Ана атану мен әке болу бақыты – Алланың адамға берген ең үлкен нығметі. Бұл сыйдан саналы жанның бас тартпасы, осы қасиетті міндетті ешкімнің табанға салып таптамасы анық. Алайда арамызда ата-ана құқығынан айырылғандар бар. Ал сорақысы – әлеуметтік жетімдер санын арттырып жүрген осындай жандардың қатары жыл сайын қалыңдап барады. Тағдырдың жазуымен емес, көзі тірі әке-шешесінің ұрыс-керісі, кикілжіңі, одан қалды әзәзіл ащы су мен жоқшылықтың кесірінен тұтас бір ұрпақ – тірі жетім, яғни әлеуметтік жетім.
«Әлеуметтік жетімдік» дегеніміз не? «Қолайсыз отбасы» қайдан шығады? Ата-ана құқығынан айыру – түйткілді шешудің ақырғы жолы ма? Шаңырақтың тірегі болар отағасының жауапкершілігі неге азайып кетті? Үйінің берекесін келтіруші әйелдің ішкілікке салынуының себебі неде? Қадағалаусыз қалған баланы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қалай қорғаймыз? Ата-ана құқынан айыру туралы шешім балаларды отбасындағы қатыгездіктен қорғай ала ма? Баланың болашақ тағдырына бұл шешім қаншалықты әсер етеді? Ата-ана құқынан айыру туралы шешім шығарарда судья нені ескеруі керек? Шыны керек, тақырып төңірегінде мамандармен сөйлесіп, ақпараттарды сұрыптау кезінде осындай сан сауал жан-жақтан қаумалай берді. Осы уақытқа дейін шешімі табылмай келе жатқан бұл мәселе әлі қанша баланың тағдырын талқандар екен деген басты сұрақ та маза бермейді.
«Бала ата-анасын таңдай алмайды»
Алысқа бармай-ақ қоялық. Елорданың өзінде өткен жылы ата-ана құқығынан айыру туралы сотқа 114 талап арыз берілген. Оның 23-і қанағаттандырылып, 43 іс бойынша қанағаттандырудан бас тартылып, жалпы 66 іс бойынша сот шешімі шығарылған. Мәліметтер көрсетіп отырғандай, биылғы 9 айдың ішінде қаралған істер өткен жылмен салыстырғанда 50 есе көп. Көңілге қаяу түсірер бұл сандарды Нұр-Сұлтан қаласы Кәмелеттік жасқа толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы Жанаргүл Алпысбаева да растап отыр.
Сотқа жолданатын осындай азаматтық істердің көбейіп бара жатқанына алаңдаушылығын білдірген судья елордадағы ювеналды сотқа соңғы 9 айда ата-аналық құқықтарынан айыру туралы 171 талап арыз келіп түскенін де мәлімдеді. «Бұл талап арыздардың 27-сі қанағаттандырылып, 63 іс бойынша қанағаттандырудан бас тартылды. Ал жалпы алғанда 89 іс бойынша сот шешімі шығарылды» деген сот төрағасы сөз басында Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы заңының 21-бабына сәйкес елімізде әрбiр баланың отбасында өмiр сүруге және тәрбиеленуге, ата-анасы мен басқа да жақын туыстарын бiлуге, олардың қамқорлығы мен тәрбиесiн алуға құқығы бар екенін атап көрсетті.
«Қазақ әуелден жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған халық. Ал бала – өмірдегі ең кымбат құндылықтың бірі. Халықта «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген сөз бар. Бала ата-анасын таңдай алмайды, алайда, отбасында нені көріп өссе, соны үлгі тұтары анық. Әке-шешенің салып берген жолы баланың болашағына міндетті түрде әсер етеді. Жақсы ана атану, ұл-қызына мейірімін төккен әке болу өкінішке қарай, барлық отбасына тән құндылық емес. Әр бала ата-анасына қарап бой түзейді. Соларға қарап дамып, болашаққа аяқ басады. Сондықтан, ата-ананың өмірлік ұстанымдары, қағидаттары түзу, дұрыс болуы тиіс», деген Ж.Алпысбаева кез келген судьяға осындай істерді қарау моральдық-психологиялық тұрғыдан қиындық туғызатынын да жасырмады. Судья ата-ана құқығынан айырылатындардың дені жұмыссыздар, яғни алимент төлеуден жалтарып жүргендер, сондай-ақ, аморальдық өмір сүруге еті өліп, спирттік ішімдіктер немесе есірткі, психотроптық заттарға әуестеніп, тағдыр жолында адасқан адамдар екенін де бүкпесіз жеткізді. Ол сондай-ақ баласының, жұбайының не отбасының басқа да мүшелерінің өмiрiне қауіп төндіріп, денсаулығына қасақана зиян келтірген қатыгездер де ата-ана құқықтарынан айырылатынын ескертіп өтті.
