатындай керіп алып жан-жағына көз тоқтатты.

– Әлеке, мына алдымызда ­көл­­денең жатқан тауды Баян­жү­рек деп атайды. Қарашы өзің, тылсым табиғаттың өзі ше­­берлікпен салған ғажайып кө­­рініс емес пе? Осы биік тау сіл­емінің пішімі кәдімгі жүрек кей­піне ұқсайды. Тарихи ескі жаз­баларда, яғни көне моңғол тілін­де бұл жерді «Суретке бай шоқы» дейді екен. Екі ұғым да бір-бірімен қабысып, шындыққа жанасып тұр. Кезінде осы өңірді аралаған Шоқан Уәлиханов та бұл көрініске қызыға қараған екен. Ғалым өзінің жазбаларын­да Қапал бекінісін, ондағы Там­шыбұлақ, Арасан суын, Күрең­бел атты тау мен жазықты, Еш­кі­өлмес, Баянжүрек сынды аймақ­тардың табиғи көріністерін сүй­сіне сипаттап, бүкіл Орта Азия­да бұларға теңдес жер жоқ шы­ғар-ау деп тамсанған көрінеді. Жерұйықты іздеген Асанқайғы бабамыз да Жетісу өлкесін көр­генде желмаясының тізгінін тартып: «Ағашы тұнған жеміс екен, шаруаға жақсы қоныс екен» деп төңірегіне таңдана қарағаны да бекершілік емес, деп Сайын аға селеудей селдірей бастаған бұйра шашын алақанымен сипалап, туған өңірінің келбетіне ерекше бір сүйіспеншілікпен көз тігіп, самал желіне кеудесін керіп тұрды. Аймақтың кең жазирасын нұрлы жанарымен қырандай шолып шыққаннан кейін маған еңсеріле бұрылып:

– Анау қарсы алдымыздағы шоғырлы тасты биік шоқының Баянжүрек деп аталуының себебін білесің бе? – деді.

– Толық мәнінде білемін дей алмаймын. Еміс-еміс естігенім бар, – дедім күмілжіп.

– Онда тыңда, қысқартып айтайын. Жасөспірім кезімде көп­ті көрген қариялардан тыңда­ған, жүрегіме ғаламат әсер еткен аңыз-әңгіме бар. Желісі былай өрбиді. Ерте заманда Қапал деген бай-шонжар осы өңірді жайлапты. Оның Баян атты жалғыз қызы кішкене кезінен аттың құ­лағында ойнаған, садақ атып, қылыш сермеуді бозбалалардан артық меңгерген өжет, ақылына көркі сай болып бойжетіпті. Қыз­дың өнерін, алғырлығын, сұлу­лығын сырттай естіп-білгендер Қапалмен құда болып, Баян сынды арумен тағдыр қосуды армандайды. Сондайлар сөз салуды жиілетеді. Бұл тұста Баян әкесінің жылқышысы Сайынбөлекті ұна­тып қалады. Сайынбөлек қыран көзді, көкжал жонды, батыр тұл­ғалы, парасат-пайымы кең, жігіт­тің сұлтанына лайықты болса ке­рек. Екі жастың арасында құш­тарлық оты ұшқындап, пәк сезімдері бара-бара махаббатқа ұласады. Мұны Қапал да се­зіп, Баянды тезірек атастырып, ұза­туды ойластырады. Бір өл­кені ашса алқанында, жұмса жұды­рығында ұстап отырған әке қызын Сайынбөлекке қосқысы келмей­ді. Баян өзі қалаған жігітіне қосы­луы үшін елден қашып шығып, нағашы жұртына барып паналауды ұйғарады. Баянның бұл шешімін Сайынбөлек те құп кө­реді. «Өлсем, жаным – өзіңмен бірге», деп батылдық танытады. Осылайша, қыз бен жігіт алыс жолға жарамды сәйгүліктерін ерттеп мініп, таң бозында жолға шығады. Әкесі Қапал олардың соңынан қуғыншылар жібереді. Нөкерлер қос ғашықты тауып ала­ды. Баян мен Сайынбөлек қу­ғын­шылардың айтқанына көн­бей, жанкештілікпен айтысып, тартысады. Қарсылық та танытып, ықтиярларына көнбейді. Алайда көптің аты көп, қаптаған нө­кер Сайынбөлекті мерт қылады. Жаны күйзеліп еңкілдей еңіреген Баянды атқа отырғызып, ауылға қарай алып жүреді. Сүйгенінен лажсыз айырылған Баян қайтар жолдағы оқшау тұрған сұсты, еңселі таудың асуына жеткенде:

– Мен өзіме-өзім келіп, шамалы тыныстап, ес жыйып ала­йын. Жалғыз қалдырып, аулағырақ барып күтіңдерші. Сайынбөлек­­пен бір сәт бақұлдасып, қоштасайын, – деп сұранады. Қыз тілегін қу­ғыншылар құп көреді. Таудың биі­гінен сүйгенінің денесі қалған қыраттарға қарап жан жүрегі езі­ліп, көз жасын көлдетіп төгіп барып шың басынан құлайды. Қыз ажал құшқан таудың сыртқы сұлбасы жүрекке ұқсайтындықтан ел-жұрт бұл жерді содан былай Баянжүрек атап кетеді. Міне, Баянжүректің қысқаша аңызы осылай.

– Ой, Сәке-ай, өскен өңіріңіздің аңыз-әңгімесімен құлақ құрышын қандырдыңыз ғой, – дей беріп едім, сөзімді бөліп:

– Құлақ құрышын қандыру өз алдына, ол жеткіліксіз. Киелі топырақтың тарихи тағылымы мол құндылықтарын қазіргі өркен жайған өрелі жастардың санасы­на терең сіңіру – бізге парыз. Кө­ңіл көкжиегін кеңейтетін кемел­ді әңгіме ой-өрісінің кеңістігін ұлғай­тып, дамытады. Оны өзің де біле жүргін, – деп маған да сал­мақ салып қойды.

Қызу әңгіменің тіні одан әрі ұзарып, жалғаса берді. Сәкеңнің тартымды әңгімесін тыңдай оты­рып оның жайдары жүзінен са­бырлық пен асып-таспайтын байсалдылық пайымын, жүрек лүпілін дөп басатын сезімталдығы мен тау қозғалса қозғалмайтын ұстамдылығын аңғарған едім. Осы бір берік қалыптасқан үрдістің барша туындыларының өн бойына алтын арқауға айналып, самал желдей есіп тұратындығына көз жеткіздім.

Сайын ағаның жан дүниесін серпілткен қазыналы Қапал айма­ғындағы Қоңыр өңірінің топы­рағына кіндік қаны тамып, мөлдір бұлағынан сусындаған ақын Ғали Орманов, әнші Қажыбек Бек­босынов, вирусолог-ғалым Айдын Қыдырманов, ғылым докторы Алтай Шалтабаев және басқалар мақтаныш сезіммен ауызға алатын біртуар өр тұлғалар. Ал сөз зергері Сайын Мұратбеков өмір­дің болмысын шынайы бей­нелейтін таңғы шықтай мөл­дір шығармалары арқылы оқыр­манның жан жүрегін баурап, ықы­лас-құрметіне бөленген ерек дарын иесі. Сайын даланың сау­мал самалы тербеген жасыл шал­ғынын шайқап, теңіз толқы­нын­дай тербейтін сергек сезіммен баурайтын көркемсөз шебері.

 

Әли ЫСҚАБАЙ,

жазушы, Қазақстанның

еңбек сіңірген қызметкері,

Алматы облысының

Құрметті азаматы