• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Президент 18 Қазан, 2021

Өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту қажет

233 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Беларусь Прези­дентінің төрағалығымен бейнебай­ланыс форматында өткен ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысты.

Алқалы жиынға Әзербайжан, Ар­мения, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Тү­рікменстан және Өзбекстан елдерінің басшылары, сондай-ақ Молдованың Премьер-министрі мен ТМД Атқару комитетінің төрағасы-атқарушы хатшысы Сергей Лебедев қатысты.

Президент  осыдан 30 жыл бұрын Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен Алматыда өткен мемлекеттер басшыларының кездесуінде ТМД құру туралы тарихи Декларация қабылданғанын еске салды. 

– Осы аса маңызды құжат жаңа тәуел­сіз мемлекеттердің көпжақты ынты­мақ­тастығының берік негізін қалады. Бүгінде Достастықты кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістікте ірі апаттардың алдын алуда, ха­лықтар арасындағы ықпалдастықты сақтауда маңызды рөл атқарды деп зор сеніммен айтуға болады. ТМД беделді халықаралық ұйымға айналды. Бұл – аса маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ортақ күш-жігер­дің ар­қа­сында ТМД аумағында коо­пе­ра­­ция­ның нақты механизмдері жа­сал­­­ғанын, салмақты нор­мативтік-құ­­қық­­тық база қалып­тас­қанын, бел­сен­ді сая­си диалог дамып, қауіпсіздік са­ласындағы мемлекетаралық ықпал­дастықтың нығая түскенін, сондай-ақ сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту үшін оңтайлы жағдай жасалып жатқанын айтты.

Қазақстан Президенті бүгінгі кездесуде бұған дейін атқарған жұмыстар қо­рытындыланып, ТМД елдерінің көп­жақты ынтымақтастығының жаңа кезеңіне жол ашылатынын жеткізді.

Сонымен қатар Президент геосая­си қайшылықтардың күшейіп келе жат­қанына, әлемдік экономиканың құбыл­малы болуына, гуманитарлық және экологиялық проблемаларға және пан­демияның орасан зор шығын келтір­геніне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы сын-қатерлерді жойып, одан әрі дамуды қамтамасыз ету үшін күш жұмылдыруға шақырып,  бірқатар нақты шараларды ұсынды.

Мемлекет басшысы сауда-эконо­ми­калық ынтымақтастықты жандандырып, нығайтудың маңыздылығын басты міндет ретінде атады. Соның ішінде Президент ТМД елдері арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге баса мән бере отырып, экономикалық ық­палдастықтың әдістерін жетілдіру қажет екенін мәлімдеді. Осыған байланысты Өнеркәсіптік кешендерді дамытудың кемінде 2025 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын әзірлеуді және Көрсетілетін қызметтер саудасы туралы келісімге қол қоюды ұсын- ды.

Сонымен қатар Президент ортақ аграрлық нарықты қалыптастыруды өзекті деп санайды. Оның айтуынша, ТМД мемлекеттерінің азық-түлік жүйесін дамыту және өзара іс-қимыл жасау стратегиясының әзірленуі ортақ мүдделерімізге сай келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пандемияның салдарын еңсерудің маңыздылығына тоқталды. 

– ТМД елдері күрделі кезеңде бір-біріне қолдау көрсетіп, қажетті көмек беру арқылы бірлік пен ынты­мақ­тастықтың үлгісін танытты. Осы ретте, Ресей маңызды рөл атқарды. Елдеріміз СOVID-19 індетімен күресте, оның ішінде вакцина әзірлеу саласында жақсы тәжірибе жинақтады. Қазіргі таңда халыққа жаппай екпе салу ғана жағдайды түзетуге, азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.

Одан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның QazVac вакцинасының жоғары тиімділігі мен QazcoVac-P жа­ңа препаратының әзірленуі туралы айтып, оның клиникалық сынағы табыс­ты өткеніне, тағы да үш вакцина клини­калық деңгейге дейінгі тестілеу сатысында тұрғанына назар аударды. 

