• RUB:
    5.39
  • USD:
    479.83
  • EUR:
    528.82
Басты сайтқа өту
Президент 14 Қазан, 2021

Қазақстанның экологиялық батыл бастамасы

643 рет
көрсетілді

Елордада ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Париж келісімінде белгіленген мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу және климаттың өзгеруіне қарсы күреске бағытталған Қазақ­­станның бастамаларына арналған халықаралық конференция өтті.

Жаһандық жылыну қарқыны алаңдатады

«Париж келісімінің мақсаттарына және Қазақстанның көміртегіне бей­та­рап­тығына қол жеткізу жолдары» тақы­рыбында өткен халықаралық кон­фе­ренцияға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, БҰҰ-ның жоғары лауазымды тұлғалары, халықаралық сарапшылар, бизнес және азаматтық қоғам өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның климат өзгеруі саласында қойған батыл мақсаттарының бірі – 2060 жылға қарай көміртегіне бей­тараптыққа қол жеткізу мәселесіне қатысты пікірін білдіріп, шетелдік және отандық белді мамандардың алдында Қазақстанның жоспарын таныстырды. Президент өз сөзінде қазіргі уақытта климаттың өзгеруі ең өзекті мәселеге айналғанын атап өтіп, БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриштің көміртегінен таза ел болуға қатысты үндеуін қолдайтынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметаралық сарапшылар тобы дайындаған Алтыншы бағалау баяндамасындағы климаттың өзгеруіне қатысты түйткілді мәселелерге тоқталды. Аталған құжатта көмірқышқыл газының ауаға шамадан тыс таралуы салдарынан жаһандық жылынудың осы жүз жылдықта 1,5-2 градусқа жоға­рылайтыны айтылған. Мемлекет бас­шы­сының пікірінше, Орталық Азиядағы жылыну процесінің жылдам қарқын алуы алаңдаушылық тудырып, шұғыл әрекетті талап етеді.

– Бұл су мен азық-түлікті және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан өте маңызды. Қазақстан бидай мен ұн өндіруші ірі елдердің ондығына кіреді және жылына 7 миллион тоннаға дейін бидай экспорттайды. Алайда жағдай нашарласа, 2030 жылға қарай бидай өнімі шамамен 40 пайызға төмендеуі мүмкін. Қазақстанның Орталық Азиядағы жалғыз экспорттаушы ел екенін ескерсек, бүкіл аймақтың азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнетіні сөзсіз. Бұл – қарапайым ғана мысал. Климаттың өзгеруіне қарсы күрес – мұның ортақ іс екенінің дәлелі. Бұл – аса маңызды мәселе, – деді Президент.

Мемлекет басшысы еліміздің табиғи қазбаларға айтарлықтай тәуелді екеніне қарамастан, Қазақстан осы ғасырдың ортасына қарай көміртегіне бейтараптыққа қол жеткізетін алғашқы жүз елдің қата­рында болатынын жариялағанын атап өтті.

 

Жаңа тәсілдер қажет

Қасым-Жомарт Тоқаев экономика мен өнер­кәсіпте көміртегін аз пайда­ла­нудың базалық тәсілдерін қарастыратын Қазақ­станның 2060 жылға дейін көмірте­гінен таза ел болу доктринасын әзір­леп жатқаны туралы айтты. Прези­дент Док­трина, түптеп келгенде, прагма­ти­ка­­лық әрі рационалды болуға, ел эконо­­ми­касы­ның қажеттіліктерін, оның ерек­шелігі мен құрылымын ескеруге тиіс деп есептейді.

– Қазірдің өзінде Доктринадағы үл­кен мақсатқа қол жеткізу үшін жүйелі күш-жігер қажет екені айқын. Бұл ретте, отын-энергетика кешенін жаңғыртуда, индустриялық және агроөнеркәсіп сая­сатын қайта қарауда, тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығында, құрылыста және жалпы адамдардың өмір сүру дағды­сында жаңа тәсілдер қажет. 2060 жылға қарай жаңартылатын және баламалы энергия көздері еліміздің жалпы энер­гия балансының 80 пайызынан астамын құрайтын болады. Көміртегі бейтарап­тығына қол жеткізу үшін мемлекет, бизнес және тұтас қоғамның бір­лес­кен күш-жігері қажет. Оның сәтті жүзеге асырылуы 1990 жылғы деңгей­ден 15 па­йызға төмендету туралы 2030 жылға дейінгі межеге қол жеткі­зіп қана қоймай, 2060 жылға қарай парник­тік газдың нөлдік деңгейіне жетуге мүм­кіндік береді. Нәтижесінде, атмосфераға шығарылатын көміртегі қалдықтары 9 миллиард тоннаға дейін азаяды, – деді Мемлекет басшысы. 

