• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Ақпан, 2014

Ауылға ақша баратын болды

270 рет
көрсетілді

Ұлттық валютаның 20 пайыз мөлшеріндегі бағам өзгерісі жөніндегі шешімге әркім әртүрлі пікір айтып жатыр. Бір топ халықтың қалтасы ортаятын болды десе, екінші топ өнімін экспорттаушылардың бағы жанды деп жатыр. Ол сөздердің қай-қайсысы да қисынды. Десек те бұл жолы ауылдарымыздағы азық-түлік өндіріп, экспорттаушыларға ақша түседі деген үміттеміз. Ескерте кетейік, бұдан бір-екі жыл бұрын Елбасымыз Қазақстанның ет экспорттау мүмкіндігін арттыру жөнінде сала қызметкерлерінің алдына үлкен міндет жүктеген. Міне, сол міндетті орындау жолында биыл нақты қадам жасалатындығын Үкіметтің соңғы мәлімдемелерінен естіп-білдік. Биылғы жылы шамамен 60 мың тоннадай ет экспорттайды екенбіз. Міне, осы ет елге валюта түсіреді емес пе? Әрине, ол доллар күйінде болмақ. Енді сол сыртқа ет сатқаннан түсетін әр 100 доллардан ауылдарымыздағы ет өндіруші ағайынның қалтасына 3000 теңге түседі екен. Әр тайыншадан 30 мың теңге артық түседі. Бұл аз ақша емес. Егер Ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті әкімдіктер бірлесіп жұмыс істесе, онда еліміздің астық емес ет экспорттау мүмкіндігін арттыра отырып, ауылдарымызды жақсартып аламыз. Кейде істі әп-әдемі бастап, оның нәтижесін есептей келгенде жер шұқылап қалатынымыз бар. Байқауымша, бұл жолы бұған дейін болған сондай кемшілік орын алмайтын секілді. Олай дейтін себебім, Үкімет басшысының өзі аймақ әкімдерімен селекторлық жиналыс өткізгенде жанар-жағармай бағасының өспеуін талап етті. Ол – ол ма, Серік Ахметов бағам өзгерісі енген алғашқы күнде «күдікті» нысандарда болып, жағдайды өзі бақылап шықты. Бұл енді нағыз шаруақорлық пен мемлекетшілдіктің көрінісі. Міне, осындай қырағылық науқандық іс болып қалмауы керек. Егер біз жанар-жағармайдың бағасы кешеге дейінгі деңгейінен өспеуін қамтамасыз ете алсақ, онда сөз жоқ, 11 ақпан күнгі бағам өзгерісі Қазақстанның экономикасын алға жылжытатын игілік болып шығады. Ал егер мұнай өнімдерінің бағасын күрт өсіруге жол берсек, онда еңбектің зая кеткені. Өйткені бағам өзгерісі өнімнің өзіндік құнын сыртқы бәсекеге қабілетті ету үшін жасалды емес пе?! Ал жанармай бағасы өссе сол үмітіміз шайқалады. Атқарушы биліктің аймақтағы өкілдері осы мәселеге қырағы болғаны жөн. Бәлкім, Үкімет мұнай өндіріп, экспорттаудан мол пайдаға кенелетін отандық және шетелдік инвес­торларды ішкі рынокты арзан мұнаймен қамтамасыз ететіндей бір қаулы қабылдар? Қайткен күнде де энергия көзінің бағасы өспеуі тиіс. Сағындық САТЫБАЛДИН, экономика ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры.