Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Осынау мерейлі кезеңде Қазақстан үшін маңызды серіктес мемлекеттің бірі – Ұлыбританияның еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Кэти Личтан сұхбат алған едік. Кэти ханым дипломатиялық қызметіне кіріскеніне бірнеше айдың жүзі болды. Ол Қазақстанға келместен бұрын қазақ тілін үйренген екен.
– Биыл Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Қазіргі уақытта екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастар қандай бағытта дамып жатыр?
– Отыз жыл ішінде мұнай-газ саласында, білім беруде, қаржы секторындағы және басқа да көптеген салаларда тамаша әріптестік орнаттық, бұл алдағы отыз жылда одан әрі жақсарады. Алдағы уақытта одан да жақсы нәтижелерге қол жеткізетінімізге сенемін. Қазіргі таңда жасыл экономикаға баса көңіл бөліп отырмыз.
Энергетикалық сектордың декарбонизациясын, жаңартылатын энергия көздерін, цифрландыруды және білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді қарастырып жатырмыз. Бұл жаңа әрі білікті жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Күн тәртібінде тұрған маңызды мәселе де осы.
Осы орайда, мына мәселеге назар аударған жөн. Бүгінде Ұлыбританияда көп жыл білім алып, бірнеше жылдан бері өз мансабын қалыптастырып келе жатқан қазақстандық жастар өте көп. Олар екі ел арасында тиімді байланысты ілгерілетуге көмектесетіні сөзсіз.
– Ұлыбритания Қазақстанның маңызды серіктестерінің бірі. Екі ел арасында өзара тиімді экономикалық байланыс орнатылған. Бірақ пандемияның кесірінен қарым-қатынасымызға аздаған кедергі келді. Екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды нығайту үшін болашақта қандай қадамдар жасалу көзделуде?
– Пандемия жағдайды қиындатқанына күмән жоқ. Бірақ қазір бизнеске жаңа мүмкіндік беріп, көмектесуге бел будық. Меніңше, «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту шетелдік инвестицияларды тартуға жағдай жасайды. Сондай-ақ дауларды ағылшын жалпы құқығы мен үздік халықаралық практика негізінде шешу инвестиция мен сауданы ынталандыруға лайықты көмектеседі. Мен Қазақстандағы дүкендерде британ тауарлары мен брендтерін көбірек көргім келеді.
– Соңғы уақытта жиі талқыланатын мәселелердің бірі – «Брексит». Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығуының қандай тиімді жақтары бар деп ойлайсыз?
– 2021 жылғы 1 қаңтарда өтпелі кезең аяқталды. Пандемия кезінде ортасында ЕО мен Кеден одағының бірыңғай нарығынан шықтық. Мүмкін, бұл қадам жаңа салаларда өз заңын қабылдайтын, жеке сауда келісімдерін жасайтын ел ретінде жағдайды біршама қиындатқан шығар. Бірақ Премьер-министріміз де, жаңа Сыртқы істер министріміз Лиз Трасс та, өзге де министрлер де биылғы жыл бүкіл әлемде жаңа мүмкіндіктерді пайдалануға ұмтылатын Жаһандық Ұлыбританияның бастамасы болатынына сенімді.
– «Брексит» Ұлыбритания халқына қалай әсер етті? Мәселен, Британдық аралдарда жұмыс істейтін еуропалықтар немесе Еуропалық одақ елдерінде еңбек ететін Ұлыбритания азаматтары бұрынғыдай еркін жұмыс істей ала ма?
– Ұлыбритания да, Еуропалық одақ та 2021 жылғы 1 қаңтардағы өтпелі кезең аяқталғанға дейін Еуропада тұрып жатқан британдардың және Ұлыбританияда тұрып жатқан еуропалықтардың өмір сүру және жұмыс істеу құқықтарының қорғалуын мұқият қадағалады. Дегенмен үкіметтің «Брекситтен» алған негізгі сабағының бірі – иммиграцияны мұқият басқаруға қажеттілік.
Осылайша, Еуропалық одақ азаматтары бұдан былай Ұлыбританияға келгенде немесе керісінше ағылшындар Еуропада бұрынғыдай еркін жұмыс істей алмайды. Әсіресе, біліктілікті қажет ететін мамандықтарға бару қиынға түседі. Бірақ Ұлыбритания шығармашыл әрі келешегі жарқын адамдар үшін әлемдегі ең тартымды жұмыс орындарын ұсынуын жалғастыра береді.
– «Брекситке» қатысты ең көп талқыланатын мәселелердің бірі – Ирландия мен Солтүстік Ирландия арасындағы шекара. Ирландиялықтар «Брекситті» қалай қабылдады? Қазіргі уақытта шекара мәселесінде қандай шешімге келді?
– Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығу кезінде «Белфаст» келісімін сақтап қалуға қол жеткізді. Өмірлік маңызы бар бұл келісімге 1998 жылы қол қойылды. Құжат көптеген жыл бойғы қақтығыстардан зардап шеккен Солтүстік Ирландияға бейбітшілік әкелді. «Белфаст» келісімінің сақталуына Ирландия тарапы да, Ұлыбритания үкіметі де, Солтүстік Ирландияның барлық партиялары да мүдделі.
Аталған келісім түрлі қауымдастықтар арасындағы тепе-теңдікті бұзбайды. Еуропалық одақпен жасалған келісімге сәйкес, Солтүстік Ирландия Хаттамасы бұл нәзік тепе-теңдікті сақтауға тырысты. Яғни Солтүстік Ирландия ЕО-ның Бірыңғай нарығында қала береді.
Сондықтан Солтүстік пен Оңтүстік арасында қатаң шекара болмағандықтан, Ұлыбритания ішкі нарығының ажырамас бөлігі ретінде де есептелмек. Өйткені өңір заңды түрде Ұлыбритания аумағы саналады. Барлық тарапқа тиімді болу үшін Ұлыбритания үкіметі Хаттаманы жүзеге асыру шарттары әлдеқайда икемді болуы қажет деп санайды. Аталған мәселе жөнінде Еуропалық одақпен келіссөздер әлі де жалғасып жатыр.
– Бірнеше жыл бұрын Шотландияда референдум өткізіліп, онда тәуелсіздік мәселесі талқыланды. Қазір шотландықтар бұл мәселеге қайта орала ма? Биліктің бұған деген көзқарасы қандай?
– Сол кездегі Премьер-министр Дэвид Кэмерон 2014 жылы «Тәуелсіздік референдумын» өткізуге рұқсат еткенде, Ұлыбритания мен Шотландия үкіметтері аталған мәселені шешу келешек ұрпақ үшін әділ және заңды қадам екеніне келісті. Ұлыбритания үкіметі әлі де референдумның нәтижесі шешуші мағынаға ие деп есептейді. Әрі мәселе түпкілікті шешілді деген пікірді ұстанады.
– Ұлыбритания өз мәдениетінің алуандығымен аса танымал. Ел әртүрлі этностық топтар өкілдерінің бейбіт өмір сүруін қалай қолдайды? Мүмкін бұған жету оңай болған жоқ шығар?
– Өзім куә болған кезеңде түрлі этностық топтар мен діндерге көзқарас уақыт өте келе бірнеше мәрте өзгеріске ұшырады. Ақыр соңында, тұрғындар адам құқықтары барлығына тең екенін түсінді. Терісінің түсі, діні, жынысы немесе басқа сипаттамалары бойынша кемсіту өркениетті қоғамда жағымсыз және қабылданбайтын мінез-құлық белгісі. Бұл тұжырымдаманы заң да, мектептер де, бұқаралық ақпарат құралдары да, билік те қолдайды.
Өкінішке қарай, әлі де нәсілшілдік пен дискриминацияны толықтай жоя алған жоқпыз. Бірақ менің ойымша, халықтың басым бөлігі өзін өзі қалай ұстау керектігін түсінеді. Әділетті, толерантты қоғам қалыптастырудағы ниетімізді мойындайды.
– Ұлыбританияда оқып жүрген кезімде мені ағылшын акценті қызықтырды. Сізде қандай акцент бар? Жалпы, кішкентай аралда түрлі акценттердің болуы қазақтар үшін өте қызықты. Ағылшын тілінде акценттердің көп болуының себебі неде?
– Мен Англияның оңтүстігінде, Лондонға жақын жерде өстім. Сондықтан менде оңтүстіктік акцент бар. Айта кететін жайт, елдегі көптеген аймақтық акценттің әлі күнге дейін қалай сақталып қалғанына таңғаламын! Менің ойымша, бұл – туған қаласы мен шыққан жерімен мақтанудың нақты белгісі. Сондықтан қазіргі өмір біртектес болған кезеңде ағылшындар өздерінің акцентін сақтап қала алды.
– Англия футболдың отаны саналады. Сіз футболды ұнатасыз ба? Қандай клубты қолдайсыз? Ұлыбританиядағы футбол мәдениеті, жанкүйерлердің мәдениеті туралы айтып беріңізші?
– Бұл өте күрделі сұрақ! Мен бір нақты команданың жанкүйері емеспін, бірақ ұлттық құраманың ойынын тамашалағанды ұнатамын. Биыл Еуропа чемпионатының финалында Италиядан ұтылғанымыз өте ауыр тиді. Бірақ мен шын жүректен ойнаған жас команданы мақтан тұтамын. Англиядағы футбол жанкүйерлері өз командаларын жақсы қолдайды. Бұзақылықтан туындаған кей мәселелер өте тиімді саясат пен полиция күштері арқылы шешіледі деп сенімді түрде айта аламын. Ағылшындар үшін футбол отбасымен бірге көріп, демалатын ойын.
