• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 22 Қазан, 2021

Инвестордың құқығы қалай қорғалады?

278 рет
көрсетілді

Қаржы секторындағы дәстүрлі өнімдердің бірқатары қашықтан қызмет көрсетуді жақсы игере бастады. Оның ішінде қор нарығы да бар.

Айталық, 2020 жылдың қазан айы­нан бастап биометриялық иденти­фикаттауды қолданудың нәтижесінде брокерлік шарттарды қашықтан жасау мүмкіндігі пайда болды. Осы­лайша, қазіргі уақытта орталық депо­зи­тарийдегі шоттардың саны 201 мыңға жетті. Оның 198 мыңы жеке тұл­ғаларға тиесілі. Бұл ретте жыл ба­сынан бері бөлшек саладағы инвес­тор­лардың саны 64 мың адамға көбейген.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бағалы қағаздар нары­ғы департаментінің директоры Павел Афанасьевтің айтуынша, мұндай өсім жергілікті нарық үшін жақсы көрсеткіш саналады.

– Қайталама нарықтағы мәмі­ле­­лерде де белсенділік артып келе­ді. Бұған экономикалық, инфра­құ­ры­лымды сипаттағы себептер әсер ету­де. Кейбіреулер жинақ ақшасын жан-жаққа бөліп ұстағысы келеді, енді біреулер жаңа сервистердің мүмкіндіктерін пайдаланады. Тағы біразы банк депозиттеріне балама болатын құралдарға басымдық береді. Яғни бағалы қағаздар нарығындағы инвестицияларды игере бастайды. Нарық кейде мүлдем жаңа қаржы өнімдерін жасайды. Кейде дәстүрлі құралдарды сапалы түрде өзгертуге тырысады, – дейді П.Афанасьев.

Қор нарығына инвестиция салу тәуе­келге толы қадам. Сондық­тан рет­­теушіге, яғни агенттікке артыл­ған жауапкершілік те жоғары. Өйт­кені тәуекелдерді барынша азайту, қар­жылық қызметті тұтынушы­лар­дың құқығын қорғау қашанда маңызды.

– Кейде жергілікті инвесторлардың қиындықтармен бетпе-бет келетінін олардан түскен өтініштерден кейін біліп жатамыз. Әсіресе, бөлшек саудада мұндай жағдайлар жиі кездеседі. Қазір тұтынушылар үшін мүмкіндік көп. Сондықтан саланың қыр-сырын толық түсіну қиын. Осы орайда клиент тарапынан наразылықтар туындаған жағдайда оны шешудің қандай тетіктері барын түсіндіріп, жеткізу маңызды. Инвестор құқығын қорғаудың қолданыстағы тетігі нарыққа іскерлік беделі мінсіз, қар­жылық тұрғыдан орнықты, тәуе­келдерді басқарудың дамыған жүйесі мен қызмет көрсетудің жоғары стандарттарына ие адал қатысушыларды шы­ғаруды көздейді. Біз кәсіби қа­тысу­­шылардың ашық болғанын, даму­­ға қатысты ұзақ мерзімді дұрыс үр­­діс­терді қалыптастыруын қолдай­мыз, – дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бағалы қаға­здар нарығы департаментінің директоры.

Оның пікірінше, тәуекелдерді дұрыс бағалай білу керек. Әлем бойынша жұмыс істейтін көптеген компания бар. Ашық экономика жағдайында отандық клиенттер олардың қызметін пайдаланумен ғана шектелмейді. Бұл жағдайда тәуекел клиенттердің өздеріне жүктеледі. Ал қорғау тетіктері тиісті юрисдикция деңгейінде құрылады.

