– Әсет Арманұлы, жуырда Мемлекет басшысы 10 ұлттық жобаның тізбесін бекітті. Оның үшеуін сіз басқарып отырған ведомство әзірледі. Бұл жобалар несімен тиімді?
– Иә, Президент жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің тапсырмасымен мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып үш ұлттық жобаны әзірледік. Олар – «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу», «Кәсіпкерлікті дамыту» және «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты жобалар. Бұлар еліміздің 2025 жылға дейінгі дамуының ұлттық жоспарын және Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында әзірленді. Ұлттық жобалардың ұтымды тұсы көп. Олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өткен абзал.
– «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» ұлттық жобасы 5 бағытты қамтиды. Оны іске асыру үшін 6 міндет, 13 көрсеткіш және 55 іс-шара көзделген. Нәтиже қандай болмақ?
– Сіз айтқан 5 бағытқа индустриялық-инновациялық даму, мұнай-газ-химия, энергетика кешендерін, геология саласын дамыту, сондай-ақ шикізаттық емес экспортты арттыру жатады. Бұған 15,9 трлн теңге қарастырылған. Оның 402 млрд теңгесін – республикалық бюджеттен, 15,5 трлн теңгені жеке инвестициялар есебінен тарту көзделіп отыр.
Нәтижеге келсек, ұлттық жоба 2025 жылға қарай тұрақты экономикалық өсуді 5 пайызға қамтамасыз етпек. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын технологиялық тұрғыдан жаңғырту үшін шаралар қабылданады. Өндіріс көлемін ұлғайтуға және өңдеу өнеркәсібі тауарларының номенклатурасын кеңейтуге ықпал ететін 418 индустриялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Жоба шеңберінде 1 мың белсенді экспорттаушының сыртқы нарықтарға шығуы қамтамасыз етілмек. Сондай-ақ 350-ге жуық экспорттаушы Alibaba және Amazon сияқты халықаралық электронды платформаларға шығады деген жоспар бар.
Бұған қоса өңдеу өнеркәсібінің жоғары технологиялық өнімдерін шығару мақсатында 2025 жылға қарай 5 мұнай-газ-химия зауытын пайдалануға беру жоспарлануда. Энергетикалық кешенді қарқынды түрде жаңғырту арқылы электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 6 пайызға жетеді. Қабылданған шаралар нәтижесінде өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің өндірісі 1,5 есе артады. Шикізаттық емес экспорт 2 есе ұлғайып, 2025 жылы 41 млрд долларды құрайды. Шикізаттық емес сектордың негізгі капиталына салынатын инвестицияларды 75 пайызға арттыру жоспарлануда. Экономикадағы еңбек өнімділігі 1,2 есе өседі. Энергетикалық кешенді жаңғырту есебінен 2 мың МегаВатт жаңартылатын энергия көздерінің қосымша қуаты іске қосылады. Геологиялық зерттелетін аймақтың көлемін 2,3 млн шаршы шақырымға дейін ұлғайту көзделуде.
– «Кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, жаңа тауашаларды қалыптастыруға, бәсекелестікті кешенді дамытуға бағытталатыны атауынан-ақ түсінікті. Бұған қанша қаржы жұмсалмақ?
– Ұлттық жобаны қаржыландыруға шамамен 8,5 трлн теңге керек. Оның 1 трлн теңгесі республикалық бюджеттен, 125 млрд теңгесі жергілікті бюджеттерден алынады. Сондай-ақ 7,3 трлн теңге көлемінде жеке инвестиция тарту көзделген. Жалпы, бұл жобаны іске асыру үшін 10 міндет, 30 көрсеткіш және 69 іс-шара қарастырылған. Ұлттық жоба кәсіпкерлік құрылымына сапалы өзгерістер әкеледі. Оған қол жеткізу үшін жеке кәсіпкерлікпен айналысуға жағдай жасау, кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне сәйкес дағдыларды дамыту, сонымен қатар субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру бойынша шаралар қабылданбақ. Ұлттық жобаның басты міндеттерінің бірі – кәсіпкерлік субъектілері үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру және экономикадағы мемлекеттің үлесін төмендету. Ұлттық тауар өткізу желісін құру және жаңғырту жоспарлануда.
Кәсіпкерлік белсенділікті арттыру мақсатында 690 мың шағын және орта бизнес субъектісі мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылмақ. «Бастау Бизнес» аясында жеке ісін ашқан кәсіпкерлер саны 2 есе өседі. Соның ішінде 55 мың ауыл кәсіпкеріне нақты қолдау көрсетіледі. Сауда инфрақұрылымының заманауи форматтарын құру мақсатында көп форматты сауда объектілері 6-дан 132-ге дейін ұлғайтылады. Жекешелендіруді дамытуға бағытталған шаралар мемлекеттің экономикадағы үлесін 14 пайызға дейін қысқартуды көздейді. Қабылданған шаралар шағын және орта кәсіпкерліктің ішкі жалпы өнімдегі үлесін 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
– «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасында қандай салаларға басымдық берілмек?
– Бұл жоба базалық қызметтерге тең қолжетімділікті және еліміздің көліктік байланысын қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ өңірлер арасындағы қатынасты және өңірлер ішіндегі елді мекендердің бір-бірімен байланысын реттейді. Оны іске асыру үшін 4 міндет, 20 көрсеткіш және 94 іс-шара көзделген. Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі шамамен 7,6 трлн теңгеге тең. Оның ішінде республикалық бюджеттен 4 трлн теңге, жергілікті бюджеттерден 786 млрд теңге қарастырылған. Бұған қоса шамамен 2,8 трлн теңге бюджеттен тыс және жеке инвестиция тарту керек.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының негізгі шаралары маңызды міндеттерге арналған. Мәселен, жоба аясында тұрғын үй құрылысына 13,5 трлн теңге инвестиция тартылмақ. 16 мың шақырым сумен жабдықтау және су бұру желілері салынады. Екінші – жолдарды салу және «Достық-Мойынты» учаскесін электрлендіру есебінен Қытай-Еуропа-Қытай қатынасының өткізу қабілетін 5 есе ұлғайту жоспарлануда. «Түркістан-Шымкент-Ташкент» жоғары жылдамдықты магистралінің құрылысы қамтамасыз етіледі.
Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде қалалар мен ауылдар толықтай сумен жабдықтау және су бұру қызметтеріне қосылады. 2025 жылдың соңына дейін даму әлеуеті бар 3 561 ауылды жаңғырту жоспарлануда. Сондай-ақ 103 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Республикалық автожолдардың барлығын және жергілікті деңгейдегі автожолдардың 95 пайызын «жақсы» деген жағдайға жеткізу көзделіп отыр. Автомобиль жолдарының сапасын арттыру транзиттік жүк көлемін 2025 жылға қарай 30 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
– Сонда үш жобаның экономикадағы жалпы әсері қандай болмақ?
– Біз атап өткен үш жоба тұрақты экономикалық өсуді 5 пайыз деңгейінде қамтамасыз етуге, халықтың табысын 27 пайызға арттыруға және 450 мың тұрақты жұмыс орнын құруға жол ашады. Сонымен қатар Дүниежүзілік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілік рейтингінде инфрақұрылым сапасы бойынша Қазақстанның позициясын 40-орынға дейін жақсарту көзделуде. Біз орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ұлттық жобалар шеңберіндегі іс-шаралардың уақтылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етеміз.