Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев «Ақбұлақ» шағын ауданындағы атыс кезінде қаза тапқан полицейлердің отбасыларымен кездесті.
Кездесу барысында қала әкімі қайғылы отбасыларға көңіл айтып, пәтер кілтін табыс етті. Алматы әкімдігінің бастамасы сот шешімін орындау бойынша қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан полицейлердің отбасыларын қолдау мақсатында қабылданып отыр.
Биылғы шілде айынан бастап Алатау аудандық ПБ жанындағы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарған полиция капитаны Нұрбол Байғазиев ішкі істер органдарында 2014 жылдан бергі аралықта қызмет етіп келген. Оның 5 және 7 жастағы екі баласы қалды. Ал полиция майоры Дархан Сүлеев ішкі істер органдарында 2003 жылдың қаңтарынан бастап қызмет еткен. Осы жылдың тамыз айынан бастап Алатау аудандық ПБ жанындағы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарған оның кәмелетке толмаған бес баласы қалды.