• RUB:
    4.83
  • USD:
    443.37
  • EUR:
    474.49
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Қазан, 2021

Құрылыстың қарқыны қуантады

162 рет
көрсетілді

Қарағанды облысында биыл жалпы көлемі 662 мың шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға берілмек. Мұндай көрсеткіш кейінгі 30 жылдың ішінде болып көрмеген екен. «Бұл – рекордтық көрсеткіш», дейді қазірдің өзінде облыс басшылығы сенімді түрде.

Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Абзал Жайлыбаев өткен жылмен салыстырғанда өңірде тұрғын үй құрылысы 25%-ға өскенін айтады.

– 2021 жылдың 9 айында 400 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл 662 мың шаршы метрді пайдалануға беру жоспарланған, – деп мәлім­деді ол.

Қарағандылық құрылысшы­лар жұмыс барысында негізінен отандық өнімдерді пайдалануға басымдық береді. Бұл өңірдегі еңбек нарығын және құрылыс мате­риал­дары өндірісін жандан­дыруға септігін тигізуде. Қазір­дің өзінде құрылыс секторында 5 мыңнан астам адам жұмыс іс­тейді. Яғни жергілікті өнді­ріс­ті дамыту облыс әкімдігі­нің бас­ты мін­деттерінің бірі болып отыр.

Жаңа тұрғын үйлер көптеп са­лынғаннан кейін, баспана ке­зегіне де оң өзгерістер ене ба­с­таған. Мысалы, жыл сайын «Нұр­лы жер» бағдарламасы ая­сы­н­да халықтың әлеуметтік осал топ­­тарына 2-2,5 мың пәтер бө­лі­­ніп келеді. Бұл жерде айта ке­т­е­­тін бір жайт, жалға берілетін және не­сиелік тұрғын үйлердің бар­­­лығы кезекте тұрғандардың табы­­сына байланысты бөлініске түседі.

Бір ғана мысал: кеншілер астанасының тұрғыны Саягүл Нияз­бекова 13 жыл кезекте тұрып келіп, биыл Оңтүстік-Шығыс шағын ауданындағы жаңа үй­лердің бірінен екі бөлме­лі пә­терді сатып алу құқығынсыз жалға алды. Қазір ол айына ком­му­налдық төлемдерден басқа бар болғаны 7 800 теңге ғана төлейді.

– Қуанышымызды айтып жеткізе алмаймын. Бұған дейін төрт баламмен қала шетіндегі барак үлгісіндегі үйде тұрдық. Суды сырттан тасып іштік, пеш жақтық. Енді жұмыстан шаршап келгенде, рахат болды: шүмектен ыстық және суық су ағып тұрады, үй жылы. Аялдама мен мектеп тура жанымызда. Серуендеуге арналған саябақ та үйге тиіп тұр, – дейді ол мәз-мейрам болып.

Облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Абзал Жайлыбаев алдағы уақытта 830 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарда бар екенін айтады. Ал жыл аяғына дейін Қарағанды об­лысында кезекте тұрған 3 мың­ға жуық адам баспанамен қам­тылмақшы.

Әлбетте, құрылыстың мұн­дай қарқыны қараған­дылық­тарды қуантады. Деген­мен, санмен бірге сапаға да мән беруді ұмытпаған жөн. Мәсе­лен, кейінгі кездері салын­ған кейбір көпқабатты үйлер­дегі кемшіліктерге деген тұрғын­дардың өкпе-реніші баршылық.