«Ата-ана құқықтарынан айыру тек сот тәртiбiмен жүргiзiледi және ең ақырғы шара болып табылады. Ал Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттардың басты мақсаты – баланың құқықтарын, заңды мүддесін қорғау. Өйткені теріс жолды таңдаған ата-аналар балаға психологиялық зардап келтіріп, оның болашағына кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. Сол себепті ата-ана құқықтарынан айыру баланы тұрмыстық зорлық-зомбылық пен отбасындағы қатыгездіктен қорғайды деп айта аламын», деген Жанаргүл Алпысбаева сот тәжірибесінде ата-ана құқықтарынан айыру туралы талапты қанағаттандырудан бас тарту фактілерінің де жиі болатынын алға тартты. «Ата-анасының кінәсі дәлелденген ерекше жағдайларда, сот оның мінез-құлқының сипатын, жеке басын және басқа да нақты мән-жайларды ескере отырып, ата-ана құқықтарынан айыру туралы қойылған талапты қанағаттандырудан бас тарта алады. Сондай-ақ жауапкерге балаларды тәрбиелеуге көзқарасын өзгерту керектігі қатаң ескертіледі. Сот ата-аналық міндеттерді орындауды бақылауды қорғаншылық немесе қамқоршылық органдарға жүктеуге де құқылы», деп түсіндірді сарапшы.
«Сот тәжірибесіне жүгінетін болсақ, ата-ана құқықтарынан айыру туралы талап арыздарымен көбіне-көп аналар келеді. Олар баланың әкесіне әкелік міндеттерін мойындату бойынша сотқа жиі жүгінеді. Ал өкінішке қарай, әкелердің біразы ата-аналық құқықтарын сақтап қалуға тырыспайды. Алимент төлемеу үшін талап арызды мойындауға дайын болып келетін жауапсыз әкелер де жетерлік. Алайда заңға сәйкес ата-ана құқықтарынан айыру оларды алимент төлеуден босатпайды. Ата Заңымыздың 27-бабына сәйкес «балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрі міндеті» болып табылады», деген Ж.Алпысбаева бауыр еті баласынан перзентханада бас тартатын қатыгез аналардың, алимент төлеуден жалтарып, сан түрлі қитұрқылыққа баратын жауапсыз әкелердің, тіпті ұл-қызының денсаулығын сылтауратып, өз міндеттерін атқарудан жалтақтайтын ата-аналардың да аз еместігін ашына айтты.
Қолайсыз отбасын қоғамға «қайтарудың» маңызы зор
Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданының №12 учаскелік полиция пунктінің учаскелік полиция инспекторы Ғалымжан Шамбулов қолайсыз отбасын анықтайтын «критерийлердің» бірі ретінде әкімшілік аумаққа түсетін шақыртулар мен арыз-шағымдарды атады. Қызмет барысында осындай келеңсіздікпен жиі бетпе-бет келетін полиция капитаны әкімшілік аумақты аралау кезінде ата-анасының мас күйінде болуына, кәмелетке толмаған балалардың қараусыз қалуы, балалардың өміріне немесе денсаулығына қауіп төндіретін жағдайдың туындауына баса мән берілетінін айтады. «Осындай кикілжіңі мен кем-кетігі көп үйдің жалпы жағдайын «қолайсыз» деп айтуға болады», дейді ол. Өзіне бекітілген әкімшілік аумақта 2 үйдің «қолайсыз отбасы» ретінде ішкі істер органдарында есепте тұрғанын айтқан тәртіп сақшысы жақында ғана болған бір жайтты мысалға келтірді.
«14 қыркүйек күні түнгі сағат екі шамасында Байқоңыр ауданы полиция басқармасының кезекші бөліміне Ш.Уәлиханов көшесінде екі баланың қараусыз жүргені туралы хабарлама келіп түсті. Бірден сол жаққа бардық. Күздің қара суығында сыртқы киімсіз, жалаң аяқ, жалаң бас қос бүлдіршін дірдек қағып жол бойында тұр. Балалардың үлкені 5 жаста, кішісі небәрі 3-те екен. Қайда тұратындарын, бұл жаққа қалай келгендерін түсіндіріп айта алмады. Тек аналарының атын біледі екен. Осы оқиға бойынша тексеру жұмыстарын жүргізу барысында қос сәбидің шешесінің балаларды ұйықтатып, көршісінің үйіне арақ ішуге кеткені анықталды. Балаларын қараусыз қалдырып кеткені былай тұрсын, әйел сол тойлағаннан әрі қарай қонақ үйге барып, жалға нөмір алып, түнеуге қалып қойған. Балаларының көшеге шығып кеткенін, түнде қандай жағдайға тап болғанын шешелері бір күн өткеннен кейін жатақхана комендантынан бір-ақ естіп-білген. Қазір балалар кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жатқызылды, ал анасын ата-аналық құқығынан айыру мәселесі қаралып жатыр», деген полиция капитаны арақ пен есірткінің кесірінен талай отбасының ойраны шыққанын ашына айтты.
