Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысы өтті, деп жазады Egemen.kz.
Отырыста 2022 жылы тойланатын мерейтойды халықаралық деңгейде, ЮНЕСКО аясында атап өту және дайындық іс-шараларын ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Комиссия төрағасы Қырымбек Көшербаев Алаш ардақтысы, реформатор ғалымның елді ағарту жұмыстарындағы рөлі, тіл мен әдебиет ғылымдарының негізін салудағы зор еңбегіне тоқталды. Ахмет Байтұрсынұлы ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бірі, халқымыздың бейбіт те берекелі өмір сүруі үшін аянбай еңбек еткен, сол жолда басын бәйгеге тігіп, «тар жол, тайғақ кешуден» өткен тұғырлы қайраткер екенін айтты. Сонымен қатар Алаш баласының сауатын ашып, елімізді өркениетті мемлекеттердің қатарына қосуды мақсат тұтқанын, «Жұрт ұқпаса, ұқпасын жабықпаймын. Ел – бүгіншіл, Менікі – ертең үшін» деген Ахмет Байтұрсынұлы болашақ ұрпақ үшін қызмет еткенін атап өтті.
«Ахмет Байтұрсынұлы – ұлттық дамудың талай жыл тот басып қараусыз қалған тегершігін айналдырып, үздіксіз қозғалысқа қосып берген ертегінің ерлеріндей ерен тұлға. Туған халқының рухани жаңғыруын тап ондай біліп, сол жолда қалтқысыз қызмет етіп, мәңгі ескірмейтін мол мұра қосқан қайраткер қазақ даласында кемде кем», деді Қырымбек Елеуұлы.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық жоспар жобасын таныстырды. Аталған жоспарда Ахмет Байтұрсынұлының қызметін жан-жақты танытуға бағытталған халықаралық, республикалық және аймақтық іс-шаралар қамтылған.
Отырыста ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, ҚР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов баяндама жасады.
Ұлт ұстазының мерейтойын атап өту барысында еліміздің оқу орындарында ғылыми-практикалық конференциялар, оқулар, т.б іс-шаралар ұйымдастырылады. ТҮРКСОЙ ұйымы мүшелерінің қатысуымен халықаралық Түркологиялық конгресс өткізу жоспарланған. Алаш қайраткерінің шығармашылығы бойынша білім беру орындарында ашық сабақтар, тақырыптық конкурстар өткізіледі.
Сонымен қатар ұлт ұстазының таңдамалы еңбектерін орыс, ағылшын және түрік тілдеріне аудару, ғылыми еңбектерінің толық жинағының 12 томдығын баспадан шығару, Ахмет Байтұрсынұлының және «Алаш» қозғалысының басқа да қайраткерлерінің еңбектерін шетелдердің архивтерінен іздестіріп, ғылыми айналымға енгізу бойынша зерттеу жұмыстары жүргізіледі.
Ахмет Байтұрсынұлының өмірі туралы көркем фильм түсіру, музей-үйіне ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізу де жоспарға енді.
Ұлы тұлғаның 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО аясында атап өту мәселесі биылғы қараша айында өтетін аталған ұйымның Бас конференциясында қаралу жоспарлануда.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша Қырымбек Көшербаев Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойын жоғары ұйымдастырушылық деңгейде дайындау және өткізу бойынша мемлекеттік органдарға тиісті тапсырмалар берді.