• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Өнер 18 Қазан, 2021

Аға-досты аңсау

1172 рет
көрсетілді

Бізді алғаш таныстырған ән еді.

Қарағандының қабақ түйген күзі болатын. Көше бойындағы тал-теректерден жауған жапырақ тоңази бастаған кеш­кі сәтте достармен бірге дабырласа, са­бақтан оралып, жатақханадағы бөл­ме­ме кірер-кірместен, елең еттім. Елең еткізген ән еді. Ән болғанда да, жаныңның нәзік пернелерін тап баса, жүрек түпкірінде жасырынған тылсым сезімдеріңді бұлқынта, ғажайып бір әлемге жетелеп әкеткен ән еді. Ән еліктіріп әкетті. Жалт бұрылып, сырлы саз әуелеп жатқан көрші бөлмеге бардым. Амандық жоқ, саулық жоқ, орындықтардың біріне отыра кеттім.

«Кезімде қадіріңді сезбес мынау,

Бекер-ақ, қарғам, маған кездестің-ау...» – деп жалындаған сезім мен өртенген өкінішті қатар тербеткен ән де аяқталды.

Әлгінде ғана ән төгілтіп тұрған магнитофон тетігін сырт еткізе сөндірген бөлме иесі Айдар Әбеуов ағам жымия қарады. – Әншіні таныдың ба? – деді.

Бұған дейін мынадай ғажап дауыс­ты естімегеніме, бір естігеннен жүрек түпкіріне ұялап үлгеретін сиқырлы да­уыс иесін осыған дейін білмей жүргеніме ыңғайсыздана: «Бұрын естімеген әншім екен», – дедім.

Марқая, масаттанып қалған Айекең:

– Бұл Мейірхан Адамбеков деген әнші! – деп мақтана жауап қайырды да, бұл айтқаны аздық етердей сезінді ме: – Ғаламат әнші! – деп және қосты.

 Онысы да аз болғандай, «Бұдан былай біліп жүр!» – деп ескертіп үлгерді.

Назқоңыр үні жүрегімде ұялап үлгерген әнші ағаның өзімен жүзбе-жүз танысуымыз да күтпеген жерден болды.

Сабақтан шыққан бір топ студент оқу ғимаратының алдында жан-жаққа тарасып, мен Гагарин алаңындағы автобус аялдамасына беттеген едім. Дене бітімі дембелше келген, орта бойлы, келбеті келісті, жылы шырайлы жүзінен шуақ төгіліп тұрғандай әсер ететін ағаның мен жаққа мойын бұра қарап тұрғанын алыс­тан аңғардым. «Бұл кісі кім болды екен? Кім болса да, сәлем бергенім жөн болар» деп ойлана жақындай бергенімде, бейтаныс азамат та маған қарай бір-екі адымдап, шола қарап өтті де:

– Сен Аманжолсың ба? Аманжол Әлтаев деген ақын жігітсің бе? – деп көз тіге қарады.

Айтыс аламанына енді-енді арала­са бастағандықтан, өзімді ақынмын деп айтуға әлі де именшектеп жүрген кез­де түр-тұлғасы сымбатты, қимыл-қозға­лысынан да, үнінен де салиқалы мінез аңдалатын ағаның сұрағына сәл тосылып барып: «Иә, аға, Аманжолмын», – деп жауап қайырдым. Бейтаныс адамның таны­ғанына іштей біршама масаттанып қалғаным да рас.

– Бәсе, жаңылыспауға тиіс едім. Онда бүгіннен бастап таныс болайық, бауырым. Мен Мейірхан Адамбеков деген ағаң боламын, – деді.

Ағаның ауызынан шыққан «бауырым» деген сөзде адам баласына деген жылы сезім, ізгі ниет, ілтипат есіп тұрғандай еді.

– Мен де сізді білемін, аға.

– Қайдан білесің?

Әнші ағам сынай қарағандай болды.