«Арақ ішкен адам – үй ішіндегі жанжалға бірінші себепкер. Ащы суға санасы уланып қалған ол бала түгіл, өзінің не істеп, не қойғанына есеп бере алмайды. Қолайсыз отбасын көбейтіп отырған тағы бір фактор – отбасындағы тәлім-тәрбиенің осалдығы. Әр бала үйінде әкесінен көргенін істейді, анасының жасағанын қайталайды. Ал ата-ананың аузы арақтан құрғамаса, күнде жанжал шығарып, бір-біріне ауыр сөздер айтып, төбелес шығара берсе, мұны көріп өскен бала да алысқа бармайды. Тірі жетімдер тіршілігінің қиюы қашқан осындай қолайсыз отбасыдан шығады. Отбасында ерлі-зайыптылардың бір-біріне сый-құрметінің болмауы, қиын сәтте қолдау көрсетудің орнына, жұдырық ала жүгіруі, баланы асырауға, отбасын бағуға қолдың қысқалығы, жоқшылық, жұмыссыздық, ажырасу – міне, осының барлығы отбасылық құндылықты құлдыратып отырған өзекті мәселелер», дейді Ғ.Шамбулов.
Ата-ана құқығынан айыру – түйткілді шешудің соңғы шешімі болып табылмайтынын айтқан учаскелік инспектор полицияның мақсаты баланы отбасынан айыру емес екенін де ескертті. «Біздің міндетіміз қызды анасынан, ұлды әкесінен алшақтату емес. Бала тәрбиесі мен денсаулығына немқұрайды қараған ерлі-зайыптыларды ата-ана құқығынан айыруды да тығырықтан шығудың жалғыз жолы деп қарамаймыз. Басты мақсат – қолайсыз отбасыға дер кезінде қажетті қолдау көрсету, оларды қайта қоғамға бейімдеу», деген полиция капитаны ата-аналық құқығынан айырмас бұрын міндетін дұрыс атқармай жүрген ата-аналардың алдымен ІІО-ның арнайы есебіне алынатынын мәлімдеді. «Дәл осы тұстан ұзақ әрі қиын жұмыс басталады. Отбасы мүшелеріне байланысты мұндай жұмыс бірнеше жылға созылуы мүмкін. Сол отбасымен тиісті құқықтық, әлеуметтік жұмыстар жүргізіліп, құқық бұзушылықтың алдын алу жайында профилактикалық әңгімелер жүргізіледі. Тұрғылықты мекенжайы тексеріліп, ата-аналарға нұсқаулық беріледі. Келесі кезең – Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабы бойынша (ата-аналық міндетін орындамау) әкімшілік жазаға тартылады. Егер осы аталғандардың ешқайсысы көмектеспесе, балаға қауіп төніп тұрғаны белгілі болса, біз қажетті материалды жинастырып, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға ата-ана құқығынан айыруды қарау туралы іс жібереміз. Бұл шынын айтқанда, ең төтенше шаралардың бірі. Өйткені ата-ананы құқығынан айыру – өте күрделі мәселелердің бірі. Оның үстіне бұл тек арнайы комиссияның шешімі арқылы ғана жүзеге асырылады», дейді ол.
«Ата-ана құқығынан айыру балаларды отбасындағы қатыгездіктен қаншалықты қорғай алады?» деген сұрағымызға сақшы: «Әрине, бұл шешім баланы отбасыдағы зорлық-зомбылық пен қатыгездіктен қорғай алады деп кесіп айту өте қиын. Алайда мұны әке-шешесі ата-аналық құқығынан айырылған балалардың жаңа өмірге жасаған қадамы ретінде қарауға болады. Ал бала болашағының қандай болары оның жаңа ортада алар тәрбиесі мен өз таңдауына байланысты», деп жауап берді.
ТҮЙІН. Өткен жылы 7 120 отбасы ІІМ-де қолайсыз отбасы ретінде есепке алынған екен. Ал Әкімшілік полиция комитетінің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда 7,5 мың кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншек арнайы бақылауға алынған. Яғни осыншама бала қылмыс жасауға бейім деген сөз. Алайда олардың ішінде қанша бала берекесі кетіп, тыныштығы бұзылған шаңырақтан шыққанын дөп басып айту қиын. Бізде «Бақытты отбасы» деген бастамамен қолға алынған іс-шаралар баршылық. Бірақ «әлеуметтік жетімдер» де аз емес...