Президенттің айтуынша, мұндай үлкен мақсаттарға қол жеткізу үшін электр қуаты мен жылу өндіру секторын жаңартуға қомақты қаражат пен инвес­тиция тарту,  парниктік газдардың қал­дық­тарына бөлінетін квоталарды сауда­лау­дың ұлттық жүйесін қайта қарау, оны тиісті халықаралық жүйелерге сәйкес­тендіру қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жүр­гізіліп жатқан газбен қамтудың ау­қымды жұмысы, жаңартылатын және баламалы энергетиканы дамы­тудың әлеуеті мен жасыл экономи­каны қаржыландыру, сондай-ақ транс­шекаралық өзендердің гид­рологиялық және экологиялық мәсе­лелерін шешу шаралары туралы айтты.

 

2 млрд ағаш егіледі

Президент елімізді көгалдандыру бағ­дар­ламасына ерекше тоқталды. Мем­лекет басшысының тапсырмасына сәй­кес 2025 жылға дейін 2 миллиард ағаш отырғызылады.

– Бұл бастама – халықаралық резонанс тудырған, шын мәнінде, ауқымды ұлт­тық жобаға айналады. Жүктеліп отыр­ған міндет өте өзекті. Сондықтан оның санын көбейтумен айналыспай және көзбояушылыққа салмай дұрыс орын­дау керек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев климаттың өзгеруі мәселелерін шешуге қатысты аймақ­тық күш-жігер туралы айта келіп, конференцияға қатысушыларға энергия­лық тиімді тәсілдер мен технологияларды пайдалану, жаңартылатын және баламалы энергия көздерін енгізу, көміртегін аз шығаратын көліктерді пайдалану жө­нін­дегі Еуразиялық экономикалық одақ­қа мүше мемлекеттердің нақты бірлескен жоспары туралы ақпарат берді.

– Одақ аясындағы өнеркәсіп, технология және экономика салаларындағы тығыз байланыстарды ескерсек, бірлесіп әрекет ету табыстың кепілі екені сөзсіз. Жаһандық іс-қимыл туралы да осыны айтуға болады. Климаттың жағдайы мен планетамыздың тағдыры халықаралық қауымдастықтың бірлесіп атқарған жұмысына тәуелді. Қазақстан жаһандық температуралық мақсатқа қол жеткізу жөніндегі ортақ іске өз үлесін қосуға әзір, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев іс-шараны қоры­тындылай келе, Қазақстан эконо­ми­- касының көміртегіне тәуелділігін төмендету тәсіліне көшу мәселесі батыл шешімдерді, қомақты қаражат пен тұтас қоғамның күш-жігерін біріктіруді қажет ететінін атап өтті. Бұл ретте, Мемлекет басшысы климат тақырыбындағы күн тәртібінің реттеуші тетіктері сауда-саттық пен инвестицияға кедергі кел­тір­меуі керек екеніне баса мән берді.

Мемлекет басшысы көміртегін аз пайдаланатын елге айналу үшін өт­пелі экономикасы бар мемлекеттерге технологиялық және ресурстық қол­дау көрсетуге дамыған елдер мен халық­аралық ұйымдар жауапты екенін айтты.

Осыған байланысты Президент Үкі­метке күн тәртібіндегі климат мәселелері бойынша БҰҰ құрылымдарымен, Дү­ние­жүзілік банкпен, халықаралық қаржы ұйымдарымен және дамыған мемле­кет­тердің үкіметтерімен ынты­мақ­тастық орнатуды тапсырды.

Халықаралық конференцияның панельді сессиясында спикер ретінде БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі Мирья­на Сполярич Эггер, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, Экология, геология және таби­ғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Пулитцер сыйлығының лау­реаты Дэниела Эргина, ЕҚДБ «жасыл экономика» мен климаттық қызметтің басқарушы директоры Гарри Бойд-Карпентер, ЭЫДҰ қоршаған орта басқармасының директоры Рудольфо Лэси сөз сөйледі. АҚШ Президентінің климат мәселелері жөніндегі арнаулы өкілі Джон Керри жиынға қатысушыларға бейнеүндеу жасады. Ал конференцияға Overseas Development Institute Талдау орталығының климат және тұрақтылық бағдарламасының директоры Сара Коленбрандер модераторлық етті.

 

Климат өзгерісі мен теңсіздік бір-бірімен байланысты

БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) Еуро­па және ТМД бойынша өңірлік бюро­сының директоры Мирьяна Спо­лярич Эггер жаһандық жылыну адамзат үшін ең маңызды мәселелердің бірі екенін және ол әркімге әртүрлі әсер ететінін алға тартты.

