• RUB:
    5.61
  • USD:
    479.4
  • EUR:
    522.93
Басты сайтқа өту
Өнер 14 Қазан, 2021

Авторы белгісіз туынды

606 рет
көрсетілді

1992 жылы ашылған Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қорында 55 мың жәдігер сақталған. Оның 15 мыңнан астамы негізгі қордағы құндылық саналады. Соның бірі һәм бірегейі қазақ драма театрының алғашқы қарлығаштарының бірі – Жанбике Шанинаның Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» пьесасында Қарагөз рөлін сомдаған киімінде салынған суреті.

Сурет майлы бояумен салынған, авторы белгісіз. Мұны музейге Жанбике Шанинаның сіңілісі Мағзия Төлеубекова 1992 жылы тапсырған.

Қазақ өнерінде өзіндік із қалдырған Жанбике Шанина 1900 жылы қазіргі Қарағанды облысы Қазыбек би ауданының Шөптікөл ауылында дүниеге келген. Жастайынан әнге құштар жанның өнер жолында қанат қағуына себеп болған ұлттық театр өнерінің негізін салушылардың бірі, Қазақ КСР-нің халық әртісі Жұмат Шанин еді. Ол 1917 жылы Қарқаралы қаласына келіп, уездік кооперативке бухгалтер болып орналасады. Сауық кештерінің бірінде өнерлі әрі сұлу бойжеткен Жанбикемен танысып, екеуі мәңгілікке қосылады.

Жұмат Шанин 20-жылдары Семейде «Ес аймақ» труппасын басқарды. Режиссерлік өнер жолын осында бастаған талантты жас халық жыры негізінде жазылған өзінің «Арқалық батыры» мен Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарларын» (1922) қойды. Сонымен қатар өзі бұл қойылымдарда Арқалық батырдың және Еркебұланның рөлін сомдады.

1926 жылы Қызылорда қаласында қазақ театры ашылып, Жұмат Шанин соның директоры әрі көркемдік жетекшісі болады. Ол актерлер мәдениетін көтеруге, театр жұмысын белгілі бір жоспар бойынша жүргізуге, репертуардан тәрбиелік, идеялық-көркемдік сапасы жоғары драмалық шығармалардың орын алуына ерекше көңіл бөлді.

Жұмат жан жарын театрдағы әртістік жұмысқа тартып, сахнаның қыр-сырын меңгеруге баулиды. Өнерге жаны құштар, әрі әнші Жанбике үшін бұл зор қуаныш еді. Содан театрда Жанбике әртүрлі рөлдерде ойнап, өзінің актерлік қырын ашады.

1936 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі онкүндігіне Темірбек Жүргенов, Сәкен Сейфуллин, Жамбыл Жабаев, Күләш Байсейітова бастаған Қазақстан басшылары мәдениет қайраткерлерімен бірге пойызбен астанаға жол тартады. Жолда Жанбикенің емшектегі баласы Аян шетінеп кетеді. Осынау қайғылы жағдайға байланысты үлкендер Жұмат пен Жанбикеге баланы жерлеу үшін елге қайтыңдар дейді. Сонда Жұмат: «Өлер бала өлді, бала біздікі, бірақ қазақ өнері өлмесін, мен де, Жанбике де қайтпаймыз», дейді. Қайғыны өнерге деген махаббатқа жеңдіре білген олар сәбиді Мәскеудегі мұсылмандар зиратына жерлейді. Сол жолы Мәскеу жұртына Жұматтың режиссурасымен «Жалбыр», «Қыз Жібек» опералары көрсетіледі. Әсіресе, Қыз Жібек рөліндегі Күләш Байсейітова мен Төлегеннің анасы Қамқаны бейнелеген Жанбике Шанинаның шеберлігі көрерменді ерекше тәнті етті. Баласынан айырылған ана өз қайғысын Қамқаның рөлі арқылы бере білген.

Сәбиінен айырылып қасірет шеккен ананың қайғысына қайғы қосыла берді. 1937 жылы Жұмат Шанин «Халық жауы» деп айыпталып, тұтқындалды. 1938 жылы 26 ақпан күні тергеусіз, сотсыз атылады. НКВД-ның 1937 жылы 15 тамыздағы №00486 бұйрығы бойынша «Отанын сат­қан­дардың» отбасы мүшелеріне қарсы жаппай қуғын-сүргін басталады. Осы бұйрыққа сәйкес, 1938 жылы Жанбике де қамауға алынады. Ол 8 жылға сотталып, «АЛЖИР» түрмесіне түседі. Ауыр да азапты күндерді бастан кешіреді.

Оның бар үміті үлкен ұлы Раупбекте болған еді. Раупбек Мәскеу өнер институтын скрипка мамандығы бойынша үздік бітірді. Алайда анадан тірідей айырылған Раупбек 1939 жылы ауыр қайғыдан қайтыс болды.

Жанбике 1946 жылы түрмеден босап шығады. Әбден жүдеп, жүзінен нұры тайған Жанбике Қарағандыдағы сіңлісі Мағзияның қолына келіп, тігін фабрикасына жұмысқа орналасады. Алайда ұзақ жылғы азапты өмірдің салдарынан өкпе ауруына шалдығып, 1950 жылы көз жұмады.

 

Әлия МЕТБЕКОВА,

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қызметкері