«Кезінде қадіріңді сезбес мынау,

Бекер-ақ, қарғам, маған кездестің-ау...» – деп баяу әндетіп жіберген едім, Мейірхан ағамның мейірлі жүзі тіпті шуақтанып сала бергендей сезілді.

– Білгеніңе разымын. Екеуіміздің бүгінгі кездесуіміз де бекер емес секілді. Тағдырдың өзі табыстырып тұрған шығар. Сондықтан қадірімізді білетін аға мен бауыр болайық, – деді де, жымия күліп, бауырына тартты.

Көптен бері көңіл төрінен орын алып үлгерген әнші ағаның бірден жақын тарта сөйлеген бауырмалдығына алабұртып кетсем керек:

– Әрине, аға! – дегеннен басқа сөз аузыма түсер емес.

Ағаның автобусы келді.

Жүзіне мейірім тұнған Мейірхан ағам автобусына бір қарады да:

– Ал, бауырым, сенен мықты ақын шығады, талабыңа нұр жаусын! – деп, сыпайы қоштасты да, көлікке беттеді.

Автобус ұзап бара жатты. Ұзап бара жатқан автобус ішінде адам баласын алалауды білмейтін мейірім кетіп бара жатты, Мейірхан ағам кетіп бара жатты...

Жүрдек уақыт студенттік дәуреннің де соңына жетіп, университетті тәмам­дап, кафедраға аға оқытушы болып қызметке қабылдандым. Өнердің арқа­сында Мейірхан ағамен түрлі кештерде, жиындарда жиі кездесетін болдық. Кездескен сайын ойымыздың ортақ, ниетіміздің бір екенін сезініп, етене араласа бердік. Аға мен бауыр сыйластығы болып басталған байланыс бірте-бірте қылаусыз достыққа ұласты. Аға-достың болмысында үлгі тұтар өнеге, кім-кімді де сүйсіндіретін қасиет мол еді.

Ең бастысы – Мейірхан ағамның хас өнерге адалдығы, мәні мен сәні үндескен мағыналы әнге іңкәрлігі, талғампаз сырбаздығы болатын. «Бабадан жеткен байтақ өнерді саф, таза қалпында ұрпаққа аманаттау – парызымыз» дегенді жиі айтатын. Айтып қана қоймады, бар ғұмырын ұлт өнерін асқақтатуға, ән тазалығын сақтауға арнады. Басқадан да соны талап етті.

Өнерден пайда табуды емес, өнерге пайдасын тигізуді көздеді. Сондықтан да Мейірхан әнші өз репертуарына мұқият қарады. Дауысты мың құбылтуды емес, ән әсерін арттыруды, ән арқылы сезім пер­не­лерін тап ба суды, сол арқылы қа­лың жұртқа нағыз әннің қадірін, қа­сиетін сездіруді мақсат етті. Домбыра шанағынан шыққан алғашқы дыбыстан бастап, ән соңындағы соңғы дыбысқа дейін ыждаһатпен зер салды. Мейірхан әншінің әр әні сондықтан да жүректерге жол тапты. Өйткені ол өз бойына сіңіп, өз жанының жылуы дарымаған әнді халыққа ұсынбайтын.