Бұл ретте, Президент тығыз ынты­мақ­тастық орнатуға, тәжірибе алмасуға және қазақстандық вакциналарды жеткізу мүмкіндігіне тоқталып, ТМД кеңістігінде вакцинация паспорттарын өзара мойындау үдерісін тездетуді ұсын­ды.

Мемлекет басшысы терроризмнің, діни экстремизм мен есірткі саудасының күшейе бастаған сын-қатерлеріне қарсы бірлесіп күресуге мән бере оты­рып, қауіпсіздік саласындағы ТМД елдері ынтымақтастығының тетік­терін жетіл­діру мәселесін маңызды мін­дет­тің бірі ретінде атады. Президент Ауған­стандағы қалыптасқан жағдайға байланысты аталған сын-қатерлердің басты мәселеге айналғанын жеткізді.

– Қазақстан БҰҰ-ның ұстанымын құптайды. Осы елдегі ауыр гумани­тар­лық жағдай халықаралық қауым­дас­тықтың назарында болуға тиіс. Саяси ұстанымдарымызға немесе жеке мүд­­демізге қарамастан, Ауғанстан хал­қын бұл қиындықтармен бетпе-бет қалдыр­мауымыз керек, – деді Пре­зи­дент.

Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық қоғамдастықтың іс-қимылдарын жүйе­леу мақсатында Ауғанстанға гума­ни­тарлық көмек көрсету жөніндегі логис­тикалық хаб құруды ұсынды.

– Дағдарыстың ауыр кезеңін еңсер­геннен кейін Ауғанстанға БҰҰ инсти­туттары тарапынан жүйелі түрде көмек қажет болады. Алматыда БҰҰ-ның Ай­мақтық орталығын құру туралы біздің бастамамыз осы маңызды міндетті жүзеге асыруға септігін тигізеді. Атал­ған жоспарлардың іске асуына Дос­тас­тық елдері көмектеседі деген үміттеміз, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент сөйлеген сөзінде экология, қоршаған ортаны қорғау мәселелерін ілгерілету мен шешу үшін ынтымақтастыққа шақырды. Мем­лекет басшысы ТМД кеңістігіндегі трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалану проблемаларын шешу үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін айтты. Сондай-ақ көміртегін аз қолданатын экономикаға көшу мәсе­лесінің өзекті екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Достастық мемлекеттері халықтарының тарихи байланысын сақтауда және олардың ынтымағын нығайтуда маңызды рөл атқаратын мәдени-гуманитарлық салаға арнайы тоқталды.

Мемлекет басшысы 2022 жылдың ТМД елдерінің халық шығармашылығы мен мәдени мұрасының жылы деп жарияланғанын еске салды. Атаулы жыл аясында 100-ге жуық шара өткізу жоспарланған.  Сондай-ақ Қазақстан Президенті Комрат қаласының 2023 жылы Достастық елдерінің мәдени астанасы болып таңдалуымен Молдова халқын құттықтады.

2022 жылы еліміз ТМД-ға төрағалық етеді. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін аймақтық тұтастықты одан әрі ілгерілету және Достастық елдері кеңістігіндегі ынтымақтастықты арттыру жолында бірлесе белсенді жұмыс істеуге бейілді екенін жеткізді.

– Менің ұсыныстарым мен басқа да басым міндеттер алдағы кезеңде Қазақстанның ТМД-ға төрағалық ету Тұжырымдамасына енгізілетінін атап өткім келеді, – деді Қазақстан Президенті.

Отырыс қорытындысы бойынша ТМД-ға мүше мемлекеттердің басшылары Тәуелсіз мемлекеттер достастығының 30 жылдығына байланысты Мәлімдемеге және Ұйымды одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар құжатқа қол қойды.