Жақында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өңірде ауқымды жобаларын іске асыруға ниетті және жүзеге асыра бастаған ірі инвесторлармен кездесті.
Кездесу барысында аймақ басшысы жаңбырлатып суару жүйесі құрылғыларын өндіретін Valley Kusto GB BV компаниясының, жылу оқшаулағыш құрылыс материалдарын шығаруға маманданған «ТехноНИКОЛЬ» компаниясының, ұсақ мал етін өңдейтін «Бауманн» неміс компаниясының Zhetysu Koy ЖШС өкілдерімен жобаны іске асыру мәселесін егжей-тегжейлі талқылап, істі одан әрі ілгерілетуге қатысты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді.
Кездесуге Премьер-Министрдің кеңесшісі Гүлбану Пазылхаирова қатысты. Облыс әкімі Амандық Баталов Жетісу сулы өлке болғанымен ылғал сақтау технологиясының шаруашылық пен өндіріске аса қажет екенін айтты. Сондықтан жобаны жан-жақты қолдауға, мемлекет тарапынан көрсетілуге тиіс жәрдемді жасауға әзір екендігін білдірді.
Valley Kusto GB BV компаниясының жобасы жайлы «Valmont Industries» компаниясының ТМД елдері бойынша бас директоры Кевин Миш қысқаша айтып берді. Ол компанияның Қазақстанға зауыт салуға мүдделі екенін жеткізді.
– Біз бүгінге дейін елдегі нарықты жан-жақты зерттедік. Қазір біздің команда осы зауыт жобасының даму жоспарын әзірлеп жатыр. Зауытты қай индустриалды аймаққа орналастырған тиімді болатыны әзірге қарастырылуда. Жақын арада бір шешімге келеміз деп ойлаймын. Мемлекет тарапынан қаржылық, лицензиялық мәселелерді шешу жағынан қолдау көрсетіліп отыр, – деп атап өткен К.Миш облыс басшысының жылы қабылдауы мен қолдауына ниетіне ризашылығын жеткізді. Сол сияқты компания өз мамандарының біліктілігі жоғары болғанын қалайтындықтан, жергілікті азаматтарды оқытып, үйретіп, жұмысқа қабылдайтын болады.
Өз кезегінде өңір басшысы Алматы облысының ерекшелігіне тоқталып, республика көлеміндегі ауыл шаруашылығы өндірісінің 18-20 пайызы Жетісу өңіріне тиесілі екенін айтты. Ирригациялық желілер бұл өңірде 17 мың шақырымға созылып жатқанын тілге тиек етті.
– Мәселен, қант қызылшасы биыл 16 мың га жерге себілсе, алдағы уақытта Президенттің тапсырмасымен оны 52 мың гектарға жеткізіп, 2 млн тонна қант қызылшасын өндіру межеленіп отыр. Осы және басқа да дақылдарды өсіруде су қорын үнемді пайдаланып, жаңа технологияларды енгізуіміз керек. Сонда су үнемдеп қана қоймай, өнімділік көлемін 3-4 есе көтере аламыз, – деді облыс әкімі.
Сол сияқты өңірдің Қытаймен шектесіп жатқаны да логистикалық жағынан мол мүмкіндік беретінін еске салды. Және зауытқа қажетті барлық газ, су, электр, жол секілді инфрақұрылымдарды нысанға дейін облыс тартып беретінін айтты. Сонымен жақын арада қос тарап жобаны жан-жақты талқылап, егжей-тегжейін нақтылауға кіріспек.
Мұнан кейін облыс басшысы ресейлік «ТехноНИКОЛЬ» компаниясының өкілдерімен бірнеше мәселені талқылады. «ТехноНИКОЛЬ-Орталық Азия» ЖШС бас дирекоры Нияз Сулейманов жобаны іске асыру барысындағы шешімін күткен мәселелер жайлы баяндады. Жылу оқшаулайтын құрылыс материалдарын өндіретін зауыт жобасына 43 млрд теңге инвестиция салынып отыр, мұнда 200 жұмыс орны құрылады. Талғар ауданындағы «Қайрат» индустриалды аймағында орналасатын жобаның іске асырылуы барысында инвестор «Жетісу» ӘКК-мен тығыз байланыс орнату тілегін жеткізді. Мемлекеттік сараптамадан өткізу мерзімінің жылдам жүруі де жобаны іске асыруда маңызды. Сондықтан оған да мән берілмек. Өнеркәсіп газ көлемін көп тұтынатындықтан, газ ауқымын мол алуға, электр желісіне рұқсат қағаздарын реттеуге де жергілікті әкімдіктің қолдауы қажет.
Өз кезегінде облыс әкімі А.Баталов зауыттың айналасын абаттандыру, көгалдандыру ісін назардан тыс қалдырмау керектігін айтты. Сонымен қатар облыс әкімінің бірінші орынбасары Л.Тұрлашовқа алдағы аптада су, газ, электр, байланыс, темір жол сияқты маңызды салалардағы монополистерді жинап жиын өткізуді және оларды «бір терезе» қағидаты бойынша инвестордың барлық мәселелерін шешіп беруге жұмылдыруды тапсырды.
Келесі кезекте облыс әкімімен кездесуге «Бауманн» компаниясының Zhetysu Koy жобасына қатысты инвесторлар келді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жобаны іске асыруға барлық мүмкіндік жасалуда. Зауыттың орналасатын жеріне қатысты туындаған кейбір мәселелер осы арада бірден шешімін тапты. Іле ауданы аумағында орналасатын, ұсақ мал етін өңдейтін, жаңа технологиямен жұмыс істейтін бұл теңдессіз кәсіпорынның облыс, тіпті ел экономикасы үшін маңызы ерекше болмақ.
Сол сияқты Ескелді ауданынан «Дүйсенбинов» және «Нам» шаруа қожалықтарының жетекшілері Айдын Дүйсенбинов пен Николай Герман екі жоба ұсынып, мемлекет тарапынан қолдау болса, бірі 200 басқа арналған ірі тауарлы сүт фермасын, екіншісі маусымаралық мерзімде көкөністерді сақтайтын жаңа технологияны қолдана отырып, қойма ашуға ниетті екендерін айтты. Бұл істе олар «Жетісу» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының қолдауына жүгінбек.
Осы жиында А.Баталов 2014 жылы облыста сүт өндіру небары 14-15 пайыз шамасында болғанын, қазір осындай шаруашылықтарды қолдау арқылы оның көлемі 30 пайызға жеткенін атап өтті. Маусымаралық кезеңде көкөніс бағасын ырықтандыруға және өнім тапшылығын болдырмауға ықпал ететін заманауи қойма салу ісі де қолдауға тұрарлық екенін жеткізді. Панфилов ауданында жүгеріге арнап екі қырман салып, өнімнің төбесі жабық орында сақталуына мүмкіндік жасалғаны қазір шаруашылыққа өзінің оң әсерін тигізгенін еске салды.