– Бұл жердегі біздің міндетіміз – дұрыс түсіндіру және ескерту. Клиент инвестициялық қызметті жүзеге асыру үшін халықаралық брокерді немесе қаржы делдалын таңдады делік. Ол сөйте тұра проблемамен бетпе-бет келсе, тиісінше осыған байланысты агенттікке шағым түсірсе, бұл біздің де мәселемізге айналып шыға келеді. Мұны елеусіз қалдыруға болмайды. Дәл осы мақсаттар үшін осы жылдың маусымында агенттік клиенттер тарапынан шағымдар түскен, уәкілетті органның лицензиясын алмаған делдалдардың тізімін, сондай-ақ олар пайдаланатын сайттарды жария­лай бастады. Агенттік қазіргі уақыт­та атал­ған компанияларға қатысты қар­­ж­ылық қызметтерді тұтын­у­шы­лар­дан түскен жүздеген шағымды өңдеп жатыр, – дейді П.Афанасьев.

Шағымдар негізінен қызмет көрсету кезінде туындайтын мәсе­лелерге қатысты. Мәселен, шоттар­ды негізсіз бұғаттау, клиент­тер­дің жеке кабинеттеріне қолжетім­ділікті шектеу немесе қаражатты қайтару кезіндегі қиындықтарды атап өтуге болады. Өтініштер көбіне­се агент­тіктің бағалы қағаздар нары­ғын­дағы қызметті жүзеге асыруға лицен­зиясы жоқ және резидент болып саналмайтын компания­лар­мен электр­онды түрде немесе бай­­ланыс арқылы шарт жасасқан тұл­ға­лар­дан келіп түседі. Тиісінше агент­тік Қа­зақ­­стан заңнамасына сәйкес олар­дың қыз­метін бақыламайды және қа­да­­ға­ла­майды. Кейбір жағдайларда агрес­­сивті жарнамаға сенген клиенттер көбінесе компаниялардың өзіне емес, әлемдік нарықта танымал инвес­тициялық компаниялардың атауын пайдаланатын алаяқтарға тап болады.

– Агенттіктің бұл бағыттағы бас­ты міндеті – Қазақстан аумағында ақпараттық және консультациялық қызметтер көрсететін бағалы қағаздар нарығындағы делдалдарды реттеу аясына енгізу. Бұл – реттеушілер арасында кең таралған тәжірие. Осы мақсаттар үшін заңнамалық деңгейде реттеу аясына форекс нары­ғында жеке тұлғаларға қызмет көрсе­тетін субъектілерді қосу, инвести­циялық консультация беруге қатысты жауапкершілікті күшейту, жосықсыз практикаларға және бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасауға қарсы іс-қимыл шараларын кеңей­ту, тиісті бағалау негізінде инвестор­лар­­дың тәуекелін айқындау ұсыныл­ды. Заңнамалық түзетулердің атал­ған блогы Мәжіліске енгізілді. Бас­та­малар Қазақстан аумағында лицен­зия­ланбаған делдалдардың қызм­етін шектеуге, сондай-ақ отандық инвес­тор­лар­дың құқығы мен мүддесін қорғауға мүмкіндік береді, – дейді ол.

П.Афанасьевтің пікірінше, дамыту мен реттеудің тізгінін қатар ұстаған жағдайда, реттеушілік сипат­қа емес, тұтынушыға инвестиция­лар­дың жағымды тәжірибесін алуға көмек көрсету маңызды. Мұндай тәжі­рибенің негізі – инфрақұры­лым­дық ұйымдармен және кәсіби қатысушылармен бірлесіп жасауға тиіс қаржылық жүйеге деген сенім. Жаңа қыз­меттерді дамытуға, клиент­тер­дің қызығушылығын артты­ру­ға, дәстүрлі қызметтерді цифр­лық фор­матқа ауыстыруға және эко­жүйе­лерді дамытуға болады. Бірақ осының барлығы кез келген жағдайда клиенттер жүгінетін ұйымдарға деген сенімге негізделуге тиіс. Бұл қар­­жы нарығының барынша тиімді жұ­мыс істеуін қамтамасыз етеді және эко­номиканың дамуына жол ашады.