Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен төменгі Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар бірқатар заң жобасын мақұлдады. Соның ішінде, «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне өлім жазасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев аталған құжат жөнінде баяндама жасады. Оның айтуынша, БҰҰ өлім жазасын жоюды адамның өмір сүру құқығын қамтамасыз ету жолындағы прогресс ретінде қарап отыр. Осыған байланысты өлім жазасын жою адамның қадір-қасиетін нығайтуға және құқықтарын дамытуға ықпал етеді деп есептейді.
«Гуманизмді басшылыққа ала отырып, Қазақстан өлім жазасын сатылы түрде жою бағытын қолға алды. 2005 жылы Азаматтық және саяси құқықтар туралы пактіге ратификация жасалды. Осы пакттің 6-бабына сәйкес, өлім жазасы тек айрықша ауыр қылмыс жасағаны үшін заңға сәйкес тағайындалуы мүмкін. Қазақстан 2006 жылы Еуропалық одақтың «Өлім жазасын жою туралы» үндеуіне қосылды. 2007 жылы БҰҰ Өлім жазасына мораторий енгізу туралы қарарын қолдады. Осының аясында өлім жазасын қолдану сатылай азайып келеді», деді Әсет Шындалиев.
Бас прокурор орынбасарының айтуынша, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өлім жазасы 26 аса ауыр қылмыс үшін тағайындалатын еді. Бұл жаза 1997 жылғы Қылмыстық Кодекстің 18 бабында ғана қалды. Ал 2014 жылы Қылмыстық кодекстің 17 бабында сақталған. Барлық санкцияларға балама ретінде өмір бойы бас бостандығынан айыру көзделген.
«2003 жылы Елбасы мерзімсіз мораторий енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл шешім өлім жазасын толық жойған кезге дейін қолданылады. Өлім жазасын жоюға бағытталған маңызды актілердің бірі – екінші факультативтік хаттама. Оны Қазақстан биылғы қаңтарда ратификациялады. Хаттама өлім жазасын жою үшін барлық шараларды қабылдауды міндеттейді. Алайда бұл жазаны хаттама ескертпесінің шеңберінде қалдыру мүмкіндігі бар», деді Ә.Шындалиев.
Қазақстан осы шартты басшылыққа алып, хаттаманы ескертпемен ратификациялады. Ескертпеге сәйкес, Қазақстан соғыс уақытында өлім жазасын қолдану құқығын өзіне қалдырып отыр. Осылайша, заң жобасында Қылмыстық кодексті хаттама мен оған жасалған ескертпеге сәйкес келтірілмек, сондай-ақ Қылмыстық кодекске бірқатар түзету енгізіледі.
«Бірінші, өлім жазасы Қылмыстық кодекстің 13 бабынан алынып тасталады. Екінші, соғыс уақытында жасалған әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстар ретінде өлім жазасын қолдану шектері бекітіледі. Қылмыстық кодекстің 4 бабында осы жаза сақталады. Атап айтқанда, бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы аса ауыр қылмыстар. Бұл қылмыстар соғыс әрекеттерімен байланысты әрі соғыс кезінде жасалуы мүмкін. Олар: басқыншылық соғысты жүргізу, жаппай қырып-жою қаруын қолдану, әскери тұтқындар мен бейбіт тұрғындарды өлтіру арқылы соғыс заңдары мен дәстүрін бұзу, соғыс уақытында жасалған геноцид. Бұл баптар аталған қылмыстардың ауырлығын ескеріп, соғыс уақытында көп адамды өлтіргені үшін жауапқа тартуды көздейді», деді Ә.Шындалиев.
Адамгершілікке қарсы осындай әрекеттер белгіленген халықаралық актілер өлім жазасы қолданылуы мүмкін қылмыстарды анықтауда негізге алынбақ. Атап айтсақ, БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің қарарына сәйкес, өлім жазасы көзделген әрекеттер тізімі көптеген адам өліміне және басқа да ауыр зардаптарға әкелетін қасақана қылмыстар шегінен шықпауға тиіс.
Бұдан бөлек, Рим статуты (Халықаралық қылмыстық сот жарғысы) да ескеріледі. Онда барлық халықаралық қоғамды алаңдататын ең аса ауыр қылмыстар ретінде геноцид, адамзатқа қарсы қылмыстар, әскери қылмыстар мен агрессия қылмыстары белгіленген. Жарғыда әскери қылмыстарға азаматтық тұрғындарға қасақана шабуыл жасау, жаппай тыйым салынған қару-жарақтарды қолдану кіреді.
