Солтүстік Қазақстан облысында бүгінгі таңда 3 930 агроқұрылым бар. Соның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын заңды тұлғалар (ЖШС, КС, АК және т.б) – 1 259. Бұл – барлық шаруашылықтың 32 пайызы. Ал шаруа және фермерлік қожалықтар саны – 2 671. Бұл – агроқұрылымдардың 68 пайызы.
Осы шаруашылықтардан 2020 жылы мемлекеттік және жергілікті бюджеттерге барлығы 12,8 млрд теңге салық түскен. Ал 2021 жылдың 8 айында 11,6 млрд теңге салық алынған. Әрине, көп сияқты көрінгенімен, бұл төленуге тиісті салықтың 30 пайызы ғана. Оны көп адам біле бермейді. Салық кодексінің 700-бабы бойынша ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мен ауыл шаруашылығы кооперативтері арнаулы салық режімін қолданып, бюджетке төленуге тиісті корпоративтік табыс салығы мен жеке табыс салығын (төлем көзінен ұстап қалатын салықтардан басқа), әлеуметтік салықты, мүлік салығы мен көлік құралы салығы сомасын 70 пайызға азайтуға құқылы. Демек, мұның бәрі төленуге тиісті салықтың 30 пайызы ғана. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қолдау үшін жасалған тиімді шара болатын. Соның нәтижесінде көптеген кәсіпорындар жақсы дамып, бүгінгі таңда кейбірінің айналымы миллиардтаған доллар көлеміне жетіп отыр.
«Ел теңелді, төл кенелді» дегендей, енді ауқаттанған кәсіпорындардан салық неге толық алынбасқа? Олардың мүмкіншілігі салықты толық төлеуге жетті ғой. Мысалы, «Зенченко и К» коммандиттік серіктестігі сияқты ауыл шаруашылығы кәсіпорындары қазір өте бай. Олардың салықты осы күнге дейін жеңілдікпен төлейтіні әділетсіз. Атақты «Шөлдің ақ күні» фильміндегі кеденшінің «за державу обидно» деген сөзі ойға оралады. Егер еліміздің қуатты көлемге жеткен ауыл шаруашылығы кәсіпорындары салықты 100 пайыз төлесе, мемлекеттік және жергілікті бюджеттердің мүмкіндігін арттыра түспес пе еді?
Мемлекеттік салық комитеті қаржы айналымы кенеріне келген кәсіпорындардан салықты толық көлемінде алып тұрса, елдің бір жыртығын жамауға жетпес пе еді? Тіпті бұл салық мемлекетке аса қажетті болмаса, жергілікті жерде тегіс қалдырылып, ауданішілік және ауылдар арасындағы жолдарды жөндеуге немесе жаңадан салуға жұмсалса, аймақ экономикасын сеп еді ғой. «Арнаулы салықтық режім» дегеннің өзі белгілі бір уақытқа берілетін тәртіп болатын. Бірақ бұл біздің жағдайда шектеусіз уақытқа айналып бара жатқандай. Осыған тиісті органдардың көңіл аударатын кезі жетті. Салықты дұрыс алу – мемлекеттегі әділеттіктің бір белгісі. Егер қуатты кәсіпорындар тиісті салықтың 30 пайызын ғана төлей беретін болса, оған халық та наразы болары сөзсіз.
Шамадан тыс байып бара жатқандарды салық төлеудің арнаулы режімінен шығаратын кез жеткен сияқты. Ал «көрмес – түйені де көрмес» деп салық орындары қарап отыра беретін болса, әділеттілік болмайды.