Балқаш қаласының іргесіндегі Қоңырат шағын ауданының ежелден келе жатқан өзекті мәселесі бар-тын. Бүгінге дейін аталған елді мекеннің тұрғындары үйлерін ескірген қазандықпен жылытып келген еді. Қазандық қуатының жетіспеушілігіне байланысты әр жылыту маусымында қоңыраттықтар суықтан қатты зардап шегетін.
Енді бұл шағын аудан жылуды Балқаш жылу-электр стансасынан тікелей алады. Бұл мақсатта биыл аталған ЖЭО-дан ұзындығы 17 шақырым болатын жаңа жылу магистралі тартылып, қазірдің өзінде әлеуметтік нысандар мен алғашқы 145 үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылды.
Жылу магистралінің «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынғанын айта кеткен жөн. Мұндағы төрт сорғы стансасында 20-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылған.
Жалпы, жылумен бірге Қоңыратқа әлеуметтік тұрғыдағы басқа да игіліктердің келе бастағаны рас. Мысалы, елді мекенде алдағы уақытта жаңа тұрғын үйлер салына бастайды. Нақтырақ айтқанда, 300 пәтерден тұратын алты үй бой көтермек.
Бұдан бөлек, Қоңыратта қазірдің өзінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жеке инвестициялар есебінен әрқайсысы екі пәтерден тұратын тоғыз үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар 20 пәтерлік он үйдің құрылысы да аяқталуға таяу. Жергілікті билік бұл пәтерлердің кезекте тұрғандарға жалға алу шартымен берілетінін айтады.
Қоңырат шағын ауданының орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылуы аумақтың экологиясына да оң әсерін айтарлықтай тигізеді деген болжам бар. Мәселен, бұрын жылыту маусымында көмір жағатын жергілікті қазандықтардан қызмет көрсету кезінде атмосфераға шамамен 51 тонна залалды шығарындылар тарайтын. Енді жағдай мүлде басқаша сипат алып, ауа улы қалдықтармен ластанбайтын болады дегенді айтады жергілікті биліктің жауапты өкілдері.
Қоңырат елді мекенінің қабырғасы 1928 жылы осы маңнан ірі мыс кеніші ашылғаннан кейін іле-шала қаланған. Ал 2013 жылы ол Балқаш қаласының құрамына қосылып, шағын аудан ретінде атала бастады. Екі жыл бұрынғы санақ мәліметіне сай мұнда 2 753 адам тұрады.