Жақында Балқаш ауданының орталығы Бақанас ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылған болатын. Бұл нысан өңірдегі он үшінші жаңа спорт кешені санатына қосылды.
Нысанның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов Елбасы мен Президенттің тапсырмаларына сәйкес облыста халықтың әл-ауқатын арттыруға, бұқаралық спортты дамытуға жасалған жағдайға қысқаша тоқталып өтті.
– Балқаш ауданы – облыстың бір қиырында жатқан шалғай аудан. Біз осы ауданға ерекше көңіл бөліп келеміз. Бақанасқа табиғи газ жеткіздік. Газ тарату жүйесі салынып, қазіргі кезде елді мекендерде ауылішілік желілер жүргізілуде. Бұрын шалғайдағы Бақанасқа газ келеді деп ешкім ойламаған еді. Бүгінде бұл іс жүзеге асты. Өз кезегінде газдандыру халықтың өмір сүру сапасын жаңа деңгейге көтереді. Ауданда кезектегі азаматтарға, көп балалыларға, мамандарға беру үшін тұрғын үйлерді де көптеп салып жатырмыз. «Ауыл – ел бесігі» жобасының аясында абаттандыру жұмыстарына қаржы бөліп, көркейту шаралары атқарылуда. Бүгін, міне, дене шынықтыру-сауықтыру кешенін ашып, балалардың спортпен шұғылдануына зор мүмкіндік жасалып отыр. Бұл облыста соңғы жылдары салынып, іске қосылған он үшінші кешен. Тағы төртеуінің құрылысы аяқталуға жақын. Осы жерден күні ертең мықты спортшылар шығады деп сенемін, – деген облыс басшысы балаларды жарыстарға тасымалдайтын жаңа Газель автокөлігінің кілтін спорт мектебіне сыйға тартты.
Жалпы, Бақанастағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы 2019 жылы басталған болатын. Оны салуға 1 млрд 102 млн теңге жұмсалды. Жалпы ауданы 4 257 шаршы метр болатын ғимаратта күрес, бокс, футбол, баскетбол, волейбол, теннис сияқты спорт түрлеріне баулуға барлық жағдай жасалған, тиісті спорттық құралдармен толық жабдықталған.