Қазіргі уақытта қазақ тілі ғылым мен білімнің тіліне айналып келеді. Күннен күнге мәртебесі артпаса кеміген емес. Әрине, заман ағымына қарай өзге тілдерді де білген абзал. Әйтсе де, ана тіліміздің абыройына нұқсан келтіріп алмайық.
Тамыры тереңде жатқан қазақ елінің тіл мәдениетін дамытуға, оны дәріптеуге, құрметтеуге деген көзқарасы күн өткен сайын артуда. Бұған дәлел – қоғамымыздағы мемлекеттік тілге деген сұраныстың біртіндеп өсіп келе жатқаны. Ана тіліміз мемлекеттік тіл деңгейіне көтеріліп қана қоймай, мемлекет пен қоғамды ұйымдастырушы, біріктіруші күштердің біріне айналды.
Тәуелсіздікке қол жеткізгелі қазақ тілі – мәдени, ғылыми, публицистика, ресми іс-қағаздар тілі болып саналады. Сондай-ақ мемлекетімізді өркендетуге себепші болатын қуатты күш, халқымыздың мәдени дәрежесін көтеруші пәрменді құрал.
Туған тілінің тағдыры үшін тартысқа түспеген ұлт жоқ, себебі тіл – ұлттың жаны, бойындағы рухы. Сондықтан әрбір азамат ана тілін жетімсіретпей, босағадан төрге, төменнен биікке көтеруге тиіс. Ұрпақтан ұрпаққа, атадан балаға жеткен баға жетпес мұраны қастерлеуіміз қажет.
Жалпы, ұлт үшін тілінен қымбат нәрсе болмауға тиісті. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады. Қазақ халқының тіршілігінің тірегі болған қазақ тілі, талай ғасырларды басынан кешірді, тарих тезіне де төтеп берді. Ата-бабамыз аттың жалында, атанның қомында жүріп қорғап, шұрайлы да көрікті, өткір қалпында кейінгі ұрпағына аманат ете білді.
Атадан балаға мұра болып келе жатқан ана тілімізді сақтап, келер ұрпаққа жеткізу бағытында мемлекеттік ұжымдарда, мекемелерде тілдің заңды мәртебесін көтеруіміз қажет. Жастардың әдебиетін, мәдениетін насихаттау, оқып-үйренуге деген ықыласын арттыру бағытында жұмыстар алға қойылуы шарт. Сол кезде ғана туған тіліміз Мәңгілік елмен бірге мәңгілік өмір сүрері анық.
Қанатбек ДОСЫМБЕК,
№8 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі
Алматы облысы,
Текелі қаласы