«Әскери тұтқындарды ұстау туралы» Женева Конвенциясы (1949 жыл) басқа қылмыстармен қатар, әскери тұтқындарды қасақана өлтіруді ең аса ауыр қылмыс деп санайды. Осындай ереже 1949 жыл қабылданған «Соғыс кезінде бейбіт тұрғындарды қорғау туралы» Конвенцияда да айтылған.
Ә.Шындалиевтің айтуынша, осыларды ескере келе Қазақстан бұл қылмыстарды аса ауыр сипаттағы қылмыстар деп таныған. Жоғарыда айтылғанның негізінде осы қылмыстар үшін өлім жазасы қалдырылмақ.
«Бұдан бөлек, Қазақстан Биологиялық және химиялық қаруға (1972 және 1993 жылғы), Ядролық қаруға (2017 жылғы) тыйым салу туралы шарттарды бекітті. Бұл шарттар жаппай қырып-жою қаруына тыйым салады. Сол себепті, осындай құралдарды қолданғаны үшін өлім жазасын қалдыруды қарастырып отырмыз», деді Ә.Шындалиев.
Сондай-ақ жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл заң жобасының негізгі мақсаты – ішкі жалпы өнімнің энергия сыйымдылығын төмендету бойынша энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы жүргізілетін саясаттың түпкі нәтижесіне қол жеткізу.
Заң жобасы Мемлекет басшысының 2018 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмасына сәйкес әзірленген. Мақсаты – кәсіпорындардың энергия тиімділігіне қойылатын талаптарды күшейту. Аталған заң жобасы жөнінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов баяндама жасады.
Ведомство басшысының айтуынша, құжат энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы заңнама нормаларын жетілдіруге бағытталған. Жалпы, Заңның 9 бабына өзгеріс енгізіліп, 2 жаңа баппен толықтыру көзделген. Негізгі бағыттар – мемлекеттік энергетикалық тізілім, энергия аудиті, мемлекеттік бақылау, бюджет секторы және өңірлік саясат.
«Елдегі тұтыну көлемінің үштен бірі тиесілі ірі кәсіпорындарда энергия үнемдеу мәселелері бойынша жауапты тұлғаларды енгізу ұсынылады. Олар энергия менеджерлерінің рөлін атқармақ. Сонымен қатар энергетикалық тізілім аясында жеке сектор үшін ақпарат тізбесін оңтайландыру ұсынылады. Мемлекеттік сектор үшін автоматтандырылған жылу пунктімен қамтамасыз ету туралы және басқа да ақпаратпен толықтыру арқылы кеңейту көзделеді. Оның мақсаты – ең озық тәжірибелермен әрі қарай салыстыру және ұсыныстар дайындау», деді Б.Атамқұлов.
Министрдің сөзіне сүйенсек, энергия аудиторларына үміткерлерді аттестаттау функцияларын қызметкерлердің лайықтылығын растайтын органдарға беру ұсынылады. Бұл шара сала сарапшыларының кәсіби деңгейін арттыруға ықпал етіп, энергия аудитінің сапасын жақсартады. Бұдан бөлек, заң жобасында энергия аудиттерін толық, мақсатты және жедел энергия аудиті етіп жіктеу көзделген.
«Энергия үнемдеу саясатын іске асыруда жергілікті атқарушы органдар маңызды рөл атқарады. Бүгінде жергілікті жерлерде энергия үнемдеу шараларына бағытталған бағдарламалар жоқ. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдарға үш жылға арналған жол карталарын қабылдау және іске асыру құзыретін беру ұсынылады.
Энергия үнемдеудің елеулі әлеуеті бар бюджет секторын реттеуді күшейту және бюджет шығындарын азайту мақсатында тиісті құралдар ұсынылды. Мемлекеттік мекемелерде энергия үнемдеуді қамтамасыз ететін, сонымен бірге энергия тұтынатын жабдықтар нарығын қайта құруға серпін беретін тиімді мемлекеттік сатып алу енгізіледі. Энергия тұтыну нормативтерін қабылдап, олардың сақталуына мониторинг жүргізіліп, бенчмаркинг және энергия тиімділік бойынша тиісті ұсынымдар беріледі», деді министр.