Ол орындаған әндердің алуан-алуан иірімдерінің жүрек қылын шертіп-шертіп өтуінің сыры әншінің жүрек қағысымен үндесіп жатуында еді. Ән­ші ағам өзі орындайтын әндермен бірге жаралғандай болып, әр әнінде адам жаратылысының сан түрлі күйін бастан өткеретін. Мысалы, Мәдидің «Шіркін-айы» секілді әнді айтқанда, қырық күндік тірлікте жалғанның қызы­ғынан гөрі, қысталаң-қыспағын, талас-тартысын көп көріп, жаны күйзелген Дала дарабозының шер күйін, өкінішті мұң-зарын өз басынан өткергендей хал­ге түсіп, тебіренте отырып, енді бір сәтте қайратына қайта мінгендей жігер­ле­не, көзі жайнап шыға келетін. Ал Бір­жан­ның «Айтбайы», Шашубайдың «Ақ­қайыңы» тәрізді кең тынысты ән­дерге келгенде, Сарыарқаның сақи да­ласын еркін шола, көк жүзінде жалғыз қалықтаған қырандай еркін самғайтын. Серік Ақсұңқарұлының «Шайтанкөл», Нұрғиса Тілендиевтің «Сағындым ғой» әндерін айтқан кездерінде әншінің жан тереңіне бойлаған лирикаға бейім сезімтал жанының қыр-сырына қа­нық­қандай әсерге бөленер едің. Әнші ағаның осындай шеберлік биігіне жетуі­нің сыры дауыс құдіреті мен өзінің жан дүниесін, сезім әлемін жарасымды үйлестіре білуінде жатқаны анық. Мейірхан ағаның әншілік даралығы – жан дауысының әнге бөленіп жетуінде.

Мейірхан әншіні тыңдай отырып, әннің динамикасын, психологиялық кө­ңіл күйін, драмалық шиеленісін, лири­калық сұлулығын, интонациялық айқын­дығын, акустикалық үнділігін сезінбеу, аңғармау мүмкін емес. Әншінің ұлылығы мен дарындылығы осында.

Жақсы әнші бір әнді орындап біт­­кен­ше тұтас драмалық қойылымның бас­ты рөлінде ойнап шыққандай жауап­кершілікті мойнына артады. Біздің Мейір­хан аға сахнаға әр шыққан са­йын осындай күй кешкенін мен жақсы білемін!

Әнші ағаның екінші ерен қасиеті – ұстазға, үлкенге деген құрметі!

Үлкендерден бата алып, әнші болуды армандай, Алматыға барған кезінде әйгілі Жүсекеңе, Жүсіпбек Елебековке қалай сәлем бергенін, ән қазынасына айналған ұлы тұлғаның қалай ілтипат танытқанын мақтан тұта, аңыздай етіп әңгімелеген сәттерінде ән өнеріндегі ұлы ұстазына деген кіршіксіз құрметі анық сезіліп тұратын.

Рухани ұстазы Қайрат Байбосынов пен төл ұстазы Жәнібек Кәрменовтердің алдындағы шәкірттік парызынан жаңы­лып көрген емес еді. Олардың өнердегі нұсқаған жолын, санаға сіңірген тәлімін өмір бойы ұстанып қана қоймай, өзге­лерге де ұлағат етіп өткен болатын. Ұлының есімін Жәнібек деп қоюы да ұлағатты ұстазына деген адал көңілінің, кіршіксіз құрметінің айғағы екені анық.

Қадірлі Мекемнің өзі ардақ тұтқан абзал ағалары аз болған жоқ. Солардың бәріне де ақ-адал ниетімен құрмет танытты, кез келген сәтте іні болып қызмет етуге даяр жүретін. Әсіресе, Ғабдолла Құлқыбаев ағамызға ықылас-пейілі, құрметі ерен еді. Ғабекең қайтпас сапар­ға аттанғанда: «Ағаның арыстаны еді-ау, енді кімге еркелейміз, кімнен ақыл сұраймыз?!.» – деп қатты қамыға, дауысы дірілдей, көңілі босағаны әлі есімде.

Мейірхан ағам Қарағанды рухания­тының қарыштап дамуына өлшеусіз үлес қосқан қайраткер жан Рымбала Кен­жебалақызының абзал болмысын ардақтай құрметтеп, туған апасындай қастерледі. Бәрімізге де қамқорлығын аямаған аяулы апамыз да әнші ағамызды туған бауырындай жақын тұтып, өнерпаз азаматтың қадір-қасиетіне жете білді, қолдады, демеу болды.

