Кеше Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитетінде құқық қорғау органдары үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысы болып өтті. Онда контрабандаға қарсы күрестің тиімділігін арттыру мәселелері қаралды.
Бүгінгі таңда еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекет тарапынан ерекше бақылауға алынып, барлық заңды талаптардың орындалуы үшін кешенді шаралар атқарылуда. Әсіресе, Қазақстан Ресей және Беларусь мемлекеттерімен кедендік одаққа мүше болып енгендіктен осы одақтың оңтүстік-шығыс шекарасын қорғау біздің елімізге жүктеліп отыр. Сондықтан да шекарадағы кеден бекеттерінің инфрақұрылымын жақсарту, сондай-ақ оларды жоғары техникалық құралдармен жабдықтау мақсатында Үкімет тарапынан 16 миллиард 210 млн. теңге бөлінді. Демек, мұндай жағдайда алға қойылған міндеттің талапқа сай орындалуы үшін құқық қорғау органдары контрабанданың өтуіне, қару-жарақтың тасымалдануына, есірткі құралдарының заңсыз айналымына тосқауыл қою мақсатында бірлесіп әрекет етуі тиіс.
Міне, осыған орай Кедендік бақылау комитетінде бас қосқан құқық қорғау органдарының бірінші басшылары әуелі шекарадағы бақылау органдарының қызметін, жүктердің өтуін және тауарларды жеткізуді реттеу үшін құрылған Кедендік бақылау комитетінің жедел басқару орталығының (ЖБО) жұмысымен танысты. Сондай-ақ, кеден органдарының жеке құрамының кедендік ресімдеу және бақылау, контрабандаға қарсы күрес, посткедендік бақылау, аудит және т.б. желілері бойынша біліктілігін арттыру мақсатында құрылған Дүниежүзілік кеден ұйымының өңірлік оқу орталығын аралап көрді.
Қазіргі уақытта кеден органдары міндетін талапқа сай атқарып келеді. Өткен жылы мемлекет қазынасына 5 млрд. 255 млн. теңге құйылды. Енді жоғарыда айтылғандай, Қазақстанның Ресей және Беларусь елдерімен Кедендік одаққа кіруі аясында экономикалық қауіпсіздікті одан әрі нығайту және түрлі тауарларды заңсыз тасымалдаудың жолын кесу маңызы айрықша арта түсті. Ал құзырлы органдар мен ведомстволар мемлекеттік шекараларды бекіту және кедендік бақылауды күшейту жұмыстарын біркелкі деңгейде жүргізуде. Осы орайда үйлестіру кеңесінің мүшелері уәкілетті және құқық қорғау органдарының негізгі мәселе бойынша өзара іс-қимыл әрекетіне оң баға берді. Сонымен қатар, контрабандамен күрестің тиімділігін одан әрі арттыру, шекараны инженерлік нығайту және өткізу бекеттерін техникалық жабдықтау бойынша жұмыстардың белсенділігін күшейту, жүк тасымалын жүзеге асыратын ұйымдармен үйлесімді іс-қимыл орнатудың маңыздылығы атап көрсетілді.
Мәжіліс барысында Бас Прокурор Қырғызстанмен арадағы шекарадағы инженерлік бекіту қондырғыларының құрылысын үстіміздегі жылдың соңына дейін аяқтау қажеттігіне назар аударып, жүктерді кедендік ресімдеу барысында сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмау үшін түбегейлі шаралар қабылдауды талап етті.
Александр ТАСБОЛАТОВ.