Ақтөбелік дизайнер Малика Дүйсенбаева «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында мәдениет және спорт аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Ұлттық стильдегі киім дизайнері әрі он саусағынан өнер төгілген тігінші осы жалпыұлттық жобада бақ сынамас бұрын қазақтың оюлы-сәнді ұлттық киімдерін әлемдік сахналарда таныстырып, бірнеше рет республикалық, халықаралық сән байқауларының жүлдегері атанған. Маликаның қолынан шыққан бойжеткендерге арналған ұлттық нақыштағы заманауи дизайнмен қабысқан әдемі көйлектер әлемге жақсы тарап жатыр.
Бүгінде Еуропа елдерінде, АҚШ-та тұратын қазақтар Маликаға жиі тапсырыс береді. Бірегей брендті жасау жолдары туралы шебер былай дейді:
«Біздің қыздар бірін-бірі қайталамайтын, сәнді және сапалы, бірегей бұйым жасауға тырысады. Бойжеткендер көйлегінің матасы мен жібінен бастап, пішуі мен тігуіне ерекше мән береміз. Бірегей бұйымды жасау уақыт пен ерекше талғамды қажет етеді. Сол үшін де ұлттық киімнің ажарын ерекше ашатын ою-өрнектеріне өте мұқият қараймыз дегеннен гөрі, философиялық тұрғыдан қараймыз десем, артық айтқандық емес. Біз ұлттық ою-өрнектеріміздің ежелдегі қолданыс аясын, табиғатын зерттеп барып қана іске кірісеміз».
Қазақтың ою-өрнектерін киімдерге қолдану үлкен талғамды қажет етеді. Сол үшін де Малика Қытайға бірнеше рет барып, қазақтар тығыз қоныстанған өлкелердегі ісмерлерден шеберлік сабақтарын үйреніп келеді. Өйткені, өкінішке қарай, біз әлдеқашан ұмытқан ұлттық мұраларымызды, дәстүрімізді үзбей жалғастырып келе жатқан кісілер ол жақта көп.
Маликаға тігіншілік өнері нағашыларынан дарыған. Оның алғашқы ұстазы – анасы. Кішкентайынан көз майын тауысып түнімен киім пішіп, тіккенін көріп өскен. Нағашы әжесі де, ол кісінің шешесі де Қызылорда өңірінде ұзатылар қыздың бар жасауын түгендейтін, ою ойып, сырмақ тігіп, кілем-алаша тоқыған атақты шеберлер болған. Енді Маликаның қызы да қазақтың ұлттық сәндік көйлектерін тіккенді ұнатады екен. Жоғарғы оқу орнын дизайнер мамандығы бойынша аяқтаған ол өзіндік өрнекпен тіккен бойжеткендерге арналған киімдерді көпшілікке ұсына бастапты.
Соңғы екі жылдан бері пандемияның қиындығын отандық дизайнерлер де қатты сезінді. Осымен үшінші жыл бойы ел ішінде де, шетелдерде де сәндік конкурстар өткен емес. Көз майын тауысып тіккен сән көйлектерін ұсынатын орта болмаған соң дизайнерлер кібіртіктеп, өзара шығармашылық байланыстар да саябырсып қалған. Өйткені киім үлгілеушілер осындай бәйгелерде ғана төл туындыларын көпшілік талқысына салып, жетістігі мен кемшілігін тең таразылайды. Бірақ Малика пандемия кезінде де қарап отырған жоқ. Ол тігіншілік пен киім үлгілеуді ұнататын балаларға арнап қолөнер мектебін ашты.
«Бала шығармашылықпен, өз қиялымен киім үлгісін жасап, оны тігіп шығаруға тиіс. Біз осы жұмысқа кезең-кезеңімен кірісеміз. Ең әуелі оқушыларымызға қазақы өю-өрнектердің шығу тарихын, көбіне қандай киім үлгілеріне қолданылатынын үйретеміз. Ол үшін қандай да бір ұлттық киімнің шығу тарихы, адамның жас ерекшелігіне қарай қалай кигені әбден зерттеледі. Бұйымның жасалу тәртібі, қолданылатын материалдар, ою-өрнектердің үйлесімділігі, қысқасы сәнді де сапалы бұйым жасаудың техникасын балаларымызға барынша меңгертуге тырысамыз. Қолөнермен қатар, тәрбие сабақтары да қоса өтеді. Бұл сабақтарында тарихымыз бен салт-дәстүріміз қоса оқытылады. Осылайша жан-жақты тәлім-тәрбие, білім бергенде ғана бала ұлттық өнерді бойына сіңіріп, өз елінің патриоты болып қалыптасады», дейді Малика өз мектебі туралы мақтанышпен.
Малика қазір өңірлерді аралап, киім дизайны жөнінде семинарлар өткізіп жүр. Себебі нарыққа ұлттық киімдер үлгісін ұсыну – бір жағынан өнер болса, екінші жағынан – бизнес. Киімді тіге білумен қатар, оны өткізе білу де үлкен шеберлік пен тынымсыз еңбекті қажет етеді.
Бүгінде Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Қызылорда қалаларында Маликаның ұлттық киім орталықтары ашылған. Оған қоса, пандемия кезінде тігіншіліктің онлайн мектебін ашты. Үнемі тынымсыз ізденісте жүретін ол бір кәсіптің қыр-сырын терең меңгеру төзімділік пен уақытты қажет ететінін айтады.
Малика Дүйсенбаеваның ойынша, қазақтың бірнеше мың жылдан бері жалғасып келе жатқан ұлттық киімдері парақтары тұтас ашылмаған оқулық тәрізді. Ол болашақ ұрпақ ата-бабаларының, ата-әжелерінің ұлттық киімдерін бізге қарағанда тереңірек бағалайды деген сенімде.