Әнші ағаның келесі керемет қасиеті – достыққа адалдығы. Мағауия, Айташ, Құрмаш секілді аға-достарының ортасын­да ерке баладай еркін жүрді. Ағалары да еркелете білді. Оның сыры достардың бір-біріне деген берік сенімінде, кір­шіксіз көңілінде еді. Олар бір-бірін қол­дай білетін, бір-бірін қорғай білетін. Қиналса, демей білетін, ұмтылса, жебей білетін достар еді. Кез келген сәтте жанынан табылатын әзиз достары Мағауия мен Айташ ағалар дүниеден өткенде жапанда жалғыз қалғандай жаны күйзеле, құлази қайғырған сәттеріне куә болған едім.

Ал өзінің үзеңгілес әнші досы Жақ­сыкелді Кемалов ағамызбен арадағы достығы Арқа жұртына аңыз болғаны қашан. Екеуі қоңыр домбыраның қос шегіндей үндесе, күнделікті өмірде адал достықтың өнегелі жолын көрсетті. Өнер көгінде қос қырандай қатарласа самғады. Қиындықты көтерісті, қызық-қуанышты бөлісті.

Жақан ағамның тұңғышы Ақан кенеттен қайтыс болғанда, әнші ағаның қайғысына қалың елдің қабырғасы қайы­са, ортақтасқаны да белгілі. Ал Мейірхан ағамның уайым-алаңы тіпті бөлек болған еді. Ақанжанды өз баласындай жоқтады. Сөйте жүріп, жан досына алаңдаумен болды.

Өкініштісі сол, Жақан досына алаңдап, уайым кешіп жүрген Мейірхан ағамның өзі жарық дүниеге қош айтып кетті. «Өмір болжаусыз, дүние жалған» деген осы шығар...

Мейірхан ағамның әр мінезінен адам алалауды білмейтін ақ-адал көңіл әрдайым аңдалып тұратын. Інілері мен қарындастарына деген ниеті қандай болса, келіндері мен күйеу балаларына да сондай ағалық сезіммен қарап, еркелете мейірленіп, ұдайы қамқорлық жасап жүретін. Жанына жақын тарта жақсы көрген бауырларының да, келіндері­нің де есімдерін тура атамай, Қойлан, Аужан, Халкен, Баукен деп, еркелете ат қойып алушы еді.

Аға-досыма айналған Мекемді та­нып-білгеніме қаншама жыл болса да, ашуын сыртқа шығара, кісі баласына дауыс көтеріп ренжігенін көрмеген екенмін. Кімнің қателігін көрсе де, көңіліне ауыр тиіп қалса да, соның бәрінде сабырынан жаңылмастан, қас-қабақпен аңғартуға, иә болмаса, ба­йыппен түсіндіруге ұмтылатын. Әйтсе де, парасатты қалпынан танбай, әр сөзіне қорғасындай салмақ арта, ойын жеткізген кезінде айтқан сөзі көңілге қатталып қалатын. Қауесет қаузап, өсек-аяң өршіту сияқты жұғымсыз тірліктен бойын аулақ ұстап, айналасына жақсы сөзден жылу шашып өткен еді ағамыз.

...Бізді алғаш таныстырған ән еді. Аға-достың әні еді... Абзал ағамның әнін алғаш естігенімде күз еді. Қазір де күз. Ызғарлы күз... Бәлкім, бұл күзге де Мейірхан ағамның жан жылуы жетпей тұрған болар. Кім біліпті?..

Құлағыма Мейірхан ағамның «Са­ғын­­дым ғой...» деп әндеткен дауысы жет­­кендей. Елеңдей, терезеге жақындап едім, қарлы жаңбыр жауып тұр...

Қазақтың ұлан-ғайыр даласы да пейілі көлдей ағамды аңсап, көз жасын төгіп тұрғандай... Сағындым ғой, Аға!.. Пейіште нұрың шалқысын, Аға!

 

Аманжол ӘЛТАЙ