– Климаттың өзгеруі барлығына әсер ететіні сөзсіз, алайда бұл құбылыс бар­лығында бірдей көрініс таппайды. Әрекетсіздіктің салдары кедей және осал топтарға көбірек әсер етеді. Климаттың өзгеруі мен теңсіздік бір-бірімен тығыз байланысты. Қымбат емес қазба отын түрлерінің молдығына қарамастан, Қазақстан әртараптандырылған және «жасыл экономиканы» қалыптастыру үшін құрылымдық қайтақұруларды бас­тап кетті.  Бұл трансформацияның негізін энергетикалық жүйені көмірқышқыл газының мөлшерінен азайту мәселесі құрайды. Біз бұл миссияның ауқымын дұрыс бағалауымыз керек. Қазба отыннан біртіндеп бас тарту экономика, сау­да және өнеркәсіп салаларында терең құрылымдық өзгерістердің болаты­нын білдіреді, – деді БҰҰ Даму бағдар­ла­масының өкілі.

Орталық Азияда көмірқышқыл газы­ның мөлшерін азайту процесі басталып кеткенін айтқан Мирьяна Сполярич Эггер Қазақстан бұл үрдісте өңірдегі көш­басшы ретіндегі саяси күш-жігерін көрсетіп отырғанын атап өтті.

– Мұндай батыл әрекет болмаса, ай­мақ энергетикалық өзгерістер мүмкіндігін жіберіп алуы мүмкін. Орталық Азия ги­д­ро­энергия, биоэнергия, геотермалды, жел және күн энергиясы секілді жаңар­тылатын энергетикалық ресурстарға бай. Алайда «жасыл энергияға» кө­шу қаржыландыруды қажет етеді. Мемле­кеттік және жекеменшік сектордың күш-жігерін біріктіру керек, – деп атап өтті БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) Еуро­па және ТМД бойынша өңірлік бюросының директоры.

БҰҰ өкілі мемлекеттік қаржы­лан­ды­руға қатысты ұлттық бюджетті бөлерде тұрақты және төмен көміртекті инфра­­құ­рылымға басым назар аударылуға тиіс деген пікір білдірді. БҰҰДБ қаз­ба отын­нан бас тарту жолында көмір­сутекті отын­ға субсидия беруді тоқтатып, бұл қа­ражатты адамдар мен плане­таға бағыт­тауға шақырды.

Конференция барысында Қазақ­станның Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев елдегі зиянды шығарындыларға қатысты мәліметті ұсынды. 

– Global Carbon Atlas-тың 2019 жыл­ғы соңғы деректері бойынша Қазақ­стан Республикасы 221 елдің ішінде көмірқышқыл газы шығарындыларының көлемі бойынша 21-орынды, жан басына шаққандағы шығарындылар бо­йынша 11-орынды және ІЖӨ-нің көміртегі сыйымдылығы бойынша 5-орынды иеленеді, – деді Серікқали Бре­кешев. Министрдің айтуынша, 2019 жылы елдегі парниктік газдардың шы­ға­рындылары 364 млн тоннадан асқан.

Серікқали Брекешев Қазақстан Респуб­ликасының 2060 жылға дейінгі көмір­тегіне бейтараптыққа қол жеткізу доктринасының жобасын таныстырды. Оның айтуынша, доктрина ең үздік алдыңғы қатарлы TIMES, CGE және System Dynamics сынды модельдердің көмегімен шынайы экономиканы модельдеу негізінде әзірленген. Министр бұл барынша аз инвестициялық шығындар мен мүмкіндігінше мол экономикалық пайда алу тұрғысынан Қазақстан экономикасын көміртегінен арылтудың  ең оңтайлы жолын айқындауға мүмкіндік бергенін атап өтті.

Ол сондай-ақ Қазақстан Респуб­ли­касының 2060 жылға дейін көміртегіне бейтараптығына қол жеткізу Доктринасын әзірлеудің екі сценарийі туралы айтты.

– Екі сценарий жасалды: негізгі және көміртегіне бейтараптық. Негізгі сценарийге сәйкес маңызды технологиялық өзге­рістер мен декарбонизация бойынша саяси шаралар қарастырылмаған. Көмір­тегіне бейтараптық сценарийі көмір­қышқыл газының шығарылуын азайту және 2060 жылға қарай көміртегіне бей­тараптыққа қол жеткізу жолында жасалатын белсенді әрекеттерді ескеретін болады, – дейді Экология министрі.

Есте болса, 2020 жылғы желтоқсанда Климаттық амбициялар жөніндегі саммит барысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2060 жылға қарай көміртегіне бейтараптыққа қол жет­кізу жөнінде батыл міндет қойған-ды. Жиын барысында Қазақстанның сол мақ­сатқа жету жолдары, экономикалық және әлеуметтік мүмкіндіктердің басым бағыт­тары, көміртегіне бейтараптыққа көшу үшін қомақты қаражат жұмыл­ды­рудың маңызы талқыланды.