Елордадағы музыкалық жас көрермен театры II театр маусымының шымылдығын түреді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Елорда төрінде 2020 жылы тұсауы кесілген Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Музыкалық жас көрермен театры» ұжымы өнер бәйгесіне жаңадан қосылған жас театр.
Театр алғашқы шымылдығын қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында М.Әуезовтың «Абай-Тоғжан» музыкалық-драмасымен (инсценировка авторы Мирас Әбіл) ашқан болатын. Жаңа маусымда да театр ұжымы сүйікті көрермендеріне дайындаған тың туындылары жетерлік. Театр ұжымы өз көрерменімен сағына қауышатындығын қуана хабарлаймыз!
Нұр-Сұлтан қалалық «Музыкалық жас көрермен театры» жаңа II театр маусымын 15-16 қазан күндері сағат 18:00-де М.Әуезовтың «Абай-Тоғжан» музыкалық-драмасымен ашпақ. Қазақ елінің ұлы ойшылы, ақын Абай Құнанбайұлының бозаң қырда өткен балалық шағымен кіршіксіз махаббаты, сезімге толы өлең жырлары көрерменді бей-жай қалдырмайтыны анық.