Бизнеске бұзушылықтарды өз бетінше жоюға мүмкіндік беру мақсатында энергия үнемдеу саласы үшін жаңа мемлекеттік бақылау тетігін, яғни субъектілерге бармай профилактикалық бақылау жасалмақ. Оның тәртібін айқындау көзделеді.
Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин заң жобасында су пайдалануды бақылау жүйесін қарастырылуға тиіс екенін атап өтіп, жұмыс тобына екінші оқылымға дейін әзірлеушілермен бірлесіп, осы мәселені пысықтау қажеттігін айтты.
Нұрлан Нығматулиннің пікірінше, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің заң жобасынан тиісті нормаларды алып тастау ұсынысы өнеркәсіптік кәсіпорындардың, коммерциялық және бюджеттік ұйымдардың суды қалай пайдаланатынын бақылауға мүмкіндік бермейді.
Сондықтан Нұрлан Нығматулин депутаттардың қолданыстағы су тұтынуды бақылау жүйесін сақтау қажеттілігі туралы түзетулерін қолдау керектігін атап өтті. Жалпы, заң жобасымен экспресс-энергоаудит және мақсатты энергоаудит енгізіледі. Нысанға бармай алдын алу бақылау тәртібі бекітіледі.
Сонымен қатар облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының құзыреті энергия үнемдеу жөніндегі жол карталарын әзірлеу және бекіту жөніндегі нормамен толықтырылады.
Бұдан бөлек, жалпы отырыста «2004 жылғы 22 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенін құру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.
«Хаттаманың негізгі міндеті – «Бәйтерек» жобасының негізгі шарттарын түзету және өзектендіру. Бұл ретте хаттама ең алдымен Қазақстан тарапының мүдделеріне жауап береді. Тұтастай алғанда, хаттама қазақстандық тарап үшін қажет, өйткені бұл бірінші кезекте бірлескен кәсіпорынның Қазақстанның Қаржы министрлігі алдындағы бюджеттік кредит бойынша қаржылық міндеттемелері мәселесін заңды негізде шешуге жағдай жасайды», деді аталған құжат жөнінде баяндама жасаған Цифрлық даму, инновациялар жəне аэроғарыш өнеркəсібі министрі Бағдат Мусин.
Хаттамаға Ресей тарапының 2036 жылға дейін «Союз-5» зымыран-тасығыштарын ұшыру кешенін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелері енгізілген. Бұл жобада Ресей тарапы тасымалдағыш зымыранды құруды қамтамасыз етеді, ал Қазақстан тарапы қолданыстағы «Зенит-М» ғарыштық зымыран кешенінің жерүсті кешенін жаңғыртуды қаржыландыруды мемлекеттік тапсырыс арқылы орындауды қамтамасыз етеді.
«Заң жобасы күшіне енгенде мынадай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бірінші, «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорны» АҚ бюджеттік кредитті оның жарғылық капиталына айырбастау арқылы кредиттік міндеттемелерден босатылады. «Бәйтерек» мемлекетаралық жобасын іске асыруды жалғастыруға мүмкіндік алады. Айырбастау рәсімінің нәтижесінде Қазақстандық тараптың бірлескен кәсіпорынға қатысу үлесі шамамен 99 пайызға дейін артады.
Екінші, хаттама «Бәйтерек» ғарыштық ұшыру кешенінен 10 жыл ішінде Ресей тарапынан кемінде 2 ұшырылым қамтамасыз ететін кепілдігін береді. Бұл құрылған кешеннің болашақта мемлекеттік инвестицияларды қайтаруына мүмкіндік береді. Ресей тарапымен осы келісімнің күшіне енуі туралы ішкі мемлекеттік рәсімдер орындалды», деді Б.Мусин.
Жалпы отырыс барысында Палатаның бейінді комитеттері бірқатар жаңа заң жобасын жұмысқа алды. Олар – геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы заң жобасы ілеспе түзетулерімен, сондай-ақ, волонтерлік қызмет, қайырымдылық, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы арқылы қауіпті қалдықтарды трансшекаралық өткізу туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобалары.
Жиын барысында депутаттар мемлекеттік органдар басшыларына бірқатар депутаттық сауалдар жолдады.