Тарихи Тараз қаласының сәулеттік келбетін арттыру мақсатында «Таразға тарту» жобасы қолға алынған болатын. Аталған жоба аясында облыс орталығында гимнастика және үстел теннисі спорт кешені пайдалануға берілді. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев тараздықтарды кешеннің ашылуымен құттықтап, Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру шеңберінде өңірде бұқаралық спортты дамыту мақсатында ауқымды шаралар атқарылып жатқанын айтты.
«Әрбір мемлекетті, ұлтты әлемге танытатын, абыройын арттыратын бірден-бір дүние – спорт. Тәуелсіздік жылдары Қазақстаннан талай Олимпиада, Әлем, Азия чемпиондары шықты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірде бұқаралық спортпен жүйелі түрде шұғылданатындардың көрсеткіші артып келеді. Бүгінде олардың саны 400 мыңға жуықтап, 34,4 пайызды құраса, біз бұл көрсеткішті 40 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. Жастарымыз спортпен айналысып, жат әдеттерден аулақ болуы тиіс. Ол үшін жергілікті билік жағдай жасау қажет. Жыл сайын жаңадан спорт кешендері бой көтеріп, халық игілігіне берілуде. Өткен жылы 14 дене шынықтыру-сауықтыру кешені және 92 спорт алаңы қолданысқа берілді. Облысымызда алғаш рет ашылып отырған гимнастика және үстел теннисі спорт кешенін салып берген жеке инвестор «ТаразСтрой2004» ЖШС басшысы Мейірбек Жүнісовке алғысымызды білдіреміз. Мұндай заманауи нысанда жаттыққан балалар ертең чемпион атанатынына сенемдіміз», деді Б.Сапарбаев. Ал, үстел теннисінің ардагері Анатолий Гончаров бүгінде елімізде спорттың бұл түрі жақсы қолға алынып, дамып келе жатқанын айта келіп, жаңа ғимараттың жабдықталуын жоғары бағалады. «Үстел теннисі – бұл әлемдегі ең танымал және 850 млн-нан астам жанкүйері бар олимпиадалық спорт түрі. Облысымызда әуесқой деңгейде үстел теннисімен 9 734 спортшы, кәсіби деңгейде 640 спортшы және 21 жаттықтырушы айналысады. Бүгінгі ашылып отырған кешен спортшылардың кәсіби өсуіне және шұғылданушылар контингентін арттыруға жағдай жасайды деп сенеміз», деді ол. Сонымен қатар акробатика және батуттағы гимнастикадан спорт ардагері Ольга Назарова кең әрі жоғары деңгейде жабдықталған зал гимнастиканы тиісті деңгейде дамытуға және балаларды дене шынықтыру мен спортқа жаппай тартуға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Айта кетейік, мұнда оқу-жаттығу сабақтарын, шеберлік сыныптарын өткізу үшін кәсіби спортшылар мен жаттықтырушыларды тарту жоспарлануда. Ал сыйымдылығы 600 адамды құрайтын кешен екі үлкен спорт залдан тұрады. Жалпы құны 1,5 млрд теңге болатын жоба құрылысы биыл наурыз айында басталып, бүгінде толығымен аяқталған.