– Ұлыбритания сонымен бірге ғаламдық жылыну мәселесін шешуде ерекше орын алып отыр. Осылайша, күн тәртібінде 2050 жылға дейін парниктік газдар шығарындыларының көлемін қысқарту мәселесі тұр. Бұл міндеттемені орындау үшін қандай шаралар қолданылады?
– 31 қазанда тарихқа бай, әдемі Глазго қаласында Климаттың өзгеруі туралы БҰҰ негіздемелік конвенциясы тараптарының 26-шы конференциясын өткіземіз (COP26). Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 125-тен астам мемлекеттің көшбасшылармен бірге Әлемдік көшбасшылар саммитіне қатысатынына өте қуаныштымыз.
Екі апта бойы Конференция шеңберінде өткізілетін кейбір келіссөздердің тақырыбы техникалық мәселелерді қамтиды. Бірақ жалпы мақсат айқын. Климаттың жылынуын 1.5°C өлшемінде сақтап тұру. Яғни ұжымдық күш-жігерді салып, 2050 жылға қарай жылынуды 1,5 градустан аспайтын деңгейде ұстап тұруға қол жеткізуіміз қажет. Бұл мақсатқа жету үшін көбірек жұмыс істеуіміз керек.
Оның үстіне, Премьер-министріміз төрт саланың – көмір, автомобильдер, ағаштар және қолма-қол ақшаның ерекше рөлін атап өтті. Көмірден, яғни әлемдегі ең ластаушы отыннан кезең-кезеңмен бас тарту саясатын белгілеуіміз қажет.
Сонымен қатар бензинді қолданатын автомобильдерді 2040 жылға дейін табиғи таза көліктерге алмастыруымыз керек. Әлемдік ормандарды қорғап, жерді пайдалану кезінде көміртегі шығарылымын барынша төмендетуге тиіспіз. Сондай-ақ декарбонизация үшін де, климаттың өзгеруіне бейімделу үшін де қажет инвестицияларды жұмылдырғанымыз жөн.
– Сізді қазақтардың қандай өнер мен мәдениеті қызықтырады? Елші ретінде елімізде қандай ерекшеліктерді байқадыңыз?
– Мен классикалық музыканы, опера мен балетті жақсы көремін. «Қыз Жібек» секілді бұрын-соңды көрмеген спектакльдерді тамашалауды асыға күтіп жүрмін. Маған джаз бен өнер ұнайды, бірақ олардың екеуін де жетік білмеймін. Сондай-ақ тарих және оның сәулет өнеріне қалай әсер еткені қызықтырады. Нұр-Сұлтанның заманауи ғимараттары өте қызықты. Бірақ солардың арасында Ұлттық музей әлі күнге дейін менің сүйікті жерім. Бұл – аса керемет, әдемі әрі ерекше ғимарат, ал оның қазыналары бізге тарихтың қызықты кезеңдерін ашады.
– Елшілік қызметке кірісер алдында біраз уақыт қазақ тілін үйренген екенсіз. Тілімізді үйрену сізге қиын болған жоқ па?
– Қазақ тілі – қиын тіл! Бірақ мұндай қызықты тілді үйренудің артықшылығы да бар. Қазақ тілінде еркін сөйлеу үшін әлі ұзақ еңбек етуім керек. Бірақ жаттыға беруге бел будым. Қазақ тілін жетік меңгеру, әрине, маған Қазақстанның тарихы мен мәдениеті туралы көбірек білуге әлдеқайда көмектеседі деген ойдамын.
– Біздің елге келетініңіз жайлы естігенде отбасыңыздың алғашқы әсері қандай болды?
– Біз 18 айға жуық оқшаулану мен шектеулерден өттік. Ешқайда шықпай, Хартфордшир округіндегі үйімізде тұрдық. Сондықтан кенеттен ерекше заманауи қалаға көшу – біз үшін өте керемет жаңалық болды. Біз әлі де саяхаттай алмаймыз, бірақ мен оларға Қазақстанды толық аралатып шыққым келеді.
– Биыл Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Осы отыз жылдың ішінде елдің даму деңгейіне елші ретінде қандай баға берер едіңіз?
– Мен 1991 жылы Кеңес Одағына келіп кеткенмін. Нақтырақ айтсам, 15 тәуелсіз ел қалыптаса бастаған кезде үшінші курс студенті едім. Саяси және экономикалық жүйенің құлдырауын өз көзіммен көргендіктен, оның қандай болатынын ешқашан ұмытпаймын. Сол себепті осы заманғы, өркендеген, көпконфессиялы және көпэтносты мемлекетті құрған Қазақстан халқының қол жеткізген биік жетістіктерін жеке өзім жоғары бағалаймын.
– «Егемен Қазақстан» оқырмандарына айтатын тілегіңіз?
– Мен егеменқазақстандықтарды, сондай-ақ барша қазақстандықтарды Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»